Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель Мәскеуде кездесіп, екі ел арасындағы бірқатар мәселені талқылады. Жоспар бойынша әңгіме барысында екі елге қатысты түйткілдер талқылануы тиіс-тұғын. Алайда, әңгіме ауаны жер жаһанды дүр сілкіндірген жаңалықтарға ойысты.
Әсіресе жаңа жыл басталғалы тынышы кеткен Таяу Шығыстағы ахуал төңірегінде ой қозғады. В.Путин өңірдегі жағдай ауқымды әскери қақтығысқа ұласпауына сенім білдірді. Ресей президентінің пайымдауынша, аймақтағы соғыс әлем экономикасына кері әсер етпек.
Кездесу барысында Иранның ядролық бағдарламасы да сөз болды. Кремль басшысы да, бундесканцлер де бұған дейінгі келіссөздердің маңызы зор екеніне келісіп, оны сақтап қалудың тиімділігін атап көрсетті. А.Меркельдің айтуынша, Германия тарапы осы мақсатта бүкіл күш-жігерін сарп етпек.
Бұдан бөлек, мемлекет басшылары Тегеран маңында құлаған украиналық Боинг 737 ұшағына қатысты пікір алмасты. А.Меркель Иран билігі өз кінәсін мойындағандықтан апаттың себебі мен салдарын егжей-тегжейлі анықтаудың қажеттігін атап өтті.
Жалпы, жоспарланған кездесудің негізгі мақсаты «Солтүстік ағын – 2» жобасының жүзеге асырылуы болатын. Аталған құбыр желісі Ресейдің газын Балтық теңізі арқылы Германияға жеткізеді. Екіжақты кездесу барысында бундесканцлер жоба құрылысын тоқтатпауға шақырды.
Осы орайда, немістердің Ресей газына қаншалықты мұқтаж екені айтпаса да белгілі. Солтүстіктегі көршімізге мұхиттың арғы бетіндегі алып держава АҚШ түрлі санкция салған-ды. Соған байланысты Еуропаның дамыған елдері Ресеймен қарым-қатынасына ұқыптылық танытуы тиіс. Бірақ А.Меркель АҚШ-тың әрекетін қолдамайтынын білдірді.
«Германия да, басқа да Еуропа елдері «Солтүстік ағын – 2» бастамасының қызығын көреді. Бәрі газ жеткізу қызметін жетілдіруді көздейді, бірақ жобаның маңызы ерекше», деді канцлер.
Қысқасы, А.Меркель Кремльдегі кездесуде ең алдымен өз елінің мүддесін жоғары қоятынын анық байқатты. Сондықтан алыс Америкадан келген санкциядан бұрын халықты газбен қамтамасыз етуді жөн санайды.
Алда-жалда «Солтүстік ағын – 2» жүзеге асып жатса, Ресей газының қызығын жалғыз Германия ғана емес, Финляндия, Дания және Швеция да көреді. Ендеше кім мұндай «майлы шелпектен» айрылып қалуды көздесін?!
Басқосу барысында Ливиядағы ахуал төңірегінде де әңгіме қозғалды. Ресей президенті В.Путин «Ливия ұлттық әскері» мен «Ұлттық келісім үкіметінің» оқ атуды тоқтатуға келісудің маңызын айтты. Кремль басшысының пікірінше, Ливиядағы жағдайдың шиеленісуі елдегі қарапайым халыққа ғана емес, бүкіл Еуропаға әсер етеді.
Екіжақты келіссөздерден кейін мемлекет басшылары баспасөз жиынын өткізетіні белгілі. Кремльдегі іс-шарада неміс журналистерінің бірі Ресейге салынған АҚШ санкциясының әсері туралы сұраған-ды. А.Меркель мүдірместен Германия мен Еуропа өз мүддесін қорғайтынын жеткізді.
А.Меркельдің бұл сөзі Трамп әкімшілігінің шамына тиетіні анық. Бундесканцлердің Ресейге сапармен баратыны анықталған сәттен бастап америкалықтар алаңдаушылық білдірді. Өйткені Ақ үй басшысы Д.Трамптың әрекеттерінен кейін, АҚШ пен Еуропаның дамыған елдері арасынан қара мысық жүріп өткендей көрінген. А.Меркель де, Франция президенті Эммануэль Макрон да бұған дейін бірнеше рет Трамптың шешімдерін сынаған-тұғын. Мәселен, үш жолақты елдің басшысы НАТО-ны «ақылсыз» қалды деп мәлімдеп, АҚШ-ты сипай қамшылап өтті.
Оның үстіне, Д.Трамптың Иранға қатысты шешімдері Ресей үшін ыңғайлы болып тұр. Касем Сулейманидің өлімінен кейін Таяу Шығыста Мәскеудің ықпалы артуы әбден мүмкін. Ақ үй басшысы халыққа жолдауында НАТО әскерін өңірге көбірек кіргізуге үндеу тастаған. Бірақ мұндай мәлімдемені А.Меркель мен Э.Макронның қолдай қоюы екіталай. Сондықтан екеуі де алыстағы АҚШ-тан арбалағанша, жақындағы Ресейден дорбалағанды жөн санайтынын аңғару қиын емес.