• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 15 Қаңтар, 2020

Ақтоғайды аралап, тарихты саралап...

1383 рет
көрсетілді

Ақтоғай ауданы десек, Алаш галереясы көз алымызға келеді. Қазақтың үш арысы – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермек­ұлы, Жақып Ақбайұлынан бас­тап, әйгілі әнші-күйшілер Әсет Най­манбайұлы, Күләш Байсейі­това, Манар­бек Ер­жанов, Мағауия Хам­зин, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарман батырлары Қазбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіров дейік пе, небір ұлы тұл­ғаларға тұғыр болған бұл өлкенің топырағы ежелден киелі саналады. Одан бөлек, Ақтоғай өңірі Арқаның ең биік шыңы Ақсораң менмұндалап, Тоқырауын өзені толқып аққан әсем табиғатымен де ерекше қоныс екені белгілі. Және бұл байтақ пен байсынды аралаған кез келген жан, көр­кем табиғатпен астасқан аса бай ежел­гі мұраларға, небір тарихи құнды жәдігерлерге көптеп жо­лығар еді. Өкінішке қарай, осы бір таңғажайып топырақ рес­публика көлемінде көп на­сихатталмай қалып жатады. Мұ­ны айтып отырған cебебіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақа­ласы мен Президент Қ.Тоқаев­­тың руханият төңірегін­дегі игі бастамаларын негізге ала отырып, сол өңірден шыққан белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан немересі Медеу Чапай­ұлы екеуі «Ақтоғай тарихының тас сандығы» атты танымдық деректі фильм түсіріп, жақсы жаңалыққа елең ете қалдық.

Бұл туралы публицист Нақып­бек Сәдуақасов редакцияға арнайы қоңырау шалып, ілкімді істі сүйіншілеп жеткізді. Айтуынша, атасы мен немересі игі іске жар­ты жыл еңбектеніпті. Бес ай­дан аса уақыт бойы 5 мың ша­қы­­рым жол жүріп, тек өз күш-құ­ралдарының көмегімен-ақ көр­­некті істі көпшілікке маз­мұн­­ды ұсына білген. Аталған ең­­бек аудан жұртшылығына ғана емес, облыс, тіпті республи­ка ше­гінде үлкен мәнге ие ма­ңыз­ды материал деуге болады. Шынайы ықыласпен, ынта-жі­гер­мен жасалған тағы­лымды фильм бүгінгі ұрпаққа таптырмас еңбек, болашақ үшін бай мұра десек артық айтқандық болмас еді. Аса бір атап өтетін де, ең таң­данарлық жайт, фильм авторлары Т.Мұқан мен М.Чапай тәуекелге бел байлап, ешкімнен қаржылай көмек сұрауды ойларына да ал­маған. «Зерек ойлы, қажырлы да еңбекқор Тұңғышбай Мұқан бұл істе ешкімге салауатын сал­­­мағаны бізді қатты таң қал­ды­ра қоймады. Себебі, өзінің мағы­налы да саналы ғұмырын қа­зақтың тарихы мен шежіресіне, өл­кетану саласына арнаған ардагер азамат бұл фильм ертеңгі ұрпаққа жарқыраған темірқазық, үлгі-өнеге болсын деп біледі. Бір де бір пенденің аз-маз ақшасына тел­мірмей, тек өз қаражаты мен техникалық мүм­кіндігін ғана пайдаланған.  Прези­дент Қа­сым-Жомарт Тоқаев­тың был­тырғы Үндеуі бойынша 2020 жыл «Волонтер жылы» болып аталғаны баршаға белгілі. Қа­зақша – бас пайдасынан тыс еріктілер. Міне, Т.Мұқан мен М.Чапай еріктілер қозғалысын ел­ден бұрын, ол қозғалыс еш­кім­нің ойына келмеген өткен жы­лы, биліктің нұсқауынсыз, атал­ған игілікті істі өздерінің жүрек­терінің қалауы бойынша бастап кеткен», дейді Н.Сәдуақасов.

Үлкен іске қадам бастар ал­­дында Ақтоғай ауданының әкі­мі Салтанат Мірасылқызы бас­там­ашыл  еріктілерді жылы қабылдап, олардың идеяларына шынайы ризашылығын білдіріп, қол жетпес биікке қанат­тан­дыратындай рухани қолдау жа­саған. Дей тұрғанмен, Алаш арыстарының ізі мен ісі сайрап жатқан сайын даланың құнды шежіресін екі жарым сағаттық тұтас таспаға басып шыққан ру­­ханият шырақшылары әлі де мемлекет тарапынан қолдау тапса дегіміз келеді.

