Жемқорлықтың жарға жығатыны белгілі болса да, қоғамда сыбайластықтың сипаты көрініс беріп қалады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», деген болатын.
Осы орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның кез келген көріністерінен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Аталған департамент басшысының орынбасары Нұркен Исламовтың айтуынша, былтырдың өзінде Жамбыл облысының аумағында әлеуметтік көмек көрсету салаларында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған 5 қылмыс тіркеліпті.
«Аталған салаларда шенеуніктер тарапынан тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу сияқты қылмыстар кеңінен таралған. Сонымен қатар әлеуметтік көмек салалары көптеген миллиардтық бюджет қаражаттары шоғырланған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуын сүйемелдейді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және бюджет қаражатын жұмсау бойынша бақылауды және жауапкершілікті қатайту қажеттігін, халықтың қаражатын тиімсіз пайдалануға және ұрлауға байланысты жасалынған құқық бұзушылықтар қатаң түрде жазаланатынын айтқан еді», дейді Нұркен Исламов.
Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Яғни, тұрғындардың тұрмысын түзету мақсатында қыруар қаражат бөлінуде. Алайда, жергілікті кейбір лауазымды тұлғалар соның өзін тиісті азаматтарға бөлмей, бөлсе де жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа бой алдыруы өкінішті. Мәселен, Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округі әкімдігінің лауазымды тұлғалары атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаж емес тұлғаларға белгілі бір сыйақыға жалған құжат жасаған деректері анықталған. Енді парақорлық санатта қозғалған қылмыстық іс бойынша кешенді сот-сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. «Бұдан басқа, Тараз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Н.Бижанов атаулы әлеуметтік көмекті алып беру және әрі қарай қамқорлық жасау мақсатында азаматша Г.Салиевадан бір айлық жәрдемақы 103 000 теңге, Д.Ахметовадан бір айлық жәрдемақы 96 000 теңге пара алу дерегімен құрықталған. Бүгінде жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс қазіргі таңда қарау үшін Тараз қалалық №2 сотына жолданған», дейді департамент басшысының орынбасары.
Нұркен Исламовтың айтуынша, 2019 жылы Сарысу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Н.Айымбетова көп балалы аналарға арналған әлеуметтік көмек алуға көмектесу және әрі қарай қамқоршылық жасау мақсатында азаматша Г.Абдуллаева мен Г.Абишевалардан 100 000 теңге пара алу дерегімен ұсталған. Аталған іс бойынша жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, Сарысу аудандық сотымен Н.Айымбетова кінәлі деп танылып, 2 000 000 теңге айыппұл жазасына кесілген. Сондай-ақ департаменттің жедел қызметкерлерімен жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің бас маманы, аудандық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы Ш.Маутбаевтың теріс әрекеті анықталған. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық белгілеу және оны одан әрі асырап алу туралы мәселенің оң шешілуіне жәрдем көрсетуге З.Кадыровадан 350 000 теңге пара алу дерегімен құрықталған. Жан-жақты тергеп, тексеру амалдарын жүргізу нәтижесінде сотқа жолданып, Т.Рысқұлов аудандық сотының үкімімен Ш.Маутбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Жалпы, Жамбыл өңірінде 2019 жылы әлеуметтік көмек көрсету салаларында сыбайлас жемқорлық сипатында дерек артып отыр. Әрине, бұл ретте мәселенің екі жағы бар екенін де ұмытпаған жөн. Себебі кейбір азаматтардың өзі тірлігін тез бітіріп алу үшін жауапты адамдарды пара алуға итермелейді. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен мемлекет болып күресіп жатқанда әрбір азамат оң әрекетті өзінен бастаса дұрыс болар еді...
Жамбыл облысы