Әрбір үшінші тұрғыны жастардан тұратын қаладағы жастардың саны 700 мыңға жуықтайды. Оңтүстік астананың 39 жоғары оқу орны мен 80 колледжінде білім алып жатқан жастардың саны – 233 мың.
Алматыда Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен «Tuńǵyshtar kezeńi» жастар форумында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жастарға қатысты мәліметтермен бөлісіп, кемел елдің болашағы жастардың күш-жігері мен біліміне тікелей байланысты деп атап өтті. Қала әкімдігі жастарды қолдау мен тың жобаларды дамытуға айрықша көңіл бөле отырып, қолжетімді әрі сапалы білім алуға, жұмыспен орналастырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуге тұрақты назар аударып келеді.
Көптің қолдауына ие болған «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы одан әрі жалғасатын болады. 2020 жылы жұмыс жасайтын жастар қосымша 1000 пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Ал қазіргі кезде 249 жалдамалы пәтердің кілті тапсырылған.
Форум барысында Жастар жылының қорытындыланып, жастар ұйымдарының әлеуметтік жобалары таныстырылды.
Қалада жастарды еңбекпен қамту да ойдағыдай жүзеге асып келеді. Мысалы, жыл басынан бері қарай 29 жасқа дейінгі 14 966 жас жұмысқа (12019 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 1140 адам жастар практикасына тартылса, 450 адам әлеуметтік, ал 1357 адам қоғамдық жұмыстарды атқаруда) орналасса, 664 адам қысқа мерзімді курстарда білімін жетілдірген.
Алматы қаласының «Бастау бизнес» бағдарламасының «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша бірінші, екінші және үшінші кезектерде NEET санатындағы 18-ден 29 жасқа дейінгі жастар білімдерін жетілдірді. Жоба қаланың сегіз ауданын түгел қамтыды, сабақтар 34 оқу сыныптарында өтті. Бұл жоба аясында жастар кәсіпкерліктің негіздерін үйренсе, жарты миллион теңге көлемінде (200АЕК) берілген грант жеке кәсіптерін ашуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жобаға қатысқандарға 16 759 теңге көлемінде стипендия төленді.
Алматы колледждерінде алғашқы жұмысшы мамандығын алуға барлық жағдайлар жасалған. Ол үшін қала колледждерінде жұмысшы мамандығын тегін оқыту үшін жыл сайын 11 мыңнан астам орын бөлінеді. Жұмысшы мамандығы бойынша оқитын студенттерге ыстық тағам, стипендия беріледі.
Алматы жастары мен волонтерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында жастармен кездесу кезінде волонтерлер туралы айтқан бастамасына қолдау білдірді. Осыған орай, Алматы қаласында негізгі бағыттар бойынша «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» ұйымдары жұмыс істеп келеді.
Форум барысында әр салада жұмыс жасайтын белсенді жастар марапатталды. Олардың арасында жас кәсіпкерлер, ғалымдар, режиссерлар, әртістер, суретшілер, жоо-ның оқытушылары, жастар қозғалыстарының көшбасшылары бар.