• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қаңтар, 2020

Жаңаөзендіктердің жанайқайы

1657 рет
көрсетілді

Желтоқсан айының соңғы күндері Жаңаөзен қаласының бір топ тұрғыны өздерінің талап-тілектерін жоғарыға жолдап, желілерге жүгініп, дүрлігіс тудырды. Мәселенің мән-жайы баспанаға қатысты екен. Жаңаөзен қаласында апатты деп танылған қос үй – «Шаңырақ» шағын ауданындағы 43-ші және Абай-59-шы үйлердің тұрғындары бір жыл бұрын өз меншіктеріндегі үйлерін әкімдік құзырына аударып, апатты үйлерді босатып шыққан болатын. Бүгінде Жаңаөзен қаласының әр шағын ауданында әкімдік берген үйлерге қоныстанған олар бұл үйлердің жекешеленбейтінін енді біліп, айран-асыр қалып отыр.

 «Жалғыз үйі апаттық...»

Жаңаөзендегі ескі үйлер­дің «жыры» көпке созылды. Ал­дымен «апатты» деп танылған үй­лер кейін «тозығы жеткен» деп бағаланды. Айырмасы – «апат­ты» үй сүруге жатқызылса, «то­зығы жеткенді» күрделі жөн­деу­мен қалпына келтіруге болады екен. Қалай болғанда да жалғыз үйінің жайы келіспеген Жаңаөзендегі қос үйдің тұрғын­дары «мүйіз сұрап жүріп, құлақ­тан айырылғандай» күй кешкелі бір жыл...

Қазақстан Премьер-Минис­трі­нің 21.06.2012 жылғы №821 қау­лысымен бекітілген «Қолже­тімді тұрғын үй-2020» бағдарла­ма­сының апатты тұрғын үйді бұзу жөніндегі қанатқақты жоба­лар шеңберінде «Астана қала­сында және Маңғыстау облысын­да апатты тұрғын үйді бұзу жөніндегі пилоттық жоба­лар­ды іске асыру көзделген. Маң­ғыс­тау облысы бойынша пилоттық жобаларда Ақтау және Жаңа­өзен қалаларының қатысуы көзделіп отыр.

Үйлері бұзылатын тұрғындар үшін және Жаңаөзен қаласының тұрғындарын Ақтау қаласына көшіру үшін тұрғын үй салу жоспарланып отыр» делінген еді. Алайда кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2014 жылғы 19 мамыр күнгі №01-03/705 қаулысында «Авариялық тұрғын үйді бұзу жөніндегі пилоттық жобалар шеңберіндегі тұрғын үй» деген кіші бөлімдегі «2. Маңғыстау облысы бойынша» деген тармақ алынып тасталды. Бұл Жаңаөзендегі апатты үйлер тұрғындарын Ақтауға көшіру деген мәселені де солқылдатып кетті. Алайда Жаңаөзен қалалық әкімдігі Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекі­тілген «Өңірлерді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі бағдарламасы» негізінде 2015-2025 жылдарға арналған «Жаңаөзен қала­сындағы тозығы жеткен үйлерді жою» мақсатында іс-шаралар жасақтап іс­ті өз қолдарына алды. Қала әкімінің сол кездегі орын­басары Т.Көшмағанбетов «Алдағы он жыл ішінде инвесторлар арқылы үй салып, бұл мәселені шешеміз. 11 мыңнан ас­там тұрғын Жаңаөзенде са­лынған жаңа үй­лерге кезең-кезеңімен кө­ші­рілетін бо­лады» деген еді «Егемен Қа­зақстан» га­зетінде жарияланған «Тозған үй­лер, то­қы­раған үміттер. Жаңаөзендегі тоз­ған үй­лердің құламауына кім кепілдік бе­ре ала­ды?» (16.06.2015) тақырыбымен жа­рия­­ланған мақалада.

