Сонау күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыста оқ бораған, отқа оранған майдан даласында фашистермен жан беріп, жан алысып шайқасқан жауынгерлермен бірге Ұлы Жеңіске партизандар да үлкен үлесін қосқаны тарихтан белгілі. Жау тылында жасырын жүріп, озбыр ойлы басқыншылардың жанын мұрнының ұшына келтіретін, үрейін ұшырып, шошытып оятатын халық кекшілдері небір ауыр айқаста олардың адымын аштырмай ойран салды. Біраз аумақты басып алып еркінсіген, есірген дұшпанның талайын жер жастандырды. Әскер, қару-жарақ тиелген жүк пойыздарын құлатты, деревнялардағы топтап қырылған жазықсыз бейбіт халықтың жақындарын жұбатты, Отанын сатқандарды (мұндайлар да кездесті ғой) сұлатты...
Украина, Белоруссия ормандарында, Ресей жерінде, тіпті Еуропа елдеріндегі жау тылында әрекет еткен партизандардың ішінде жүздеген қаһарман қазақстандықтың болғанын да жақсы білеміз.
Мына суретте сол бір ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сойқан соғыста қар төсеніп, мұз жастанған, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен төрт қазақ партизаны бейнеленген. Атап айтсақ, олар Ғалым Ахмедияров (солдан оңға қарай) Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жангелдин және Үсенбай Тастанбеков.
Сурет 1965 жылы 6 мамырда, тура жеңіс мерекесінің 20 жылдағы қарсаңында түсірілген. Қай жерде, қандай жағдайда, анықтау мүмкін болмады. Себебі Үсенбай атаның жеке мұрағатынан алынған суретте аты-жөндері, жылы, күні ғана жазылған. Өзіміздің ойымызша, костюм киіп, галстук таққандарына қарағанда бір салтанатты шара кезінде әрі бұрынғы астанамыз Алматыда түсірілген-ау...
Халық қаһарманы, даңқты Қасым Қайсеновты ел-жұрты ерекше сүйген, әлі де рухын айрықша ардақтайды. Тоқтағали Жангелдиннің кезінде партизандық жорықтары туралы бірнеше кітабы шыққан. Ғалым Ахмедияров та Отан үшін кеудесін оққа тосқан майдангердің бірі ғой. Ал өзіміз жақсы білетін қарасайлық жүз жасаған қария, соғыс ардагері (2019 жылы сәуір айында дүниеден өтті) Үсенбай Тастанбеков кім болған еді, енді осыған аз-кем тоқталсақ дейміз.
Үсенбай ата Бақтиярұлы танкіші ретінде қан майданның қақ ортасында жүрген, қаһарлы партизан да болған. Ол кісінің «Жалынды күндердегі жазулар» атты кітабы жайында Қасым Қайсенов: «...Көп жылдар өткеннен кейін, бастан кешіргендерін ой елегінен өткізгеннен кейін сол сұрапыл соғыста жау тылында шайқасқан партизандар Т.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н. Көшекбаев, Ү.Тастанбеков өз естеліктерін жазды.
...Кітапты оқып шыққаннан кейін автордың кім екенін аңғару қиын емес. Бұл – Ұлы Отан соғысының батыр партизаны, армиямыздың тәжірибелі де білгір, тапқыр командирі Үсенбай Тастанбеков. Ол «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, ажал аузынан аман қалып, сол сойқан соғыстың тірі куәгері ретінде жас ұрпаққа сол жылдардың шындығын жеткізіп отыр» деп пікір жазған.
Ү.Тастанбековтің Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қаскелең аудандық газеттерінің редакторы болғанын, шәкірттерінің ішінде тұма жырдың тұнығы, ұлы ақын Тұманбай Молдағалиев (алғашқы өлеңдерін жариялаған), ән өлеңінің классигі Нұрсұлтан Әлімқұлов, жазушылар Мұхаметжан Етекбаев, Заманбек Жәкенов, белгілі журналист Жұмаш Арғынбаев, атақты фототілшілер Сайлау Пернебаев, Нұрманбет Қизатов, көп жыл «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») Шымкент облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған Алтынбек Жолдасбеков бар екенін де айта кеткеніміз жөн. Өзі Алматы облысының, Қарасай ауданының құрметті азаматы атанған еді, нағыз ана тілінің жанашыры еді...
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы