• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Қаңтар, 2020

Тегеран маңында ұшақ апатқа ұшырады

165 рет
көрсетілді

Иран астанасы Тегеран маңында Украина халықаралық әуежолдарының Боинг-737 ұшағы құлап, 177 адам қаза тапты. Қызыл крест ұйымының айтуынша, борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелері түгелдей қайтыс болған.

Киевке бағыт алған PS752 ұшағы Тегерандағы Имам Хо­мей­ни әуежайынан көтеріле бере құлаған. Ирандағы Украи­на елшілігінің мәліметіне сү­йен­сек, алдын ала болжам бо­­йын­ша ұшақтың құлауына қоз­ғалтқыштың істен шығуы себеп болған.

«Алғашқы ақпаратқа сай, тех­никалық себептерге байла­ныс­ты қозғалтқыштың істен шы­ғуынан ұшақ құлады. Қазіргі таңда оқиғаға террористік ша­буылдың қатысы анықталып жатыр», делінген Украина сырт­­қы істер министрлігінің сай­тында.

Апаттан қаза тапқандардың басым бөлігі – Иран азаматтары (82 адам). Сондай-ақ Канаданың – 63, Украинаның – 11, Швеция­ның – 10, Ауғанстанның – 4, Ұлы­британияның – 3 және Герма­нияның 3 азаматы қайтыс болған.

Қазақстан Сыртқы істер ми­нистр­лігінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы жоқ. «Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы ел­шілігіне берген алдын ала ақпараты бойынша, Украина әуе компаниясының құлаған ұша­ғының жолаушылары ара­сында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар елшілік кон­сулдық есепте тұрған Қазақ­стан Республикасының барлық аза­­маттарымен байланысып жатыр», деді Сыртқы істер ми­нистр­лігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров. Қазіргі таңда Иранда Қазақ­станның 174 азаматы тіркелген.

Ұшақтың апатқа ұшы­рауына байланысты Ук­раи­на президенті Володимир Зе­­ленский Оман­ға сапарын тоқтатып, Киевке қайта оралды. Сондай-ақ ресми мәліметтен бұрын тексеріл­меген ақпаратты таратпауды сұрады. «Барлық жолаушылар­ мен экипаж мү­шелерінің туыс­­­тарына және достарына қай­ғырып көңіл айтамын», деді В.Зеленский.

Осы оқиғадан кейін Украина халықаралық әуежолдары (UIA) Тегеран бағытындағы бүкіл рейс­ті тоқтатты. Иран бұқаралық ақ­па­рат құрал­дары­ның хабарла­уынша, құт­қарушылар ұшақтың «қара жәшігін» тапқан. В.Зелен­скийдің сөзіне қарағанда, Ук­раи­­на қаза тапқандардың дене­сін елге жеткізу үшін арнайы ұшақ әзір­леген. Қазіргі таңда Иран та­ра­пының мақұлд­ауын күтіп отыр.

Апатқа ұшыраған ұшақтың қызмет көрсете бастағанына көп болмаған. Боинг 737-800 NG әуе кемесі 2016 жылы жасалып, қол­данысқа берілген. Содан бері ұшақ UIA компаниясына мүл­тіксіз қызмет етіп келген екен. Оның үстіне, Иран әуе апаты жиі болатын елге жатады. Кейінгі үш жылда осы елде 3 мәрте ұшақ құлап отыр.

Боинг компаниясы әуе кеме­­сінің құлауын тексеруді жіті бақы­лайтынын мәлімдеді. «Ирандағы апат туралы хабардармыз. Қазіргі таңда ақ­парат жинап жатырмыз», деген Боингтің баспасөз хатшысы CNN арнасына берген сұх­батында. Айта кету керек, кейінгі бірнеше жылда Боинг­тің жаңа ұшақтары жиі құлап жүр. Мәселен, 2018 жылы Lion Air компаниясының Boeing 737 Max ұшағы және 2019 жылы Ethiopian Airlines компаниясының Boeing 737 Max ұшағы құлап, жалпы саны 346 адам қаза тапқан-тұғын. Содан бері компания Boeing 737 Max сериясындағы бүкіл әуе кемесін қайтарған-ды.

Дәл осы Boeing 737-800 әуе кемесі де жиі құлайды. 2016 жылы FlyDubai компания­сының осындай маркалы ұшағы Ресейдің Ростов қаласына қо­ну кезінде апатқа ұшырап, 62 адамның өмі­рін жалмаған еді. 2010 жылы Air India Express компаниясының ұша­ғы Үндістанда құлап, 150-ден астам адам қаза тапқан-ды.

Әдетте Боинг компаниясы осындай апаттарды тексеру жұ­мы­сына көмегін аяған емес. Бі­рақ бұл жолы компанияның қолы байлаулы болып тұр. АҚШ-тың Иранға салған санкциясына бай­ланысты аме­рикалық компания апат салдарын анықтауға то­лыққанды көмектесе алмауы ық­­тимал.

Қазіргі таңда апаттың себебі анықталып жатыр. Украина сырт­қы істер министрлігінің ха­бар­лауынша, қорытынды шы­ғаруға әлі ерте.