Ұйғыр ауданының Кетпен ауылының тұрғыны қасқырға таланды. Оқиға жаңа жылдың алдында болған.
Кешкі сағат 19.35 шамасында аудандық ауруханаға жыртқыш тырнағынан жараланған адам туралы хабар түскен. Зардап шеккен жас жігітке жедел медициналық көмек көрсетілді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жыртқыш аң елді мекен көшесіне еркін кіріп, көшедегі жүргіншіге оқыстан шапқан. Жерлестерінің жанұшырған даусын естіген адамдар лезде жиналып, қасқырдан арашалап алыпты. Азуылы жыртқыш жас жігіттің қолын тістеп, бет-жүзін тырнап үлгерген. Көмекке ұмтылған адамдар қасқырды ағаш тоқпақпен ұрып өлтіріпті. Тұрғындар аңның өлексесін мал дәрігерлік қызметке тапсырған. Жабайы қасқырдың құтырма ауруына шалдыққаны жайында болжам бар.