• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2013

«Қос бұрым»

709 рет
көрсетілді

Екі елдің ақын қыздары үні

Қилы заманның қырын келген қырсығынан қазақ­тың бүтін жері қақ жарылып, бүтін жұрты екіге айрылып, бір жағы – Қытай, екін­ші жағы – патшалық Ре­сейдің қол астында қалған еді. Содан бері де жылжып жылдар, ғасырлар өте шықты. Өткен өтіп, кеткен кетті. Өкінішіміз ендігі жерде тарих бетінде қалатын шығар. Ең бастысы, қазақ жұрты өзінде қалған жеріне көк Туын тігіп, азаттығын жариялады. Іргелі елге ай­налды. Өзгемен иық тірес­тіріп, сөйлесетін күнге қол жеткізді. Шекарасын ше­­гендеді. Біз бұл ойды «Фолиант» баспасы шығарып, таяуда ғана қо­лы­мызға тиген «Қос бұрым» атты жыр жинағын оқыған соң өрбітіп отырмыз.

Жыр жинағына Қытай мемлекетінде тұрып жатқан қандас қазақ қыздары мен­ Қазақ елінің ақын қыз­дарының өлеңдері топтастырылыпты. Алғы сөзін Фариза Оңғарсынова жазыпты. Бұл дүниені: «Бұл сирек келетін бақыт сезімі, өмірдің тынысы, тіршіліктің мағынасы ...Қазақ елі мен Қытайдағы қазақ ақын қыздарының жыр жинағынан мен сол «сирек келетін бақыт сезімін» және «адам бақытын жасаудағы әрбір істі өнерге айналдыру мүмкіндігі туралы» шерткен сырларын көрдім» дейді. Бұдан кейін: «Қытай еліндегі бауырларымыздың сол жақтағы ұлттық әдебиетіміз саяси дауылдардың астында қалып қоймай, өркендей беруіне қосып жатқан үлесі қомақты дер едім. Бүгінгі Қытай жеріндегі қазақ ақындарының, оның ішінде ақын қыздарымыздың шы­ғармаларынан мен саф алтындай шынайы болмыс­ты көремін. Көремін де соған мың да бір шүкіршілік етемін», деп шындықты алға тартады.

Он үш ақын қыздың жырлары кірген кітапқа көз жүгіртіп отырғанда ала­бағанның ортақ мақсатқа, ұлттық ой-өріске, жан дү­ниенің тебіренісіне ешқандай да тосқауыл бола алмайтынын бірден аңғарасың. Мысалы, киелі Семейдің ақын қызы Маржан Абсалықова мен шекараның арғы бетіндегі тарбағатайлық Амангүл Мұратбекқызының өлең­деріндегі ана мен әке туралы толғаныстары бір арнада тоғысады. Маржан Ершудың «Исатай-Махам­бет» поэмасындағы өршіл рух пен дөрбілжіндік Же­ңіс­нұр Патқолдақызы жырларындағы лирикалық иірімдердегі әдемі халықтық ұштасулар көңіліңе жылылық ұялатады. Танакөз Толқынқызының өзіне тән сан қырлы поэзиясы мен арғы беттегі Нұржанат Нұрлықанқызының инабатты жыр жолдарындағы астасып кететін тұстардан қазақы қалыпты көріп ішің жылиды. Жаны бір, қаны бір қазақ қайда жүрсе де, арудың қос бұрымындай бір болады екен-ау дегізеді. Мұндай жыр жолындағы қазақ қыздарының табысуы алдағы уақытта жалғаса берсе, қарым-қатынас бекіп, жатбауыр болудан құтылып, ұлт руханиятының молаюына жол ашыла берері сөзсіз. Оның үстіне жинақтың бірінші бетіне «Бірінші кітап» деп жазылған екен. Соған қарағанда жыр жинақтары жалғаса беретін секілді. Ләйім солай болса, ұлт руханияты ұтылмас еді. Қазақ қыздарының жырлары екі елдің ортасындағы алтын көпірге айналып, табысу мен танысу жалғаса бермек.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».