• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қаңтар, 2020

Еліне бүйрегі бұрғандардың еңбегі жанады

283 рет
көрсетілді

Атбасардың Атымтай жомарты атанған «Шуйское-ХХІ» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің бас­шысы Алтынбек Құр­ман­құловтың ауылдаста­рына жасап отырған қам­қорлығы талайлар тамсанып айтатын әдемі аңыз іспетті. 130 миллион теңгеге жергілікті маңыздағы жолды жөндеген. Білім ошағына, көп балалы аналарға, әлеуметтік нысандарға миллиондаған қаржы бөліп отыр. Аз қам­тылған жерлестерін жүрек жылуымен жылытып отыр­ған ақеділ жанның игілікті іс-әрекеті өзгеге өнеге, өмір­шең үлгі.

Ауылдық округке қарасты Шуйское, Макеевка, Третьяковка елді мекендері мұн­таздай таза жинақылығымен, ба­қуат­ты тіршілігімен ерекшеленеді. Шуй­ское ауылында дәрігерлік амбулато­рия, мәдениет үйі, кітапхана, пошта бө­лім­шесі мүлтіксіз жұмыс істеп тұр.

Округте «Шуйское-ХХІ», «Әлем 777», 9 шаруа қожалығы, он шақты жеке кә­сіпкер жұмыс істейді. Осы ұжым­дардың ішінде туған өлкенің төсін көр­кейтуге, округтегі ауылдардың ажарын келтіріп, шырайландыруға толымды үлес қосып жатқан «Шуйское-ХХІ» се­рік­тестігінің басшысы Алтынбек Құр­манқұловты бөле-жара атауға болады. Алтынбек Бейсембекұлы биылғы жыл­дың өзінде Шуйское ауылынан Макеевкаға баратын 8 шақырым тас жолды 13 миллион теңгеге жөндеп берді. Жа­қын да болса алыс жол еді. Сегіз ша­­қырымның өзі сілеңді қатырып, сер­гелдеңге түсіретін. Қазір атқан оқтай түп-түзу жолдың рахатын көріп отырмыз, дейді екі елді мекеннің тұрғындары.

Серіктестік 23 423 гектар жерге дән­ді дақылдар тұқымын себеді. Бұл өл­кенің топырағы өте құнарлы. «Же­тек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтін­дей-ақ майы бетіне шығып тұрған жер. Арқадағы ауа райы анау айтқандай қо­лай­лы бола қоймаған жылдардың өзінде гектар берекесін 15 центнерден айналдырады. Агротехникалық шараларды уақтылы атқарудың, ортақ іске күш-қуаттарын, қайрат-жігерлерін аямай жұмсаудың жемісі. Өйткені ауыл еңбеккерлері нәтижелі еңбек етсе игілігін өздері көретінін жақсы біледі. Бұл жерде арқаны кеңге салып жүрдім-бардым жұмыс істеу жоқ. Шаруашылықтың қай ісіне болсын қайраққа жанып алғандай қылпып тұратын бесаспап мамандар белдерін бекем буып кірісіп кетеді. Серік­тестік диқандары биыл да діттеген межеге жетті. Күздің қара жаңбырымен алысып жүріп маңдай термен өскен дәннің бір түйірін ысырап қылмай, қамбаларына құйып алды. Бидайдың әр гектарынан 14,7 центнерден өнім жинаса, арпаның шығым­дылығы әр гектарына 18,2 центнерден айналды. Серіктестік жалғыз егін шаруашылығының ырыз­дығын еміп қана қоймай, мал шаруа­шылығын дамытуға да күш салуда. Мау­сымдық жұмыстармен шектелсе, ауыл тұрғындарын қысы-жазы қол үзбей істейтін жұмыспен қам­тамасыз ете алмас еді. Онда табыстың тайқа­заны да дәл осылай қайнамайды. Жұмыс­шылардың да еңбекақысы тақыл-тұқыл болар еді. Ал қазір қай уақытта да қол қусырып қарап отыратын адам таба алмайсыз.

