• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2013

«...Кебенек киген келеді»

449 рет
көрсетілді

Жер бесігіміздің тыныштығын бұзып, бейбіт адамзатты қызыл қанға бөктірген фашистік Германияның салып кеткен ойраны тарих бетіне қара дақтармен жазылып қалды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, арада қанша уақыт өтсе де, сол бір кезеңнің миллиондаған жүректерді мұздатқан қайғы-қасірет жаңғырығы ұмытылудың орнына зорая түскендей болады. Жуырда жергілікті баспасөзде ұрыста ерлікпен қаза тапқан солтүстікқазақстандық жауынгер Мұқажан Махметовтің медальонын ленинградтық іздеушілер тауып, туыстарын қуантқаны жайлы ақпарат жарияланды. Арадағы 70 жылдан кейін сүйегі табылған боздаққа топырақ туған жерінен бұйырды. Еліміз егемендік алғалы қанқұйлы соғыстың небір ақтаңдақтары ашылып, тың деректермен, ғылыми сараптаулармен толыға түскенін көріп отырмыз. Соның бір мысалы ретінде өзім куә болған төмендегі жайтты газет оқырмандарына жеткізгенді жөн көрдім.

 

 

Үш «Даңқ» орденінің иегері Әбілқайыр Бегәліұлының ерлікке толы өмірінің белгісіз қырлары мен сырлары көп-ақ

Жер бесігіміздің тыныштығын бұзып, бейбіт адамзатты қызыл қанға бөктірген фашистік Германияның салып кеткен ойраны тарих бетіне қара дақтармен жазылып қалды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, арада қанша уақыт өтсе де, сол бір кезеңнің миллиондаған жүректерді мұздатқан қайғы-қасірет жаңғырығы ұмытылудың орнына зорая түскендей болады. Жуырда жергілікті баспасөзде ұрыста ерлікпен қаза тапқан солтүстікқазақстандық жауынгер Мұқажан Махметовтің медальонын ленинградтық іздеушілер тауып, туыстарын қуантқаны жайлы ақпарат жарияланды. Арадағы 70 жылдан кейін сүйегі табылған боздаққа топырақ туған жерінен бұйырды. Еліміз егемендік алғалы қанқұйлы соғыстың небір ақтаңдақтары ашылып, тың деректермен, ғылыми сараптаулармен толыға түскенін көріп отырмыз. Соның бір мысалы ретінде өзім куә болған төмендегі жайтты газет оқырмандарына жеткізгенді жөн көрдім.

Олар 5 ағайынды жігіт болатын. Дүйім елдің тоз-тозын шығарып, әбден діңкелеткен сталиндік қуғын-сүргін бұл әулетті де айналып өтпеді. Үкіметтің қыспағынан құтылмасын білгеннен кейін жат жерде бой тасалауға мәжбүр болды. Осыдан бірер жыл бұрын құдайы көршіміз Назымбек Әйкенов ағамыз бен құдай қосқан қосағы Нұрикамал апайдың бір қуанышына ортақтасқанымда Қарлыкөлден ұшқан бес арыс жайлы көп естідім. Қос зейнеткер Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Қарлыкөл ауылында соғыс және еңбек ардагері Әбілқайыр Бегәліұлының 100 жасқа толуына орай ұйымдастырылған еске алу шарасына қатысып, марқұмның аруағына тағзым етіп қайтыпты. Әкелерінің жанқиярлық батырлығы, көзсіз ерлігі жайлы «Көк­ше­тау», «Бұқпа» газеттерінде жария­ланған мақалаларды оқып көруімді өтінді. Сталинград шайқасы, Курск иіні, Қырым түбегі, Перекоп, Севастополь, Сапунгора, Бахчасарай, Ялта түбіндегі қанды қырғындарды бастан өткеріп, бейбіт өмір құрылысына да белсене араласқан. Біреуі – бірінші, екеуі – үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін жарқыратып кеудеге тағу кез келгеннің пешенесіне бұйырмаса керек. Бір таң­ғаларлығы, «Даңқ» ордендерінің толық иегерлерінің тізіміне енбей қалған.

Назымбек ағай қайын атасының ерлігімен қатар, атағы жер жарған балуан болғанын сипаттап бергенде көз алдыма ірі денелі, қолдары қарулы табиғи қара күштің иесі елестеді. 1970 жылдың жазы болса керек. Бұрынғы Булаев ауданының Тамань ауылында тұрып жатқан мұның үйіне Көкшетау жақтағы Қарлы көлден 15 адам сау ете қалады. 28 жастағы сүрбойдақ Назымбек осы ауылдағы туысына қонаққа келген 18 жастағы үріп ауызға салғандай сымбатты Нұрикамалды қатты ұнатып, сөз байласқан. Қайын атасы Әбілқайырды бірінші рет көруі. Бұрынғының батырларына көп ұқсатқан: кең жауырынды, мойыны мен білектері жуан, саусақтары жұмыр. Оң аяғы тізеден жоғары жоқ болғандықтан, қос балдаққа сүйеніп жүреді екен. Кейін қанша кездессе де табиғатынан тұйық ол соғыс жайлы ашылып сөйлескен емес. Ордендері мен медальдарын жарқыратып таққанын да көрмепті. Тек бір рет шешіліп әңгімелескені есінде.

