• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қаңтар, 2020

Педагогтар мәртебесін көтеру маңызды

427 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Бурабай ауданының орталығы – Щучинск қаласында болып, бірқатар нысандарды аралады. Өңірге сапар барысында білім беру және әлеуметтік қорғау мәселелеріне қарауға үлкен көңіл бөлді.

Щучинск қаласындағы №2 орта мектепте болған депутат мектеп ұжымымен және директорларымен кездесіп, «Педагог мәртебесі туралы» заң бекітілгеннен кейін қандай өзгерістер күтетіні туралы әңгімелесті, оның еңбекақыны көтеру, қосымша ақы кешенін енгізу, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тармақтарын атап өтті.

Ұстаздардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Мектеп директоры Инна Мельник мектептің хал-жағдайымен таныстырып, өзекті мәселелері туралы айтып өтті.

–Қазіргі кезде мектептерде магистратурада оқып келген мамандар санын көбейту қолға алынып жатыр, дегенмен, білім ордаларында ғылыммен айналысуға жабдықталған кабинеттер аз. Осы жағы қарастырылса екен. Сонымен қатар мұғалім мамандығын  таңдаған жоғары сынып оқушылары үшін мұғалімдер үйі ашылса екен, дейді  №9 мектеп-гимназиясының директоры Бибігүл Күшекова.

Щучинск қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры Любовь Ткачкова мұғалімдердің қағазбастылықтан әлі де болса арыла алмай жүргенін айтып, мәселе қозғады. Сонымен бірге кездесуде мектептерде күнделікті он балдық бағалау жүйесін енгізу қажеттігі, заңнамадағы өзгерістердің жекеменшік бала бақшаларға әсері қандай болатындығы туралы талқыланды. Бір ауысымда оқытатын мектептердің оқушыларында түстен кейін ғылыми жұмыспен айналысуға, түрлі үйірмелерге баруға үлкен мүмкіндік туғандығы да аталып өтілді.

Өз кезегінде Бақытжан Жұмағұлов бұл мәселелердің қаралып жатқанын, білім саласы әрқашан басты назарда болатынын айта келе, барлығын заңмен шешу мүмкін еместігін де түсіндірді.

–Мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін олардың өздері қоғаммен жұмыс жасап, өздерін жақсы ұстауы керек. Педагогикалық жоғары оқу орындарының мәртебесін көтеруіміз қажет. Менің ойымша ұстаздар туралы жақсы фильмдер түсірілсе, мұғалім еңбегі насихатталып жатса, бұл да біршама оң  әсер етеді, деді ол.

Сонымен қатар Бақытжан Жұмағұлов Щучинскідегі жоғары техникалық және жоғары педагогикалық колледждеріне барып оқу орындарының техникалық жабдықталуымен, жалпы білім деңгейімен танысты.