Сонымен, Жаңаөзенде апатты үйлер мәселесі біресе «апатты», біресе «тозығы жет­кен» болып құбылып келіп, ақыры соңы дауға айналды. Жалғыз үйін «апатты» деп әкімдікке тапсырған тұрғындар мен­­шігіндегі үйден айрылғандарына наразы...

 «Әкесі өлгенді де естіртеді емес пе?»

«Қандай қиын нәрсені де, қайғылы жағдайды да естіртіп жатады, не нәрседе де анықтық, ашықтық болғаны жақсы, «басы байлы болса – түбі сайлы болады». Әкімдік қызметкерлерінің әу бас­та бізді – ормандай халықты алдап несі бар? Олар бізді «үйді нотариус ар­қылы әкімдікке аударып берсеңіздер, өз­ге мекен-жайдан берілген үйлер өз мен­шіктеріңізге өтеді» деп сендірген болатын. Бірақ біз үйді Жаңаөзен қала­лық тұрғын үй коммуналдық және шаруа­шылық бөлімі ММ-не нотариус ар­қылы тапсырған соң араға бір ай салып қо­лымызға берілген шешімнен үйдің жеке­шелендірілмейтіндігін білдік. Бұрын апат­ты болса да өз үйіміз бар еді, енді жыр­тық үйге зар болып отырмыз. Ескі-құсқы болса да өзіңдікі болған жақсы ғой, оның үстіне қазақпыз, қазақ болған соң – ұл-қыз бар, той-садақа бар, өлім-жі­тім бар, тіпті мұрагерлік деген де бар. Біз балалардың бетіне қалай қараймыз, олар­ға не қалдырамыз?» дейді Тоқтагүл Жан­тораева. Бұл – жалғыз Тоқтагүлдің емес, қос үйден қоныс аударғандардың айтары.

Жайлы-күйлі, жағдайы жақсы болса апатты үйде ешкім отырмайды – өз алдарына үй салып немесе баспана сатып алар еді. Апатты үйде басқа мекенге қоныс аудару­ға қауқары жоқтар ғана отыратыны белгілі. Айтса айтқандай, апатты деп танылған екі үй тұрғындарының арасында түрлі санатқа – әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, көп балалылар мен арнайы топ­тағы мүгедектер, жетімдер мен оларды өз қамқорлығына алғандар, жұмыссыздар, зейнеткерлер – бәрі де бар.

– Менің жолдасым екінші топтағы мүгедек, жасымыз 70-ке таяп қалды. Қолымда тұлдыр жетім 5 жасар қыз бала бар, ұлым жұмыссыз, банкке төлейтін үш несиеміз бар. Берілген үйі төртінші қа­батта және өте салқын. Бұл үйдің жағдайы өзіміздің апатты деп танылған 43-ші үйімізден артық деп айта алмаймын, бірақ осы үйдің құны 13 млн теңге, яғни әкімдік жеке адамнан сонша ақшаға сатып алған, көне үйдің бағасы соншалықты қымбат болатын болса, біз апатты деп танылған үйден оп-оңай айырылып, не үй жоқ, не ақша жоқ – дымсыз қалып отырмыз. Әкімдік далада қалдырған жоқ, баспанаға орналастырды, бірақ бұл бәрібір біздің меншігіміз емес, – дейді Тоқтагүл апай.

– Шиеттей бала-шағамен қоныс ауда­ру оңай болған жоқ, бірақ көшіп келген үйіміз апатты жағдайдағы үйлермен шамалас салынған болуы керек, ол да ескі. Терезесіне көрпе ұстап, жылыта алмай әлекке қалған едік, – деп толықтырды көршісінің сөзін Меруерт Осгунбаева.