Бірде жолаушылап бара жатып, жол-жөнекей Айыртау ауданында колхозшылардың үлкен жиын-тойына кезігеді. Қаумалаған қалың жұрттың ортасында бір еңгезердей жігіт қарсыластарын ш етінен жығып, ешкімге дес бермей тұрса керек. «Тағы кім бар менімен күресетін?» деп айғай салады. Ешкімнің жүрегі дауалай қоймайды. Сол кезде шеткерілеу тұрған Әбілқайыр: «Мен бармын», деп атынан түсіп, түйе балуанмен белдесе кетеді. Шалт қимылдап, жамбасқа алып ұрғанда мынадай оқыс көрініске таңғалған ел гу ете қалады. Естерін жиғанша Әбілқайыр көк ала атына міне салып, ғайып болыпты. Тағдырдың жазуымен 40 жылдан кейін екі балуанның жолы тағы тоғысыпты. 1980 жылы Назымбек қайын атасын Қарлыкөлге апарады. Жолшыбай Аралағаш ауылында бөлімше басқармасы болып істейтін Зәйтөн Сәдіров деген туысының үйіне аялдайды. Әңгіме арасында осы ауылда төңірекке аты шыққан түйе балуанның әбден қартайып, бала-шағасымен тұрып жатқанын естиді. Әбекең салып ұрып балуанның үйіне барады. Бір-бірімен құшақтасып амандасып, жастық шақтарын еске түсіреді.

«Әй, Әбілқайыр, сенің бір аяғың қайда?» деген қарияның сұрағына: «Аяғымнан соғыста айырылдым. Осында тұрып жатқаныңызды естіп, арнайы амандасуға келдім», деп ізеттілік танытыпты. Әбден шау тартқан екі балуанның ағалы-інілідей жарасымды достығы сүйсіндірмей қоймайды.

Нұрикамал апамыз – қуғын-сүргін зардаптарын әбден тартқан бай әулетінің тұқымы екен. Аталары Наурызбай Қарлыкөлдің жағасын қоныстанған. Балаларынан мыңғырған ең байы Бегәлінің мал-мүлкі тәркіленіп, өзі айдалып кетіпті. Жасырылған мол дәулеттің бір бөлігін ақшаға, алтын мен күміс бұйымдарға, бағалы заттарға айырбастап, бала-шағаны асырауға жұмсапты. Ұзынкөл деген жерде Әбілқайырдың анасы Сағила қайтыс болып, сол маңайдағы Шаңдақ деген ауылдың зиратына суыт жерленеді. Өйткені, арттарына түскен қуғыннан тезірек із суытып үлгіру керек. Соғыс басталған жылы Қызыл Ту, Еңбек ауылдарын паналайды. Қуғыншылардың жақындап қалған хабарын естісімен қарындастары Ғалияны осы елдегі туыстарына қалдырып, өздері қалың ағаштарға тығылады. Содан не керек, ағайынды бес жігіт– Қабділ мен Қабдрахман Бегімовтер, Қали Жүсіпов, Нығметжан Кәсенов және Әбілқайыр Бегалин түнделетіп қашып, Петропавл қаласының вокзалынан жүретін пойыз вагондарының біріне жасырынады. Қанша жүргендерін білмейді, таң сібірлей атқанда пойыз бір жерге ұзақ тоқтайды. Сөйтсе, Новосібір қаласынан бір-ақ шығыпты. Одан жақын маңдағы орманға тығылады. Күн суық, қарын аш. Не істерлерін білмей дағдарып тұрғанда, ішіндегі ең естияры Қабділ: «Елге барсақ, «қасқырдың бөлтіріктері» деп бізге тыныштық бермейді, кейін қайтатын жол жоқ. Соғысқа барайық! Бір тілім нан мен бір стақан шайымызды адалынан тауып жейміз ғой. Бүйтіп қор болғанша, жаумен шайқасып өлгеніміз жақсы», дейді. «Нар тәуекел!» деп қалғандары қостайды. Сұрастырып, Новосібір қалалық соғыс комиссариатын тауып, төртеуі еріктілердің тізіміне жазылады. Жасы 18-ге толмаған Нығметжан милиция оқуында қала береді. «Тірі қалсақ, Қызыл Ту мен Еңбекте кездесейік, онда Ғалия бар ғой!», деп серттеседі. Новосібір қаласында Нығметжан милицияның 6 айлық курсын бітіріп, өз еркімен соғысқа сұранады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Ағайынды бес қыран соғысқа бастан-аяқ қатысып, ел-жұртпен аман-есен қауышады. Әбілқайыр ғана І топтағы мүгедек болып оралады.

Қуғын-сүргіннен әбден зәрезап болған бұлар көп уақыт бойы Қарлыкөл жаққа жоламайды. Тек 1950-жылдары бір-бірлеп көше бастайды. Әбілқайырдың қызы Нұрикамал да әкесінің соғыс марапаттарын жарқыратып тағып, қалай соғысқаны туралы мақтанып айтқанын бірде-бір рет естімепті. Госпитальда емделіп, соғысқа жарамсыз деп танылса да елге қайтуға қорқып, шаруашылық бөлімде қалдырылыпты. Қарлыкөлдегі туған-туысқандарымен жамырай табысқан ағайынды арыстар осы күнге жеткендеріне тәубе дескен. Жалғанның жазуымен бүтін бір әулеттің тағдыры тәлкекке түсіп, небір шырғалаңға кезіксе де, шырмауынан шығар жол тауып, ата-жұртының киелі топырағында ұрпақ өрбіту бақытына кенелді.

Қайрат ДҮЙСЕНБІ.

Петропавл.