Баспана басты игіліктің бірі. Ел тұрғындарының жеке баспанаға қол жеткізуіне қомақты үлес қосып жүрген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі азаматтар үшін барынша тиімді ұсыныстар әзірлеуде. Биыл алпауыт ұйымның салымшылары рекордтық нәтиже көрсетіп, депозиттерде жалпы сомасы 771,2 млрд теңге көлемінде қаражат жинаған.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі несие мөлшерлемесінің тиімділігіне байланысты, ондағы жинақтау шоттарына деген сұраныс күнбе-күн артып келеді. Банк клиенттері тұрғын үйдің бастапқы жарнасына қажетті қаражатты жинақтай отырып, болашақ баспаналарын жылдық 2-8,5% мөлшерлемемен несиеге алу мүмкіндігіне ие. Биылдың өзінде осы мүмкіндікті 48 414 қазақстандық отбасы тиімді пайдаланған. Ресми мәлімет бойынша, күн сайын банктің көмегімен кемінде 160 салымшы қоныс тойын атап өтуде. Бұл туралы Алматыда өткен қорытынды баспасөз мәслихатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
Банк басшысының айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиелік портфелі 1 триллион теңгені құрайды. Бұған қоса, салымшылар депозиттеріне тұрақты түрде қаражат жинақтауда. Бұған өз кезегінде төменгі деңгейдегі, яғни 0,18%-ға тең NPL дәлел (90 күннен асқан мерзімі өткен займдар). 8%-дық орташа банктік деңгеймен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өнімдері қолжетімді болғандықтан, сондай-ақ халықтың банкке деген үлкен сенімділігінің нәтижесінде осы өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Біз алға қойған мақсаттарымызды толықтай орындап шықтық деп санаймыз. Дәлірек айтсақ, ағымдағы жылы аса маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі – табысы төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасын дайындап, іске қостық. Қазіргі сәтте 4 053 отбасы қоныс тойын атап өтті. Бұдан бөлек тағы 736 отбасы жіберген өтінімдері бойынша оң шешім алып, қазір өздеріне лайықты үйлерді іздестіру үстінде. Яғни, енді мыңдаған балдырған бақытты балалық шағын жалдамалы пәтерде емес, өз үйлерінде өткізетін болады, – дейді Ләззат Ибрагимова.
Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптарына сәйкес келмеген отбасылар «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Әрбір алтыншы несиені банк осы бағдарлама шеңберінде берген. Жалпы аталған бағыт бойынша 2019 жылы сегіз мың отбасы баспаналы болып, оларға пәтер кілті табысталған.
Мұнымен қоса, банк 2019 жылы «Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасының жаңартылған шарттары бойынша әскери қызметкерлерге арнап 3 811 займ берген. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өз жобасы. Оған бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбеген. Банк шамамен 100 млрд теңге көлемінде өзінің жеке және нарықтан түскен қаражатын пайдаланып, екі жылдың ішінде 6 592 әскери қызметкерге баспаналы болу бақытын сыйлаған.
Қазіргі кезде банкте болашақ баспаналары үшін 1,5 млн отандасымыз қаражат жинақтау үстінде. Олардың 384 242-і биыл ашылған депозиттер. Бүгінгі таңда салымшылардың баспаналы болуына мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткен жөн. Жыл сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына 20% көлемінде берілетін сыйлықақы тиынын тірнектеп жинағандар үшін аса тиімді. Аталған сыйлықақы 200 айлық есептік көрсеткіштен (505 000 теңге) аспайтын сомаға төленеді. Осылайша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекет сыйлықақысы 101 000 теңгені құраған.
Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларына сапалы қызмет көрсету мақсатында бизнес-процестерді оңтайландыру үшін үздіксіз жұмыс істеп, 2023 жылға қарай олардың 70%-ын онлайн-режімде ұсынуға барынша жағдай жасауда. Осы орайда, биыл енгізілген жаңа жобалардың бірі – алдын ала банктік біліктілікті іске қосу және банк кеңесшілері арқылы қашықтықтан несиелік өтінімдерді қабылдау.
Енді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне несие бойынша өз мүмкіндіктерін алдын-ала бағалау үшін банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Олар өзіне ыңғайлы уақытта кез келген жерге банк кеңесшісін шақыртуына болады. Арнаулы мамандар қашықтықтан депозит ашумен қатар, салымшының төлем қабілеттілігін шамалап есептеп, алдын ала мақұлданған несие сомасы көрсетілген арнайы сертификат табыстай алады.
Бұл сертификат 3 айға дейін жарамды. Осы уақыт ішінде салымшы өз мүмкіндіктерін біле отырып, өзіне лайықты баспананы іздеп, қарыз алу үшін банкке хабарласуына болады. Аталған жоба клиенттердің банк бөлімшесіне баруын екі есеге қысқартуға мүмкіндік бермек.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тағы бір жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл «Тұрғын үй құрылысын қаржыландыруда гендерлік теңдікті қолдау жөніндегі жоба» немесе «әйелдер ипотекасы» деп аталады. Жобаны Азия даму банкі 38 миллиард теңге көлемінде қаржыландырады. Қазір елімізде 9,1 миллион әйел тұрады. Оның ішінде 4,4 миллионы жұмыс істейді, олардың жартысы өз отбасыларын дербес қамтамасыз етеді. Бұл ретте әйелдер орташа есеппен ер адамға қарағанда үштен бір бөлікке аз жалақы алады. Табыс деңгейінің төмендігі нәзікжандылардың үй сатып алу үшін қолжетімді несие алуы ер адамдарға қарағанда қиын екенін көрсетеді. Сол себепті біз осы жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова.
Аталған бағдарламаның нақты қай кезде басталатындығы туралы ақпаратты банк салымшыларына қосымша хабарлайтын болады.