• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2013

Бас хатшымен кездесті

234 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға жұмыс сапарымен келген Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар бірнеше жылдан кейін әлем назарын Астанаға аудартатын ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселесін жан-жақты талқылады. Мәселен, Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысына ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізу мақсатында арнайы құрылған Мемлекеттік комиссияның атқарып жатқан жұмысы жөнінде ақпарат бере келіп, қазақстандық тараптың барлық қажетті деген іс-шаралардың басын қайыратынына сендірді.

Ерлан Ыдырысов бұл көрменің Қазақстанның «жасыл» экономикаға өтуіне айрықша серпін берерліктей бірегей жалпыұлттық жоба екенін, сондықтан, оның осы жаңартылған энергетика саласының инновациялық дамуына таптырмайтын алаңға айналуы қажеттігін, аталған көрменің еліміздің өз егемендігінің 25 жылдық мерейтойын атап өткеннен кейін болатыны да символдық мәнге ие екенін атап өтті.

Екіжақты кездесу барысында Висенте Лоссерталес ЭКСПО жобасының белсенді қатысушысына айналғаны үшін Сыртқы істер министрлігіне алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық көрмені өткізуге дайындығы тиісті деңгейде өткізіліп жатқанына тоқталды. «Қазіргі таңда ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық іс-шаралары Халықаралық көрмелер бюросының барлық талап-нормаларына сәйкес дер кезінде орындалуда», деді ол.

Кездесу соңында тараптар Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізу бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты алдағы уақытта да жалғастыра беретіндеріне мүдделілік танытты. Астанаға жұмыс сапары кезінде В.Лоссерталес, сондай-ақ, ел басшылығымен және «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдерімен де кездеспек.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».