– Сол кездегі қала әкімі Ә.Дауыл­баевтың тұрғын үйді жалға беру туралы қаулысы шықты, одан кейін Ғ.Байжа­новтың төрағалығымен тұрғын үй комис­сиясының шешімі шықты, оған қоса Б.Бай­бозовпен тұрғын үйді жалға алу шарты жасақталды. Алайда уақытша бізге беріп отырған пәтерлердің басым бөлігі өте ескі. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, біздің меншігімізге аумағандықтан, бұл үйлерді уақытша деп есептейміз. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158-бабының 1,4-бөліктерінде мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қай­шы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы кодексте және Қазақстан Респуб­ликасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін, егер мәмілеге қа­тысушылардың бірі оны міндеттемені орын­даудан немесе үшінші тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жал­тару ниетімен жасасқан жағдайда, ал мәміленің басқа қатысушысы бұл ниет ту­ралы білген болса немесе білуге тиіс бол­са, мүдделі тұлға (мемлекет) мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы. Біз жоғарыда көрсетілген кодекс нормаларына сәйкес алдағы уақытта міндеттеме орын­далмаған жағдайда тиісті талаптарымызбен сотқа жүгінетін боламыз. Әкімдік қызметкерлері бізді алдағандықтан, олар­дың іс-әрекетін заңсыз деп түсінеміз. Аны­ғын айтып, ортақ мәмілеге келуіміз керек еді, дейді тұрғындар.

Сондай-ақ тұрғындар «көрінеу жал­ған мәмілені, яғни сыйға тарту шарттарын жарамсыз деп тану, бұрынғы үйі­мізді бастапқы қалыпқа келтіріп беру, әкім­дікпен көрінеу жалған уәде бергені үшін моральдық және материалдық зиян ретінде әр пәтер иелеріне 5 миллион теңге өндіру» талап­тарын да жеткізді.

 «Ең басты қажеттілік – тұрғындар қауіпсіздігі»

Тұрғын үй саласы қатынастары са­ласын­дағы қоғамдық қарым-қатынас­тарды реттейтін Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары» туралы заң, заңға сай тұрғын үйді беру тәртібі және тұрғын үй кезегіне тұрып, мемлекет қорынан тұрғын үй алуға құқылы, яғни белгіленген санаттар туралы айта келіп, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Б.Ізғалиев «жалғыз үйі апаттық» деп танылғандардың да аталған санатқа жатқызылатындығын, сондықтан сол азаматтың тұрғын үй кезегіне тұрып, мемлекеттен кезекпен пәтер алуға құқы бар екендігін айтты.

– Мемлекеттің тұрғын үй қорынан ал­ған пәтерді жекешелендіру де осы заңмен реттеледі. Заңның жекешелендіруді рет­тейтін 13-бабының 7-тармағында қандай жағдайда мемлекеттің тұрғын үй қорынан берілген пәтерлер жекешелендіруге жат­пайтындығы көрсетілген. Соның 1-ші тармағында «жалғыз үйі апатты» деп танылған азаматтарға мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан берілетін пәтерлер жеке­шелендіруге жатпайды» деп анық жа­зылған. Жаңаөзен қаласындағы 1 шағын аудан 43-ші және Абай-59-шы үйлер «апатты» деп танылған. Заңға сәйкес әкімдік ол азаматтарды тұрғын үйдің кезегіне қойып, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек. Себебі бірінші кезекте – аза­маттардың қауіпсіздігі маңызды. Апат­ты үйде болуы мүмкін жамандықтың ал­дын алу үшін әкімдік бюджеттен қа­ражат бөліп, екінші нарықтан бірнеше пәтер сатып алған. Жаңаөзенде жаңа, дайын үй жоқ, сондықтан су жаңа үйлер са­тып алынған деп айта алмаймын. Үй беріл­ген соң, апатты үйлер азаматтардың мен­шігінде қала алмайды, ол үйлерде тұ­руға, сатуға, біреуге беруге болмайды. Сон­дықтан сыйға тарту шарты негізінде әкім­дікке тапсырды, әкімдік оның орнына сатып алған пәтерлерін жекешелендіру құқынсыз пайдалануға беріп отыр. Не үшін ондай заң қабылданған? Апатты деп танылған үйдің орнына берілген пәтер неліктен жекешелендіруге жатпайды деп жазылған? Себебі – осы заң бойынша кез келген көпқабатты тұрғын үйдің күтіп ұсталуы, ағымдағы жөнделуі, уақыт өте келе күрделі жөнделуі – шығындарының бар­лығы сол үйдегі пәтер иелерінің ортақ мін­деті болып табылады. Ал кез келген ғимаратқа уақтылы ағымдағы және күр­делі жөндеу жасалмаса, ол апатты жағдайға айн­алары сөзсіз. Егер Үкімет «апатты» деп танылған үйлердің орнына пәтерлерді тегін бере беретін болса, азаматтар масыл­дық күйге түсуі, «Үкімет бәрібір береді ғой» деп ортақ мүддеге мүлдем қарамай қоюы мүмкін. Біздің ойы­мызша, кезінде осы заңды қабылдаған кезде сондай ниет-ой­мен қабылдаған болуы мүмкін, дейді қала әкімінің орынбасары Б.Ізғалиев.

