Бұл туралы Маңғыстау облыстық «Қоғамдық Коммуникация Орталығында» өткен брифингте айтылды.
Маңғыстаулық өнерпаздар Европаны аралап, қазақтың ұлттық өнерін насихаттады. «Ақжарма» фольклорлы ансамблі мен «Жорға» халықтық би ансамблдері Венгрия, Хорватия, Босния және Сербия мемлекеттерінде 6 бірдей концерт қойды.
Алғашқы ән кеші Будапештте өтті. Маңғыстаулық өнер ұжымдары концертті «Сыңсу» биімен ашып, Қыз ұзатыларда айтылатын қазақтың дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар, «Шолпы», «Хорезм» билері сахналанды.
Еуропа төрінде Құрманғазының «Балбырауыны» мен «Адайы» күмбірледі. Төрт мемлекеттің өнер сүйер қауымы Мұрат Өскімбаев атындағы облыстық филармония ұжымының өнеріне жоғары бағасын берді, деді «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Бауыржан Көбенғалиев.
Барлық концерттер аншлагпен өткен.
-Бұл жоба халықаралық деңгейдегі жоба. Өйткені мұны ұйымдастырушы түркі мәдениетін дәріптейтін, түркі тілдес мемлекеттерінің бәрінің жиынтығы, жинастыратын «Түріксой» халықаралық ұйымының жобасы болатын. Биылғы жылы бұл жобаға Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және Қырғызстанның әртістері қатысты. Біз Маңғыстау облысы Қазақстанның атынан қатыстық, деді «Жорға» би ансамблінің жетекшісі, Мәдениет қайраткері Серік Сариев.