Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Аделаида (Аустралия) ATP турнирін сәтті бастады деп хабарлайды egemen.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда осы жарыстың бесінші, әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Тейлор Фритцпен кездесті. Бірінші партия барысында брейк жасай білген А.Бублик сол басымдылығын уысынан шығарған жоқ – 6:4.
Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіп, тай-брейкке ұласты. Мұнда да қазақстандық спортшы есесін жібермеді – 7:6 (7:4). Бәсеке 1 сағат 39 минутқа созылды. Матч барысында қазақстандық теннисші 18 эйске қол жеткізді.
А.Бублик Т.Фритцті осымен екінші рет тізе бүктіріп отыр. А.Бублик екінші айналымда аргентиналық, рейтингте 50-орындағы Хуан Игнасио Лондеро немесе әлемнің 42-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванстың біреуімен шеберлік байқасады.
Ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан аталмыш жарыс 18 қаңтарда мәреге жетеді.