Аңғарғанымыз – әкімдік жалға алу құнын төлемей, қанша уақытқа паналаса да мерзімі шектелмейтін тұрғын үй­мен қамтамасыз етілгендіктен бұл тұр­ғыда мәселе жоқ деп санайды. Ал тұрғындар апатты болса да «өз үйіміз­ден» айрылдық, орны ойсырап қалған мен­шіктегі мүлкімізді әкімдік немен өтейді деген уәжді алға тартады. «Алдыңғы кезек­те керегі – азаматтардың қауіпсіздігі» деген әкімдіктің әу баста халықты «жеке­шелендіру жайлы әңгімемен» алдаусыратуы дұрыс па, әлде апаттың алдын алу үшін жасалған соңғы қадам ба? Заңға сай мәселе сол кезде түсіндірілгенде, бү­гінгі айқай туындамас па еді? Ал қала әкі­мінің орынбасары айтқан «масылдық» қан­шалықты нанымды? Өйткені сатып ал­сын, кезекпен алсын – қабат-қабат үйде тұрып, ортақ есіктен кіріп-шығып, ортақ дәлізді мекен ету қала тұрғындарының маңдайына жазылған тағдыр, оның бәрі ортақ мүлікті күтіп ұстамайды дегенге сену қиын. Тіпті жуырда Жаңаөзен қала­сындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірі­нің жертөлесінде екі бірдей сантехник жігіт токқа түсіп қайтыс болған еді. Сонда, апатты емес, бірақ одан әрі де емес, жеке иелері бар үйдің жертөлесіндегі жағдай – ортақ үйдің гүл-гүл жайнап, шекесінің шылқып тұрмағанын аңғартады.

Тығырықтан шығар жол қайсы?

Жаңаөзенге мемлекет тарапынан кө­ңіл де, қаржы да аз бөлініп жатқан жоқ, қабылданған арнайы бағдарламалар да бар. Әйтсе де, шешімін табамын дегенде ширыға түсетін мәселесі де көп, яғни мысалда айтылатын «кетпеннің екі ұшы» сынды – бірін бассаң бірі маңдайға тиеді. Неліктен? Қателік заңнан ба, ұйымдас­тырудан ба, әлде халықтан ба?

– 2000 жылы менің отбасым тұратын Жаңа­өзен қаласындағы 1 шағын аудан­дағы 49-шы үй апатты жағдайдағы үй деп танылды. Сол кездегі қала әкімі бізді шақыртып жұ­мыс істейтіндерге  «үй сатып ала­сыңдар ма, жоқ салып аласыңдар ма – өздеріңіз таңдарсыздар» деп ақша берді де, мүжәлсіз отбасыларды 5 шағын аудан­ның 18-19-шы үйлеріне көшіріп, сол үйлер­ді жекешелендіріп берді. Біз ол кезде жеке үйімізді нотариус арқылы әкімдікке өткі­зіп берген жоқ едік. Бүгінгі жағдай мүл­дем түсініксіз – үй де жоқ, ақша да жоқ, көпқабатты тұрғын үйдің жерорнында әр­қайсымыздың үлесіміз бар емес пе, ол қайда? Біз тығырыққа тірелдік, – дейді Т. Жантораева.

