Қазір Қарабалық ауданын тек Қазақстан емес, одан тысқары жерлер де біліп қалды десек, артық кете қоймаспыз. Осыдан бақандай бес жыл бұрын бой көтерген кемпинг сонау Алатаудан басталып, Арқаны басып өтіп, Ресейдің ішкі жағына дейін созылатын Алматы – Екатеринбург тас жолымен жүретін жолаушылардың есіне алдымен Қарабалықты түсіреді.
Себебі осы тас жолдың бойында орналасқан кемпингке Алматыдан да, Екатеринбургтен де жолсоқты болып келе жатқан жолаушының тоқтамайтыны кемде-кем десе болады. Кемпингтің ауласына қатар-қатар тоқтаған жүк машиналары, жеңіл көліктер иін тіреседі.
– Жолдың қиындығын жолаушыдан артық кімнен сұрайсыз? Мына жүк машиналарының жүргізушілері мұнда жуынып, ыстық тамақ ішіп алу үшін тоқтайды. Қолайсыздау болса да айтайын, жол бойында жылытылған дәретхананың болмауы да жолаушы үшін шешімін таппай келе жатқан шаруа ғой. Ал бізде тәулігіне мың жарым, жол жабық кезде екі мыңның сыртында жолаушы тоқтайды. Дәретхана мен душ үшін айына бір мың текше метр су кетеді. Дәретхана тазалығын бірнеше техникалық қызметкерлер күн-түні кезекпен қадағалайды. Тұщы судың қымбаттығы өз алдына, – дейді кемпингтің иесі Марат Айтқазин.
Расында, Марат Нұрғалиұлының сөзіне ешқандай алып-қосудың қажеті жоқ. Бұл жолаушының барлығына да белгілі жол қиындығының бірі. Желтоқсан айының бас кезінде Қостанай өңірінде тәулікке жуық көзге түртсе көргісіз боран соқты. Аз уақытта айналаны қар басып қалды да, жол полициясы барлық бағыттағы жолдарды жауып тастады. Сол күні Қарабалық кемпингінің алдына тоқтаған үлкен жүк және жеңіл көліктердің санында есеп болған жоқ. Сыймаған көліктер ұзыннан ұзақ жолдың шетіне тоқтап, жүргізуші, жолаушылар кемпингке келіп, ыстық тамақ ішіп, жуынып-шайынып, боран басылғанша демалды.
Асхана, дүкен, автокөлікті сақтандыру бекеті сияқты жолаушы қажетін өтейтін қызметтің барлығы бар. Кең жолақты интернет те істеп тұр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «көлік инфрақұрылымы – индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе» екенін айта отырып, «логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту қажеттігін» міндеттеген болатын. Кәсіпкердің 90-жылдары тоқтап, қаңқасы қараусыз тұрған сүт зауыты ғимаратының жаңаша түрлендіруіне Елбасының осы Жолдауы түрткі болыпты.
Қарабалық кемпингі жолаушыларға қызмет көрсетуді заманауи деңгейге көтерген. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, кемпингке кіре берісте-ақ келген кісі таңданып қарайтын жағдайдың барлығы жасалған. Ең бастысы, жолсоқты жолаушы кемпингке кіре бергеннен шыбын тайып жығылатын тазалық оның бойын сергітіп сала береді.
«Мен жұмыс бабымен жолда көп жүремін. Қазақстанның өзге өңірінен дәл мұндай кемпинг кездестірген емеспін. Жатар орның таза, тамағы дәмді, іші сәнді. Жол бойында осындай кемпингтер көбейгенін қалаймын» деп жазады кемпингтің пікір қалдыру кітабына Мұхаммед деген жолаушы. «Біз Самарадан келе жатырмыз. Кемпинге кіргенде өзімізді Еуропада жүргендей сезіндік. Шынымызды айтсақ, мұндағы қызмет көрсетудің кәсіби білігінің жоғарылығы таңғалдырды», деп жазады Наталья мен Ярослав Гремухиндер.
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы