Парламент Сенатының депутаттары Нұржан Нұрсипатов пен Манап Көбенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында жаңа онкологиялық орталықта болып, аймақтағы медициналық мекемелердің бас дәрігерлерімен жиналыс өткізді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзековтың айтуынша, онкологиялық диспансердің базасында облыстағы медициналық туризмнің негізі болатын кластер құру жоспарланып отыр.
Жаңа онкологиялық орталықтың жабдықталуы мен техникалық мүмкіндігін ескергенде онда онкология саласы бойынша ғана емес, басқа да салалар бойынша науқастарға диагноз жүргізіп, емдей алатыны белгілі болды.
Кездесу аясында денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелер көтерілді.
Павлодар облысының дәрігерлер қауымы 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасымен танысып, оған жоғары баға берді. Бұл бағдарлама еліміздің әрбір тұрғынын сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау шараларымен қамтамасыз етуді көздейді.
Барлық проблемалық мәселелер сенаторлардың жеке бақылауына алынды.