Облыстың Байғанин ауданында қарасора өсіріп, одан есірткі заттарын дайындап, өткізбекші болғандар құрықталды. Мұның өзі қаншама алдын алу шаралары жүргізілгенімен, есірткі заттары мен наша өндірудің өндірістік жолға қойыла бастағанын көрсетсе керек. Сонау Қызылорда облысынан келіп, Байғанин ауданы аумағындағы Қаражар ауылына жақын маңдағы өзен жағасына жайғасып алып, 2 гектар жерге төрт танап қарасора егіп, жасырын есірткі дайындауды кәсіп еткен екі азаматтың арам ойы жүзеге аспады. Олар қарасора егісі маңынан қамыстан күрке тұрғызып, қарасора егілген алқапты екі су сорғымен суарып, 3 мың жасыл бұтаны баптап келген. Енді аз ғана уақыт өткенде, яғни, тамыз айында осы қарасора егіндігінен 350 келіден астам есірткі заттарын дайындамақшы екен. Абырой болғанда қарасораның айналымға түсу жолы кесілді. Қарасора егушілерден екі мылтық тәркіленді. Күдіктілер азық-түліктен қор жасап, сонымен бірге, аң-құс аулап, азықтанып келген.
Бұл азаматтар бұрын да түрменің дәмін татқандар көрінеді. Әзірге тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қылмыскерлердің адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін әрекеттерге баруы қауіптендіреді. Шу бойында өсетін жабайы қарасорамен күресіп жүргенде іргеден – ақ қарасора өсіргендердің шыға бастауы бұл бағытта батыл қадамдарға баруды қажет ететіні сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.