Авторлар 52 мың шаршы ша­қырым алып аумақты жай ғана бей­нетаспаға түсіріп өтпегені белгілі. Идея авторы Тұ­қаңмен сөй­лескенімізде ел мен жер­дің шежіресін жинау барысында әр ауылдың көнекөз, кеуделері  тарих пен тағылымға толы ақ­сақалдарын көптеп сөйлетіп ал­ғанын білдік. Олардың көбісі ар­ғысы тоқсан, бергісі жетпіс-сек­сеннің үстіндегі үлкен адамдар. Олардың са­налары мен көкірек сарайлары алтын сандық екенін жақсы біл­ген өлкетанушы барынша үлгеріп, ұмытылып бара жат­­қан ескі аңыз-әңгімелерді, ежел­гі жер-су атауларының біз біл­мейтін тарихын жазып алуы – өте үлкен кешенді жұмыс бол­ған. Бұл ретте Тұқаңның да ат­тай шауып жүрген, Құдай берген қуаты болмаса, қылшылдап тұрған жас жігіт демес едік. Оған Алаштың ұмытылып бара жатқан көмескі тарихына деген шынайы жанашырлық осындай батыл қадамдар жасатып отыр.

Фильмге келер болсақ, автор­лар аудан территориясын түгел аралап, тарихи жерлерді, көрікті табиғат объектілерін, алыс-алыс елді мекендерді, киелі орын­дарды, археологиялық кешен­­дерді түсіріп, кең көлемде ең­бектенген. Негі­зінен, Алаш қай­раткерлері туралы тың деректер – фильмнің басты өзе­гі етіп алынған. Сондай-ақ өңірдегі ар­хео­­логиялық кешендерді зерттеген ғалымдар Ә.Марғұлан, М.Қадыр­баев, Ж.Құрманқұлов, Л.Ермоленко, А.Бей­сеновтердің ғылыми матриалдары да  фильм­нің тұтас бойына арқау болған. Жалпы, 1947-1952 жылдары ака­­демик Ә.Марғұлан басқарған экс­пе­дицияның жұмыстары нәтиже­сінде Ақтоғай ауданынан Беғазы-Дән­дібай мәдениетіне жататын маңызды ескерткішер көп табылған. Осыған орай, фильмге аудан территориясындағы неолит, тас және қола дәуірле­рі­нен бас­тап, сақ, ғұн, түрік, қыпшақ кезеңдерін си­паттайтын археологиялық және та­ри­­хи ескерткіштер мен осы күнгі елеулі құбылыс-көріністер не­гіз болған. Фильмге аудан өңі­рін­де әр жылдарда өткен шара­­лардың материалдары да пай­­даланылған. Фильмнің бірінші көріністерінен бастап, адам жанын баурап алатын сазды әуен ретінде Ақтоғайдың әнұраны іспеттес Абзал Бөкен мен Дәртай Сәдуақасовтың «Ақтоғай – алтын  бесігім» әні  мен Серік Са­ғынтай, Қуандық Сәденов автор­лығымен жарыққа шыққан «Тоқырауын толғауы» әні «То­қырауын» ән-би ансамблі орын­дауында көрерменді бір­ден елі­тіп әкетеді. Бұ жұмыс елі­міз­­­­дің басқа өңірлерінің өре­лі өл­ке­танушыларына үлкен үл­гі болатыны сөзсіз. Фильмнің тұ­саукесеріне қа­тыс­қан Ақтоғай, Қарағанды, Балқаш жұрт­шылығы қомақты іске үлкен баға беріп, тіпті осы аталған тарихи маңы­зы зор материалды  Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауы­мен бүкіл Қазақстан бойынша кең насихаттау керектігін айт­қандар көп болған. Ра­сымен де бұл  игі істі иісі қазақ тү­гел көр­се артық емес. Тұңғышбай Мұ­қан бұ­ған дейін де қаншама ғылыми еңбек­тің авторы ретінде, елде отырып-ақ республика көлеміндегі бірден-бір әлихантанушы тұлға ретінде есімі елге жақсы таныс. Ойы зерек, сөзі зерделі осындай азаматтар ұлттың санасын шын мәнінде жаңғыртады. Ақтоғай – Алаштың рухани темірқазығы. Оның тарихы тұтас елге ортақ.