• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Қаңтар, 2020

Гаухар Алдамбергенова: Президент мақаласы ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтереді

636 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлт әдебиеті мен мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова.

«Мемлекет басшысының ұлтымыздың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлы туралы еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласымен таныстым. Мақалада хакімнің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің бағыттары мен тетіктері айқын көрсетілген. Президент жоспарланған шаралардың барлығы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екенін ерекше атап өткен. Расында да, дара, дана Абайдың тойы ойдың тойы болуы қажет. Ұлы Абайдың тойы тағылымның тойы болуы тиіс», – дейді Қыздар университетінің ректоры.

Сонымен қатар Гаухар Алдамбергенова ұлттық сананы жаңғыртудағы Президент мақаласының ықпалы жайында айтты.

«Менің пайымдауымша, Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы іспеттес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқан болатын. Бүгінде ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Сананы жаңғыртуға Абайдың өміршең шығармалары зор ықпал етеді. Бұл туралы мақалада егжей-тегжейлі жазылған. «Ұлы ақынның шығармалары бү­гін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғыр­ту ісінде оның еңбектерін басшы­лыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн» деп атап өтті Президент. Шындығында да «Адамзаттың Абайы» атанған ақынның әдеби мұрасы бүгінгі күнде де, болашақта да өзінің мәні мен маңызын жоймайды. Ол – ұлтымыздың рухани жаңғыру жолындағы темірқазығы һәм шамшырағы іспетті», – деді өз сөзінде Гаухар Төремұратқызы.

Университет басшысының айтуынша, бүгінде қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қыздар университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған дайындық жұмыстары басталып кеткен. Хакімнің мерейтойына орай оқу орнында «Өлең – сөздің патшасы...» атты республикалық жас ақындар айтысы өтеді. Шараға еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Айтыс барысында ақындар «Абай – дана, Абай – дара», «Рухани жаңғыру – басты бағдар», «Туған жер тұрған жермен өлшенбейді», «Ана тілім – ардағым», «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыптары бойынша сөз жарыстырады.

«Бір бұл ғана емес, былтырғы оқу жылынан бастап университетте «Абайтану» курсы енгізілді. Бүгінде студенттерге абайтанудың бастаулары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолы оқытылуда. Болашақ педагогтар курс барысында абайтану мәселелерінің даму бағыттарымен, оның ақындық мектебімен және хакімнің «Толық адам» философиясымен танысады. Осы орайда Қыздар университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы да жарық көрді», – деп атап өтті педагогикалық оқу орнының басшысы.

 

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы,

профессор