Сондай-ақ әкімдік берген үйлердің коммуналдық төлемдерінің қарыздары ай сайын айқайға айналып, тұрғындарды сот­қа шақыртуға дейін жеткізген кездер болып­ты. Қала әкімінің орынбасары бұл мәсе­ленің шешілетіндігін, енді апаттық үй­ден қоныс аударған тұрғындар келгенге дейінгі қарыздарды Жаңаөзен қала­лық тұрғын үй коммуналдық және шаруа­шылық бөлімі төлейтіндігін жеткізді.

Жаңаөзен қаласының әлеуметтік мәсе­лелерін шешудің бірден-бір жолы ретінде тұрғындарды Ақтау қаласына көшіру мәселесі айтылып келеді. Мақаланың басында айтқанымыздай, апатты үй тұрғындарын осы санатқа іліктіру де ке­зінде қозғалған болатын. Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Б.Ізғалиевтің айтуынша, қазіргі туындап отырған жағ­дайда апатты үйдің тұрғындарын Ақ­тауға қоныстандыруды, кезекке қоюды бас­шылықпен келісіп, мүмкіндіктерін, нұс­қаларын егжей-тегжейлі қарау қажет. Алайда Ақтаудан берілген үйлер де жекешелендіру құқынсыз берілмек.

Жаңаөзен қаласында Ақтауға көше­тіндердің санатында кезекте 1700 адам тұрған болса, биылғы жоспар бойынша 394-і көшіріледі. «Өзенмұнайгаз» АҚ қара­жатына 2019 жылы Ақтаудан жаңа салынған үйлерден 394 пәтер сатып алынған. 2020-2021 жылдары жалғасын табатын бағдарламаға тағы да аталған мұнай компаниясы демеушілік жасамақ.

– Ақтауға көшірсе, әрине келісеміз. Себебі Ақтау – үлкен қала, қозғалыс көп, яғни жұмыс табылады деген үміт бар. Мысалы, Жаңаөзенде 18-19 жастағы қыз балаларға көше сыпыруды ұсынады, олар бармайды, ал Ақтауда үлкен сау­да орталықтарына сатушы болса да мүм­кіндік болар еді. Жұмыс табылса депозит ашып дегендей, әрі қарай тірлік етуге болады деп ойлаймын. Біз қазір Жаңаөзенде қиын жағдайда қалып отырмыз, тиісті орын­дар назар аударып, мәселені дұрыс шеш­се екен дейміз, – дейді М.Осгунбаева.

Ақтау қаласында төменгі шағын аудан­дарда ағаштан салынып, түйе емес шыбын сүйкенсе құлағалы тұрған ескі үйлер болды. Қауіптілігі былай тұрсын, сылағы опырыла омақасып, балшық ұстауы үшін айқыш-ұйқыш қағылған ағаштары науқас адамның қабырғаларындай арсиып қаланың сұрқын кетірген сұрқай үйлер бүгінде жоқ. Іске инвесторлар ара­ласып, әкімдікпен екіжақты оңтайлы ке­лісім нәтижесінде мәселе айқай-шусыз өз шешімін тапқан болатын.

Инвестор мен әкімдік өзара міндеттерді бөліске салды. Мысалы, әкімдік жер-су, газ-ток, абаттандыру мен автожол мәсе­лесін, яғни инфрақұрылымдық жағын мой­нына алып, компанияға құрылыс жүрг­ізуге жағдай жасап берді. Ал компания өз кезегінде апатты үйді бұзып, сүріп, орнына үй салумен айналысты. Сондай-ақ 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйлердің орнына 80-100 пәтерлік тұрғын үй салып, 16 пәтерді бұрынғы иелеріне берсе, қалғандарын сатып табыс тапты.

