Шала туылған балаларға күлкі мен қуаныш сыйлаған күн көптің есінде қалары сөзсіз. Ал жүкті әйелдер, сонымен бірге шала туылған балалардың аналары неонатологтар және гинекологтармен кездесіп, өздерінің алғысын жеткізді. Аяз ата мен ақшақар балаларға тәттілер таратып, өнерлеріне тәнті болды. Кезінде айы-күні жетпей туылып, небір қиындықты артта қалдырған балдырғандар мен ата-аналар шат-шадыман күйге бөленіп, тіпті қуаныштан көзіне жас алғандар болды, деп хабарлады Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысы перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаеваның айтуынша, шала туылған балалардың аналары мен дәрігерлердің кездесуі дәстүрге айналған. Акушер-гинекологтар және неонатологтар жас аналармен кездесіп, емен-жарқын сөйлесіп, өткен күндерді еске түсіріп қана қоймай, қажетті дәрігерлік кеңес беруге уақыт тапты. Ақ халатты абзал жандардың кәсібилігі, ұқыптылығы және әдептілігінің арқасында жүкті әйелдерді босандыру кезінде қандай қиындық болмасын, талай тығырықтан шығудың жолдары табылды.
-Бүгінде шала туылған балалар мәселесі ортақ проблемаға айналды. Осындай күрделі мәселеге тек аналар немесе дәрігерлер ғана емес, жалпы қоғам назар аударуы тиіс. Ал бүгінгі кездесу туралы айтатын болсақ, біздің перинаталдық орталықта дүниеге келген кішкентай тұрғындарымыздың басын қосып, мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Олардың қалай өсіп жатқандығы және тәтті қылықтарын өз көзімізбен көрсек деген оймен ұйымдастырған болатынбыз. Балалардың күлкісіне қарап, балдай тәтті әңгімелерін тыңдап бір қуанып қалдық. Жалпы орталыққа әйелдер түрлі патологиямен түсіп жатады және барлығы да босану процесі қалай болар екен деп алаңдайды. Біз, олардың әрқайсысымен сөйлесіп қолдау көрсетуге тырысамыз және үміт үзбеу керектігін үнемі естеріне салып отырамыз. Өмірге келген әрбір сәби ең алдымен дені сау және бақытты болуы тиіс, дейді Жамал Әбдібекқызы.
Шарада үш жұп егіздер де болғандығын айта кеткен жөн. Барлық балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Бүгінгі шараға қатысқандардың ішінде кезінде 600 грамм салмақпен өмірге келген Риза есімді кішкентай сұлу болды. Жақында ол 3 жасқа толады. Әжесі Қансұлу Балсеитовамен бірге еріп келген ол, бүгінде Түпқараған ауданы Сайын-Шапағатов ауылында ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Ал әжесі болса «Алтын алқа» иегері, 8 ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген. Ал немерелерінің санын айтқанды жөн көрмеді. Қазіргі таңда Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында тұрады.
-Әрине, ең алдымен барлығы Алланың қалауымен болады және содан кейінгі үмітіміз дәрігерлерде. Бүгінгі шараға мен екі немеремді алып келдім. Екінші немерем де шала туылған. Оның салмағы 1 келі 700 грамм болатын. Алғашында уайымдағаным рас, себебі салмағы тым аз болғандықтан түрлі ой келді. Қазір барлығы жақсы, шүкір деймін. Барлығы осы перинаталдық орталықтағы жұмыс жасап жатқан дәрігерлердің арқасы деп білемін. Бүгінгі басқосу көпке дейін есте қалары сөзсіз. Балалар ән салып, би билеп, көңілдері көтеріңкі екендігін сырттай қарап өзімізде қуанып жүрміз. Бұдан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын, барлығы үшін мың алғыс, дейді ол көзіне жас алып.
Өз кезегінде Жамал Әбдібекққызы барлық жиналған қонақтар мен ұжымын келе жатқан Жаңа 2020 жылмен құттықтап, мықты денсаулық, отбасылық бақыт, ұзақ ғұмыр, әрбір шаңырақта дені сау ұрпақ келе беруін тіледі. Сондай-ақ дүниежүзілік шала нәрестелер күніне орай денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерге алғыс жариялады және «Алақандағы өмір» жазуы бар естелік кәдесый табыстады.
Ал, аналар болса мерзімінен бұрын туылған балаларға қамқорлық білдіріп келе жатқан облыстық перинаталдық орталығының ұжымына алғыс айтып, шалабайлардың өмірін сақтап қалу ісінде медицинада технологиялар жаңарып, дәрігерлердің біліктілігі одан сайын арта беруіне тілектестігін жеткізді.