• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қаңтар, 2020

Таяу Шығыс ширығып тұр

417 рет
көрсетілді

Таяу Шығыс тағы да дүрлікті. АҚШ әуе күштерінің соққысынан Ирандағы беделді тұлғалардың бірі, генерал Кассем Сулеймани қаза тапты. Өз кезегінде парсылар кек қайтаратынын мәлімдеп, АҚШ-қа сес көрсетіп отыр. Таяу Шығысты дүр сілкіндірген бұл оқиғаның соңы қалай аяқталатынын ешкім дөп басып айта алар емес.

 

Оқиға қалай өрбіді?

К.Сулеймани Бағдадтағы әуе­жайдың маңында ажал құшты. Генерал бастаған бір топ иран­дық әскерилер мінген көлікке бірнеше снаряд тиген. Ша­буылды АҚШ-тың әуе күштері дрон арқылы жүргізіпті. Оқиға сал­дарынан 10 адам қаза тапқан. Олардың арасында К.Сулейма­нидан бөлек Ирактың әскер басыларының бірі Абу Махди әл-Мухандис те бар.

«The Guardian» басылы­мы­ның хабарлауынша, әуе соққы­сын жасауға АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей тапсыр­ма беріпті. «Генерал Сулей­мани Ирактағы және өңірдегі амери­калық дипломаттар мен өкілдерге қастандық жасау жоспарын белсенді әзірлеп келді. Бұл шабуыл Иранның алдағы жоспарына жол бермеуге бағытталған», делінген Пентагонның ресми мәлімдемесінде. Ақ үй әуе соқ­қысын «қорғаныс әрекеті» деп сипаттап, «президенттің тапсырмасымен орындалғанын» айтты.

Оқиғаның бұлай өрбуіне бірнеше жағдай әсер етті. 2019 жылғы 28 желтоқ­санда Киркук маңындағы Ирактың әске­ри базасына зымыран түскен-ді. Жары­лыстан америкалық бір жауынгер қаза тауып, АҚШ пен Ирактың бірнеше сар­базы жа­ра­ланған-ды. АҚШ тарапы оқиғаға Хезболла Катаиб то­бы жауапты деп есептейтінін жет­кізді.

Осылайша 30 желтоқсанда аталған ұйымның Ирак пен Сирия шекарасы маңындағы бес қосынына әуеден соққы жасал­ды. Ал 31 желтоқсанда Бағдад­та­ғы шерушілер Ирактағы АҚШ ел­шілігіне басып кіріп, ғима­рат­ты қиратқан. Сондай-ақ иран­дық­тарды қолдау мақсатында «Аме­рикаға өлім келсін» деп ай­қайлаған.

Осы оқиғаға, яғни елшілікке шабуыл жасалуына байланысты АҚШ Мемлекеттік хатшысы М.Помпео Орталық Азияға және Қазақстанға жоспарланған сапарын кейінге шегерді.

 Кассем Сулеймани кім еді?

К.Сулеймани Ирандағы Али Ха­­ме­неиден кейінгі екін­ші ық­палды тұлға. Ге­нерал К.Су­­леймани Иран әскери іс-қимы­лының негізгі тірегі саналды. Ол стратегиялық маңызды шешімдер қа­былдап отырды. Сонымен қа­тар Си­рияда, Иракта, Ливанда, Йе­менде де ық­пал­ды тұлғаға айнал­ды.

Жоғарыда айтып өткені­міз­­дей, Ва­шинг­­тон генералды қорға­ныс мақса­тын­да өлтір­генін алға тартады. АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысы Майк Пом­пеоның сөзіне қара­ғанда, Ақ үй оқиғаның бұлай өрбуін қаламағанын, алайда адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында әуе соқ­қысын жасаған әрі бәрі заңға сай көрі­неді. Fox News арнасына берген сұх­батында ол: «Біз Иранмен соғысуды қала­маймыз. Алайда америкалықтардың өмірі­не қауіп төнгенде қарап тұра да алмаймыз», деді.

Те­геран мен басқа да қала­ларда мың­да­­ған ирандық кө­шеге шығып, АҚШ әре­­ке­­тіне наразылықтарын білдірді. Осы оқи­­ғалардан кейін мұнай бағасы күрт өсті.

Иранның бас көсемі Али Ха­ме­неи шабуылға жауапты­лар­­дан кек алынатынын мә­­лім­­­деді. Оның сөзіне қарағанда, ге­н­е­ралдың өлімі АҚШ пен Из­­раильге деген қарсы­лық­ты күшей­те түспек.

Иран президенті Хасан Ру­ха­ни да міндетті түрде кек қайта­рылатынын жеткізді. Ал Сыртқы істер министрі Джавад Зариф оқиғаны «мемлекеттік терроризм әрекеті» деп айыптады.

Кей сарапшылардың пайым­дауынша, биыл АҚШ-тағы пре­зиденттік сайлауда Д.Трамп тағы да жеңіске жетуден үмітті. Бірақ кейінгі сауалдама нәтижелері оның танымалдылығы төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Ен­де­ше, осындай қадам арқылы Д.Трамп абыройын сақтап қалу­ды көздеуі мүмкін, дейді.

 Енді не болмақ?

Ва­шингтон тарапы көп­теген америка­лықтың қаны К.Сулмейманидің мойнында деп есептейді. Генералдың террорист, «Әл-Құдстың» террористік ұйым қатарына жатқызылғанын жоғарыда айттық. Сондықтан Ақ үйдің пайымдау­ынша, оның өлтірілуі заңға сай.

Алайда көптеген сарапшылар халықаралық құқық тұрғы­сынан қарағанда АҚШ-тың шабуылы негізсіз деп санайды. Нотр Дам заң университетінің профессоры Мэри Эллен О’Коннеллдің пікірінше, қорғаныс мақсатында қастандықпен кісі өлтіру заңсыз. «Иран генералы Кассем Су­лей­маниді дрон арқылы өлтіру АҚШ-қа жасалған қарулы шабуылдан қорғану емес. Иран еш­қашан АҚШ-тың территориясы­на басып кірген жоқ. Бұл жағ­дай­да АҚШ сотсыз адам өлтіріп қана қоймай, Ирак аумағында заң­сыз шабуыл жасады», дейді ол.

Қалай болғанда да, бұл кейбір сарапшылар айтып жатқандай тағы бір соғысқа сылтау емес. Бір жағынан, Ресей мен Қытай секілді алпауыт мемлекеттер бұл оқиғаға пікір білдіргенмен, бейтарап қалуы ықтимал. Өйткені К.Сулейманидің өлімі Иран, Ирак, АҚШ-қа ғана қатысты. Екін­ші жағынан, оқиға Таяу Шығыс­тың келешегі мен өңірдегі Вашинг­тонның ықпалына әсер ететіні анық. Тіпті бұған дейін басы піспей келген мемлекеттердің ортақ ымыра жасауына жол ашуы да мүмкін.

К.Сулейманидің өлімі бәрінен бұрын Иракқа қиын тиіп тұр. Біріншіден, Иранның бетке ұстар генералы Бағдад маңында қаза тапты. Бұл – халықаралық деңгейдегі жанжал. Екіншіден, Ирак АҚШ-пен де, Иранмен де араздаспауды көздейді. Бұдан бөлек, елдегі америкалық әскери базалар билік­тің тікелей өтініші бо­йынша салынғаны тағы бар. Қысқасы, тышқан жылы Таяу Шығыс үшін тынышсыз өтетін сыңайлы.