Соңғы кездері мессенджерлер арқылы Парламенттің қарауында жатқан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасына қарсы петицияға қол қоюға шақырған мәлімдемелер жиі тарай бастады. Өйткені кодекс жобасындағы бірқатар мәселе көпшілікті алаңдатып отырса керек. Жұртшылықты алаңдатқан мәселелердің бірі – ағза донорлығы болып тұр. Түрлі қауесет те, әлеуметтік желілердегі айқай-шу да осы мәселе төңірегінен шықты.
Даулы баптар
Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының 24-тарауы «Донорлық және транспланттау» деп аталады. Бұл тарауда «қан және оның компоненттерінің донорлығы», «Ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау», «Адамның ағзаларын және тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), қан және оның компоненттерін, адамның жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету» деп аталатын үш тарау бар. Әңгіменің бәрі де осы тараулардан шығып отыр. Whatsapp мессенджері арқылы тараған үндеуде осы мәселе көтерілген. Бұқара адам ағзасын рұқсатсыз алуға һәм шетелге әкетуге қарсы шығып отырған жайы бар. Алайда біздің елде адам ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу 2009 жылы енгізілген.
Яғни, адам көзі тірісінде донорлықтан бас тартпаса, оның дене мүшелерін өзге адамның өмірін арашалап қалу үшін пайдалануға елімізде рұқсат етілген. Мұны әдетте «презумпция келісімі» дейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз мәслихатының бірінде бұл жайды айтқан еді. «Біздің елдің мәдени ерекшелігіне сай, донорлықтың аздығына байланысты проблема бар. Дәрігерлер трансплантацияны жүргізуге қорқады, өйткені туған-туыстары бұған қарсы. Тіпті дәрігерлерді сотпен қудалау жағдайы да тіркелген. Заң бойынша, тірі кезінде адам ағзасын донорлыққа беруден бас тартпаса, көптеген елдегі тәжірибеге сай, оның донорлыққа келісім бергенін білдіреді. Десе де, халық ішінде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін ұғып отырмыз», деген еді.
Ал Кодекс жобасында қайтыс болған адамдардың дене мүшелерін донорлық үшін пайдалану мәселелері қарастырылған. Алайда, whatsapp арқылы тараған ақпараттарда Кодекс жобасындағы баптарды қате түсіну кездесіп қалады. Мәселен мессенджерлерде «215 баптың 8 тармағында туыстарыңыздың сіз өмірден өткен соң дене мүшелеріңізді донорлыққа алуына кедергі келтіру мүмкіндігін жою қарастырылған. Өйткені адам келісімін тірі кезінде беру керек» деген мағынадағы мәтін тарады. Ал Кодекс жобасында «Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның ағзаларын (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерін (тіннің бөліктерін) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алуға жол берілмейді» делінген. Яғни, бәрібір қайтыс болған адамның туыстарының сөзі шешуші рөл ойнамақ. Демек қайтыс болған адамдардың ағзасын донорлыққа пайдалану мәселесіне қатысты тарап жатқан ақпараттарда шындықтан гөрі қауесет басым.
Екінші қауесет Кодексте қазақстандықтардың ағзасын шетелге әкетуге қатысты тарап отыр. Whatsapp-та «Сіздер білесіздер ме, енді ҚР-дың қайтыс болған азаматтарының ағзаларын трансплантация кезегін күтіп отырған шетелдіктер үшін алып кету мүмкіндігі туады. Жобаның 222 бабы, 2 тарамағы, 1 бөлімі» деген ақпарат тарады. Ал Кодекс жобасының тура сол тұсында «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына, сондай-ақ шетелде тұратын және транспланттауды күтіп жүрген реципиенттерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде» ағзаны шетелге алып кетуге болатыны көрсетілген. Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің бірқатар масс-медиаға берген түсініктемесінде «Қайтыс болған азаматтардың ағзалары мен тіндерін шетелге әкету (222 бап, 2 тармақ, 1 бөлім) мәселесіне келсек, Кодекс жобасында қайтыс болған азаматтардың ағзаларын тек қана қазақстандық азаматқа салу қарастырылған» делінген. Министр де әлеуметтік желілерде тура осылай деп жазды. Министрліктің бұл ұстанымын «Өмір сыйы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сандуғаш Орынбаева да қолдайды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі аккаунтында «Қазақстанда қайтыс болған адамның ағзалары ешқашан шетелдікке салынған емес, әрі алдағы уақытта да салынбайды. Трансплантацияға көптеген адам қатысады: ағзаны алуға рұқсат берілген ҚР-дағы стационарлар, трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы, аймақтардағы үйлестірушілер, трансплантация орталықтары, қан орталықтары, лицензиясы бар көптеген емханалар, санавиация, қысқасы мұның барлығы қайтыс болған адам ағзасы донорлығы арқылы қазақстандықтарды құтқару мақсатында қызмет етеді. Қайтыс болған 1 донор азамат өлім мен өмір шекарасында тұрған 5-6 қазақстандықты құтқаруы мүмкін» деп жазды. Сонымен қатар ол «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы бойынша өткен қоғамдық тыңдауда да өз ұстанымын айтты. «Whatsapp арқылы тарап жатқан мәліметтердің барлығы хайптан басқа ештеңе емес. Адамдар мәселенің мәнін түсінбестен, онда не айтылғанына назар аудармастан whatsapp-та тарап жатқан мәлімдемелерді қолдап, петиция жазып жатыр. Қазір елімізде 3128 пациент ағза трансплантациясын күтіп отыр. Бұл олардың жалғыз үміті», деді Сандуғаш Орынбаева.
