• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 10 Қаңтар, 2020

Кездесулер өткізді

224 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Бекмырза Еламанов және Дана Нұржігітова жұмыс бабындағы сапар аясында Қызылорда облысындағы Арал ауданында, Қаратерең, Қосшар, Қаратерек және Бөген ауылдарында болды.

Депутаттар ауыл тұр­ғын­дарымен, шаруа қожа­лықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұжымдарымен, мұға­лімдермен, медицина қызмет­керлерімен, аудандық мәсли­хат депутаттарымен және ауыл белсенділерімен кезде­су өткізді. Сонымен қатар «Көк­арал» су бөгетін аралап, жұмыс­тарымен танысты.

Сенаторлар тұрғындарға «Көкарал» су бөгетін жөндеу-қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары бойынша ағымдағы жылы жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге қосымша қаржы қаралып жатқанын жеткізді. 

Кездесу барысында сондай-ақ таяуда Сенатта қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның еліміздегі педа­гог­тердің құқықтарын кеңейтуді, ауырт­палықты азайтуды, мұға­лім мамандығына қойылатын талаптарды күшейтуді, мұға­лімдерді материалдық тұрғыда ынталандыруды, жастарды педагог мамандығына тартуды көздейтін ережелер жан-жақты талқыланды.

* * *

Алматы облысының Іле ауданын­да Мәжіліс депутаттары Омархан Өксікбаев, Әбдіманап Бектұр­ғанов, Амангелді Дәуренбаев Nur Otan пар­тиясының аудандық филиалын­да азаматтарды қабылдау өткізді.

Кездесуге қатысушылар де­пу­таттарға өздерін толған­ды­рып жүрген мәселелерін айтып, ақыл-кеңес алды. Қойылған сауалдардың көбі әлеуметтік сала, жұмыспен қамту және ауылды абаттандыру мәселелеріне қатысты болды.

Мәселен, Қапиза Нұранова депу­тат­тарға Жетіген ауылындағы Жаңаталап көше­сінің жолын жөндеуге ықпал етуін сұрады. Өтініш берушілердің барлық өтініштері мен ұсыныстарын тың­­даған депутаттар, уәкілетті орган­­дармен бірлесіп, қолданыс­тағы заң­нама аясында бұл мә­се­­лелерді ше­шуге көмек көрсе­ті­летіндігін жеткіз­ді.

Кездесу барысында О.Өк­сікбаев Nur Otan партиясының депутаттары өз сайлаушыларымен үнемі байланыста болып, ауыл тұрғындарының проблемаларына барынша көңіл бөлетінін атап өтті.

Халықтың тыныс-тірші­лі­гінен хабардар болған депу­таттың айтуынша, бүгінгі қа­был­дау аудан тұрғындарының билікпен диалогқа және жалпы мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екендігін көрсетті.

* * *

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүл­шара Әбдіқалықова мен депутат Михаил Чирков елордадағы «Жас­тар» театрының ұжымымен кездесті.

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің негізгі бағдарламалық құжаттары мен бастамаларын іске асыру үшін қабылданған заңнамалық жаңашыл­дық­тар, сондай-ақ Мәжілістің заңнамалық жұмыстары туралы хабардар етті.

Әңгіме барысында мәдениет саласындағы өзгерістерге ерекше назар аударылды. Г.Әбдіқалықованың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясын­да мәдениет қызметкерлеріне қол­дау көрсетудің нақты шараларын қа­растыратын «Мәдениет туралы» заңға түзетулер әзірлеу тапсырылды. Бұған мәдени қолдау қорын құру, цифрландыру мәселелері және концерттік қыз­метті реттеу кіреді. Сондай-ақ, осы жылдың бюджетінде театр қызмет­кер­лерінің жалақысын көтеруге қаражат қарастырылған.

Өз кезегінде театр әртістері «Мем­ле­кеттік сатып алу туралы» заңға тиісті өзгертулер енгізуді көздейтін декорация мен сахналық костюмдерді сатып алумен байланысты проблемалар туралы айтты.

* * *

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина және Александр Суслов Павлодар облысы Тереңкөл ауданының Песчаное ауылының тұрғындарымен кездесті.

Депутаттармен кездесуге еңбек ардагерлері, мұғалімдер, медицина қызметкерлері, жастар, кәсіпкерлер, шаруа фермер қожалықтарының басшылары, Песчан механикалық-жөндеу зауытының өкілдері қатысты.

Әңгіме барысында Мәжіліс депутаты Айзада Құрманова депутаттар мен сайлаушылар арасындағы тікелей байланыс аймақтардан объективті ақпарат алу және оны әрі қарай заңнамалық жұмыстарда пайдалану үшін қажет екенін атап өтті.

Депутаттар ауыл тұрғындарын елі­мізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, көп балалы отбасылар үшін жаңа форматтағы мемлекеттік жәрдем­ақылар, жаңа АӘК тағайындау ережесі және басқа мәселелер қозғалды. Сон­дай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару бюд­жетін қалыптастыру және іске асыру мәселелері талқыланды.

Ауыл тұрғындары су тазарту құры­лысын қайта құру мәселесіне алаң­дау­шылық білдіріп, халық қалаулыларынан осы мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрады.

– Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға үлкен үміт артамыз, – деп атап өтті депутат Айзада Құрманова. – Нақты қа­дамдар қабылдануда, миллиардтаған бюджет қаражаты ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, – деді депутат.