Облыс әкімі Мемлекет басшысына аймақтың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ өңірдің әлеуетін одан әрі нығайту жөніндегі жоспары туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Даниал Ахметовтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында инвестиция көлемі артқан, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі байқалады.
Облыс әкімі Президентке атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа форматын іске асыру барысы жайында мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев облыста тұратын әрбір аз қамтылған отбасының жағдайына мұқият талдау жасап, оларға көмек көрсету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Көп балалы отбасыларға қатысты да осындай тапсырма берілді.
Сонымен қатар Даниал Ахметов Мемлекет басшысына осы жылдың екінші жартыжылдығында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталатынын хабарлады. Президент бұл нысанның әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін атап өтіп, көпір құрылысы аймақ халқының едәуір бөлігін жол тауқыметінен арылтатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Даниал Ахметовке Абайдың 175 жылдығын өткізуге, соның ішінде, Жидебайдағы мұражай мен қонақ үй кешенінің құрылысына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Мемлекет басшысы әкімнің өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі жұмысына оң баға беріп, Шығыс Қазақстан облысының ғылым-білім және медициналық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларын атап өтті.