• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Желтоқсан, 2019

Жұртшылық қуанышы – жаңа көпір

1015 рет
көрсетілді

Өтіп бара жатқан жылдың соңғы күнде­рінде Қазалы ауданында Әлсейіт көпірі қолда­нысқа берілді. Осы­ған орай өт­кен жиын­ға қаза­лы­лықтармен қа­тар көршілес Арал ауданы тұр­ғ­ындары да қатысты. Аудан­­ға арнайы сапарлап барған облыс әкімі Қуа­нышбек Ысқақов жыл тоғы­сындағы жаңа­лық­қа орай жұртшылықты құт­тықтады.

– Халқымыз ежелден-ақ шөл­ге құдық қазған, өзенге көпір салған және жолға ағаш еккен ең үлкен сауапты іс екенін айтады. Диқандықты баба дәстүрі санаған Сыр бойында көпірлер құрылысы өткен ғасырларда да болды. Қараөзек тұсындағы Сау­ранбай көпірі, Жосалы кен­тіндегі Қармақшы өткелі, Қы­зылорда қаласындағы Оспан кө­пірі кешегінің көзіндей тарихи нысандар. Бүгінде біз ата-бабамыздың көпір салу дәстүрін заманауи үлгіде жаңғыртып, дамытып келеміз. Соның бір дәлелі осы көпір. Қуаныштарыңыз құт­­ты болсын, – деді аймақ басшысы.

Қазалы ауданының 7 ауылы мен көр­шілес Арал ауданына қарасты алты ауылда тұратын 20 мыңға жуық тұрғын осы кө­пірді ұзақ жыл күтіпті. Жиында жергілікті тұрғындардың атынан лебіз білдіріп, бата берген Бекарыстан би ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» ор­денінің иегері Қабақ Смағұлов кө­пір мәселесін алғаш рет сонау 1949 жылы ел ақсақалдары кө­тергенін еске алды.

Облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бо­йынша салынған көпірдің жалпы ұзындығы 219 метр, 2 жолақты, ені 12 метр. Көпірдің екі жағынан 1,5 метр жаяу жүргіншілер жо­лы қарастырылған. Жалпы құ­ны 2,7 млрд теңге болатын құры­лыстың бас мердігері «КА-Строй ЛТД» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі. Жаңа көпір­ден­ ал­ғаш рет осы компания көліктері жүріп өтті.

 

Қызылорда