«Естігенімді айтайын ба, көргенімді ме?»
Даулы Кодекске қатысты қауесетті таратушылар құжатты оқымағаны байқалып тұрады. Айталық, жобаның 170 бабында биологиялық өлімді анықтау мәселесі бар. Онда дәрігерлер адамның миы мүлдем жұмысын тоқтатса және өзге де өлім белгілері байқалса биологиялық өлімді тіркейтіні көрсетілген. Алайда, адам миы өлгенімен кейде өзге органдар арнайы құрылғылардың көмегімен жұмыс істеп тұруы мүмкін екенін ешкім жоққа шығармайды. Мұндайда адам тірі сияқты көрінгенімен, қайтадан қатарға қосылуы мүмкін емес. Бұл туыстары үшін үміт ұялататын жағдай. Осындай сәтте адамның тіршілігін қолдау үшін арнайы аппараттар қосылатыны бар. Кодекстің аталған бабында адам ағзаларының тіршілігін қолдау жөніндегі жасанды шараларды тоқтату немесе жалғастыру жағдайлары қарастырылған. Осы баптың 4 тармағында «ағзалардың функцияларына дем беру бойынша жасанды шаралар алдымен транспланттау мақсатында мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) алу туралы шешім қабылданған жағдайда, содан соң жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің қаржылық, оның ішінде денеге күтім жасау бойынша шығындарды өтеуге келісуі болған кезде ғана жалғастырылуы мүмкін» екені көрсетілген. Алайда, дәрігерлер адамның миы семіп, енді өмір сүруге жарамайтынын айтса да әлгі құрылғылардан ажырату үшін бәрібір туыстарының келісімі керек. Кодексте солай көрсетілген. Ағзаның тіршілігін жалғастыру үшін пайдаланатын аппараттар трансплантология үшін біраз уақытқа дейін қосулы болған жағдайда шығынын мемлекет көтереді. Ал туыстарының өтінішімен қосулы тұрса шығынын олар өздері өтеуі керек. Көпшілік осы баптағы түрлі аппараттарды қосу, қоспау мәселесінің донорлыққа қатысты болуына байланысты қилы күмән айтып жүр. «Комада жатқан адамды өлді дейді де, дене мүшелерін алғанша аппарат қосып қояды» деген қауесет осы баптан шықты. Одан бөлек 172 баптың да «сыйы» бар екен. «Анатомиялық сый» деп аталатын бапта адамның көзі тірісінде дене мүшелерін өзі өмірден өткен соң донорлыққа беру жайлы өсиет қалдыруын «анатомиялық сый» деп көрсеткен. Бірақ осы баптың 3 тармағында «Өсиет етілген ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) және (немесе) тіндерден (тіндердің бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап он күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады» деген уәжге қарсы шығушылар бар. Өйткені мессенджерлерде қайтыс болған адам мәйітханада 10 күн жатса, оны әрі қарай «анатомиялық сый» ретінде дәрігерлер оқу орындарына, донорлыққа жібереді деген қауесет тараған. Алайда, адам ағзасын донорлыққа пайдаланудың өзіндік шарттары бар. Мәйітханаға апарылған дене донорлыққа жарамайды. Ал мәйітті зерттеу жұмыстары үшін пайдалану мәселесіне келсек, «мәйіт мәйітханада тек 10 күн сақталады» деген қауесет шыққан. Медицина мекемелері кім екені белгісіз мәйіттерді 45 күн сақтауға міндетті. Осы мерзім ішінде туыстары мәйітті тануы да мүмкін. Жұрттың «10 күн ғана сақталады» деп жүргені өзге мәселе. Онда мәйітті биологиялық-медициналық зерттеулер жүргізуге ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуға беру мәселесі сот-медициналық сараптамадан кейін 10 күн өткен соң ғана қарастырылуы тиіс екені ескерілген. Даудың басы осы ғана. Ал іс жүзінде осы күнге дейін елімізде ешбір адам өз денесін медицинаның игілігі үшін «анатомиялық сый» ретінде бермепті. Бұл деректі Әділет министрлігі сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Асқар Үмбеталиев айтты.
