Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында Тайынша ауданындағы Тайынша қаласы мен Қарағаш ауылында болды. Кездесуге аудан әкімі, «NurOtan» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала қызметкерлері мен зейнеткерлер қатысты. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Сенатор кездесу барысында «Педагог мәртебесі туралы» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңдар мен Әкімшілік кодекс, Білім және ғылым, Денсаулық сақтауды дамыту саласындағы жаңа мемлекеттік бағдарламалар аясындағы 2019 жылғы Парламенттің жұмысы және 2020 жылғы 1 қаңтардан басталатын өзгерістер туралы хабардар етті. Депутат сондай-ақ 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамытудың қолданыстағы бағдарламасы бойынша, атап айтқанда «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасында көзделген ауыл өмірінің сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту және оларды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу мүмкіндіктері туралы айтты.
Кездесуге қатысушылар жүздесу барысында депутатқа өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге қаржы бөлу, Тайынша қаласында 600 орындық және Вишневка ауылында 125 орындық апатты мектептердің орнына мектеп салу қажеттігі, мемлекеттік органдарды электрондық құжат айналымына көшіру және деректердің сақталуы мен құпиялылығына кепілдік беру, хакерлік бұзулардан қорғау, стандарттар мен нормативтерге сәйкес келмегендіктен ауылдық жерлерде дәріханаларды жабу, атаулы әлеуметтік көмекті беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер қойнауын пайдалану мөлшерлемесі, ауыл шаруашылығы бойынша субсидияларға өтініш беру кезінде «Қолдау» жүйесінің жұмысындағы іркілістер, шетелден мал әкелуге еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінен рұқсат алу және т. б. мәселелер талқыланды.
Сенатор сондай-ақ Вишневка ауылындағы апаттық жағдайдағы орта мектепте, Қарағаш ауылындағы мал өсіру мен көкөністі тамшылатып суаруға маманданған «Астық-СТЭМ» серіктестігінде болды. Сенатор еңбек ұжымымен кездесті және көкөніс сақтау қоймасын, материалдық-техникалық жабдықталуын, жаңа техниканы, көкөністерді өсіру, сақтау және сұрыптауға арналған жабдықтарды көрді.
Қарағаш орта мектебінде ауыл тұрғындарымен кездесу болды, онда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатын өзгерістер түсіндірілді.
Сенатор кездесу барысында қойылған барлық сұрақтарға жауап берді, кейбір мәселелер жеке бақылауға алынды.