– Бұл әдіс Жаңаөзен жағдайына кел­мейді, – дейді Б.Ізғалиев, – мысалы, апат­ты деп танылған 43-ші үй – 32 пәтер­лік. Оның орнына әрі кетсе 60 пәтерлік үй салынады, яғни жартысы тегін кетеді деген сөз. Сонда кәсіпкер қандай пайда табады? Бұл идея да айтылғанмен, инвестор табыл­мағандықтан, екінші нарықтан пәтер сатып алу жолы таңдалған.

Апатты үйлер әлі орнында – бұзылған да, сүрілген де жоқ. Оған қыруар қаржы қа­­жет болғандықтан, әлі шешімін таппапты. Бірақ үй сүрілген соң орнына үй сала ма, жоқ әлде абаттандыру жұмыстары қол­­ға алына ма – ол жағы да белгісіз және нені қаласа да әкімдіктің еркінде, себебі ол үй мен орын әкімдіктің құзырына енген.

Жаңаөзенде қазір жаңа үйлер салынуда, бірақ олар инвесторлардың күшімен екен. Сонда, инвесторлардың апаттық үй­лер­дің  орнына қызықпайтыны қалай?

Жиреншеге уәж жоқ

Иә, аяғы табалдырығынан сыртқа шығып жатқан үйіне «қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп рахаттанатын Жиреншеге уәж жоқ. Ескі болса да өз үйіңнің аты – өз үйің.

Апатты үйде айтпай келуі мүмкін қасіреттің алдын алып, тұрғындарды дер кезінде өзге үйлерге қоныс аудартқан әкім­діктің әрекетін дұрыс дегенмен, ха­лыққа бірден түсіндіру жұмыстарын жүр­гізбегендігі, алдап-алдарқатудың соңы айқай-шу болатындығын түсінбегендіктері өкі­нішті. Сондай-ақ «сатуға келмейтін, тұруға тағы болмайтын» үйден басқа бай­лығы жоқ, қай күні құлары белгісіз болса да астында өсіп-өніп, отбасы шуағымен жы­лынып, барының берекетін көріп, қыз ұзатып, келін түсіріп дегендей тірлік кеш­кен «жылы орнынан», ең бастысы бар байлығы – апатты болса да жалғыз үйінен айрылу тұрғындарға материалдық жағынан да, психологиялық жағынан да жеңіл емес. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «апатты үй тұрғындарына ақ­ша беру – заңда көрсетілмеген». Апатты үй­ден қол үзген жаңаөзендіктердің бір­қатары жұмыс табылар деген оймен Ақ­тауға көшуге қарсы болмаса, бірқатары «бәрібір жекешеленбейтін болған соң Жаңа­өзен не, Ақтау не? Біз үйімізден алдау­мен айрылып, құралақан қалып отырмыз ғой, біз ұтылып отырмыз» дегенді айтады. Олар­ға апатты жағдайдағы үй – үй емес деп айта алмайсың, себебі ол – үй! Қанша қазақ отбасы сол үйдің астында өмір сүріп келді және тек Жаңаөзенде емес барлық қалада ескі-құсқы үйлерді пана еткендер әлі де бар, тіпті оған да зар болып вагон мен жылу құбырларының бойын қалқа еткендерге қарағанда, ол – үй және тұрғындардың меншігіндегі мүліктен тегін айрылуына опынуы түсінікті. Қораның да құны болары анық.

Елімізде ескі үйлердің мәселесі бар.­ Апатты деп танылған үйлердің шуы тек­ Жаңаөзенде емес, кейін өзге өңір­лер­де туындауы мүмкін. Сондықтан жаңа­өзен­діктердің жанайқайы – ертең-ақ көне үй­лер­де тұратындардың басына келмесіне кепілдік жоқ.

Тығырықтан шығар жол қайсы?

 

 Маңғыстау облысы