Бағымда 710 ірі қара бар, жылқының саны 500-ге жуық. Жыл ішінде 13 тонна ет өндіріп, 1340 тонна сүт сауған. Серік­тестік жұмысшыларының айлық жалақысы орташа есеппен 116 000 тең­гені құрайды. 120-ға жуық адам қысы-жазы жұмыспен қамтылып отыр.

Тәп-тәуір дәулет жинаған серіктестік бар табысын бауырына басып қалмай, ел қамын жеп отырғанын көргенде көзің сүйсініп, көңіліңді қуаныш билейді. Өзге жерлердегі өрендер де ел қамын Алтын­бек Бейсембекұлы тәрізді ойлай жүрсе ғой.

Ауылды абаттандыруға, көшет отыр­ғызуға, жарықтандыруға 20 миллион теңге қаражат бөліпті. Ауылдағы орта мек­тептің асханасын жөндеп, өрт­ке қарсы құрылғылар орнатуға 300 мың теңге берген. Мәдениет үйінің көр­­кемөнерпаздар үйірмесінің мүше­леріне қажетті әрқилы костюмдер мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алуға 570 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен. Көп балалы аналар мен Ауған соғысының ардагерлеріне, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы бойынша қажетті шаруаларға 2 908 мың теңге жұм­саған. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, серіктестіктің шарапаты тигелі оқта-текте бой көрсетіп қалатын басбұзарлық та пышақпен сылғандай сап тыйылған. Көршінің кетпенін қолтығына қыса кететін қо­лы сұғанақтар да аяқтарын тарта бастапты. Өйткені ауылдың төрт тарабын тегіс бейнебақылау жүйесі кір­пік қақпай қадағалап тұр. Бұл орайда се­ріктестік 1 238 мың теңге қаражат жұм­­саған. Ең бастысы, бейнебақылау да емес, адамдардың иманды сезімдері қа­лыптасып, арлы адалдықтың бастауы негізін қалаған. Мектеп оқушыларының ыс­тық аспен қамтамасыз етілуіне 888 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен.

Бұл өлкеде көптен бері күрмеуі ше­шіл­мей келе жатқан мәселелер де баршылық. Оның бірі – жол мен ауыз су. Серіктестік округ аумағына кіретін жол­дарды 130 миллион теңгеге жөндеп берген. Ауыз толтырып айтатын-ақ қам­қорлық емес пе?! Ел ішінде оты­рып жердің игілігін көрген соң қайта­рымын жерлестерім көрсін деген ақ адал ниеттің нәтижесі десек, артық айтқандық емес шығар. Ауылдастарына ақжарылқап көңілмен демеу болып отырған серіктестік жұмысшыларына да тәп-тәуір жағдай жасайды. Мәселен, серіктестік жұмысшыларын тегін тамақ­тан­дыруға 2 054 мың теңге қаражат бөлсе, зейнеткерлерге 1 182 мың теңге көлемінде көмек көрсетіпті.

Сан қырлы шаруаның басын бірік­тіріп, игілікті істерге ұйытқы болып отырған серіктестікке бесаспап маман кадрлар да керек. Шеттен кімді әкелерсің, қай істің маманы болсын өз ортасынан шығады. Бірақ оларды талапқа сай болуы үшін қайта даярлап, оқыту керек. Даярлықты тілейтін жұмыс та аз емес. Мәселен, серіктестік жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып, шетелдік өнімді техникаларды алдыруда. Басқа да қажеттіліктер жетіп-артылады. Бүгінгіні ғана ойламай, келешектің көкжиегіне қадам басуды мұрат тұтқан ұжым бір миллион теңгеге мамандарды қайта оқытып даярлаған.

– Селодағы бір зейнеткер әлдебір себептермен пайына тиесілі астығын ала алмаған екен, – дейді округ әкімі Әсия Тоқжұманова, – Алтынбек Бейсем­бекұлымен хабарласып едім, сөзге кел­ген жоқ, тиесілі астығын берді. Бас­қа уақытта да бұйымтайын айтқан жер­лестерінің бетін қайтарып көрген емес.

Ел тегі осындай ерлердің арқасында еңсе түземек.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы