Шағын өнеркәсіп – үлкен мүмкіндіктердің баспалдағы, істің орайын тауып ұйымдастыра алғанның тасын өрге домалатып, несібесін арттырады.
Елімізде өзінің хал-қадеріне қарай кәсіп ашуға ұмтылушылар саны артып келеді. Соның бірі Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Құрық ауылында тұсауын кесті. «Аishah_ shoes» аяқ киім өндіру шеберханасының ашылуы – шағын ауылдағы айтулы жаңалық болды. Игі шараға Қарақия аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әлия Жұмабайқызы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Аманат Махмұтов пен тұрғындар қатысты.
Айнұр Тоқбаева «Ersai» компаниясының «Орталық Азияның Еуразия қоры» жобасынан 1 млн 300 мың теңге грант ұтып алған болатын. Жаңа істі туыстарымен бірігіп қолға алып, отбасылық кәсіпке айналдырды. Өңір тұрғындарының қызығушылығын тудырған отандық өнімнің аясы кеңейіп, Шайыр ауылынан да ашылды. Қазір шеберхана ер адамдарға арналған қыстық аяқ киімдер топтамасын тігіп, тұтынушыларға ұсынып отыр. Жалпы мұнда аяқ киімнің 10 түрі тігіледі. Айына 50 шақты аяқ киім дайындауға қауқарлы.
– Аяқ киімдер сиыр терісінен, ішкі жағы қойдың жүнінен тігілген. Аяқты терлетпейді, ыңғайлы әрі сапалы. Тапсырыстар қабылданып жатыр. Шикізаттар Шымкент қаласынан, Түркия мен Өзбекстаннан да тасымалдануда, – дейді Айнұр Тоқбаева.
Аяқ киімдер бағасы нарықтан әлдеқайда төмен, көпшілікке қолжетімді. Мәселен қысқы етіктер 22 мың теңге болса, кроссовкалар 18 мың теңгені құрайды. Шеберхана үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпті ашу үшін отбасы мүшелері Нұр-Сұлтаннан аяқ киім тігу әдісін арнайы үйреніп келген. Кәсіптің қыр-сырын білетін мамандар қажеттігі аңғарылады. Бизнес аяқтан нық тұрып, екпінді айналым алып кетсе, әйелдер аяқ киімін тігіп шығару да жоспарда бар екен.
– Мұндай кәсіп түрі ауданда бұрын болған емес. Ерекше бизнес жобаға қайтарымсыз қаражат берілді. Өнеркәсіп саласының дамуы отандық өнімнің серпілісіне үлес қосады, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Аманат Махмұтов.
Аяқ киім – халыққа қажетті өнім. Иісі де, бағасы да «бұрқырап тұрған» шетелдік өнімдерге ұрынбай, яғни «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаған» жақсы-ау. Отандық кәсіпорындар аяқтан нық тұрып, сапалы өнімдермен өз сөрелерімізді сықа толтырса дейсің!
Маңғыстау облысы