Бұқара неден сескенеді?
Біздің пайымдауымызша, көпшілік трансплантология ісіне сыбайластық араласады деп қауіптенетін тәрізді. Рас, әзірге Қазақстан азаматының ағзасын шетелдіктерге салғаны жайлы дерек жоқ. Алайда, биыл елімізде екі дәрігер заңсыз трансплантология жасағаны жайлы күдікке ілінді. Біреуі белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратов болса, екіншісі Шымкент қаласының №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай болатын. Олар шетел азаматтарының ағзаларын заңсыз ауыстыруға қатысты деп айыпталған. Мәселен Ғ.Құттымұратов күдікті саналған істе өзге қанша адам бар екенін еліміздің құзырлы органдары жариялаған жоқ. Бірақ аталған іске украиналықтардың қатысы бар сыңайлы. Оны Украина ұлттық полициясы төрағасының экс-орынбасары Вячеслав Аброськин әлеуметтік желілерде жариялаған болатын. Ол: «Қазақстанда бірнеше адам тұтқындалды, олардың бірі дәрігер-трансплантолог. Өз бүйректерін сатқан адамдардың 20-сы украиналықтар. Олардың әрқайсысы өз бүйректері үшін 10-15 мың долллар алған, ал бүйректерді сатып алғандардың әрқайсысы 150 мың доллар төлеген. Бұл істің артында адам қасіретінен пайда тауып жүрген халықаралық ұйымдасқан қылмыс тұр», деп жазған еді.
Ал масс-медиа А.Донбайдың израилдіктерге Қырғызстан, Тәжікстан, Украина азаматтарының ағзаларын салып берді деген күдікке ілінгенін жазды. Әзірге тергеу аяқтала қоймағандықтан бұл оқиғалардың бүге-шігесі белгісіз. Алайда, дәрігерлерге қатысты мұндай деректердің шығуы бұқараны алаңдататыны сөзсіз. Бәлкім әлгі whatsapp-тағы петиция осындай ақпараттардың негізінде шығуы мүмкін.
Жалпы, мессенджерлер арқылы тарайтын түрлі деректер қоғам мүшелерін алаңдатып қоятыны жасырын емес. Адам азғаларын сату елімізде ғана емес, жаһандағы барлық мемлекетте тыйым салынған іс. Бірақ мессенджерлер арқылы тарап жатқан деректердің барлығы адам ағзасы саудасымен айналысатын «қара базар бар» деген көзқарасты қалыптастырады. Әрине дәрігерлер бұл пікірлерді барынша жоққа шығарумен келеді. Бірақ қалың бұқараны сендіріп көріңіз.
Түйін
Бір кездері трансплантация арқылы бүйрегін ауыстырған Марат Түсіпов өз басынан өткен жағдайды ешкімге тілемейтінін айтты. «Көп адамдар трансплантология саласының қыр-сырын білмейді. Көбіне айғайға сүрең қосып кетеді. Оның үстіне екі трансплантологтың күдікке ілінуі алаңдатады. Ал іс жүзінде алмастыратын ағзаға мұқтаж адамдар көп. Ақпаратты дұрыс таратпаудың да зардабы мол. Жемқорлықтың да зияны өте көп болып тұр», деді ол.
Жалпы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын қоғам мүшелерінің қызу талқылай бастауының позитивті қыры да бар. Рас, қауесет таратып, елді елеңдетіп қойғандар аз емес, алайда Кодекс жобасына бұқараның назар аударуы халықтың елдегі заң шығарушы, атқарушы биліктің жұмысына көңіл бөле бастағанын байқатады. Яғни, қазақстандықтар өз өмірлеріне қатысты заң жобаларын назардан тыс қалдырмауға дағдыланып келеді. Әйтпесе денсаулыққа қатысты құқықтық-нормативтік актілер бұрын да қабылданған. Ал қазір басқаша. Енді Кодексті талқылаған жұрт денсаулықты күтуге де салғырт қарамаса дейміз.