• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қаңтар, 2020

Кореяны көркімен тамсандырған ару

237 рет
көрсетілді

Қарағандының он жеті жастағы ару қызы Айсұлу Ерболова үшін сұлулар сайысында бақ сынау дегеніңіз таңсық дүние емес. Ажарына ақылы сай бойжеткен бұған дейін де «Қарағанды аруы» сынды конкурсқа қатысып, тәжірибе мектебінен өткен.

Таяуда ол Оңтүстік Кореяда ұйым­­дастырылған «Miss World University-2019» атты сұлулық сайысында елі­міздің ең көрікті қыздарының на­мы­сын қорғап, «Miss National» аталымы бойынша жеңіске жетті.

Сұлулардың аталған сайысына әлемнің 50 елінен үміткерлер қатысып, олар бірнеше кезеңнен тұратын конкурста өзара жарысқа түскен екен. Жалпы, «Miss World University-2019» байқауына жолдама алу үшін сұлулар әуелі өздерінің фотосуреттері мен бей­нероликтерін Оңтүстік Кореяға жі­беріп, талабы қатаң кастинг бойынша іріктеліп алынған көрінеді.

Ал жерлесіміз Айсұлу Ерболоваға келсек, ол өзінің бейнеролигін кен­шілер астанасында түсірді. Онда жас ару өзінің өмірде немен айналысатынын қысқа да нұсқа етіп айтып беріпті. Мысалы, ол бейнероликте жасынан бимен сүйіп шұғылданатынын, сонымен қатар бос уақытында қолына фотоаппарат алып, суретке түсіргенді жақсы көретінін таза ағылшын тілінде әсерлі жеткізе білген.

Байқау барысында Айсұлу әуелі үздік он қыздың, одан кейін ТОП-5 финалистер қатарынан ойып орын алып, өзінің табиғи сұлулығымен және жан-жақты өнерімен қазылар алқасының көңілінен шығыпты. Конкурстың шешуші кезеңінде сахна төріне қазақтың ұлттық киімімен көтерілген сұлу қыз көрермен қауымды сымбатты мүсінімен, әсем жүрісімен тәнті еткен. Сөйтіп ол байқаудың «Miss National» аталымы бойынша үздік шығып, арнайы сыйлық пен ақшалай сертификатпен марапатталған. Бұған қоса, Айсұлу алдағы уақытта Оңтүстік Кореяда тегін білім алатын болыпты.

Ал әзірге айы оңынан туған ару қыз Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінің экономика факультетінде оқып жүр.

ҚАРАҒАНДЫ