• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қаңтар, 2020

Елдік мәселені дауға айналдыруға болмайды!

186 рет
көрсетілді

Қарағандыда қала көшелерін ауыстыруға байланысты дискуссия болды. Ұлт мәселесін алаңға, көшеге алып шығып, талқылауға болмайды! Тарихтың тәжірибесі осындай. Бірақ біздің билік мұны да заңға кіргізіп, өзінше шектеп қойған екен, еріксіз барып, пікірталасқа қатысып, өз ойы­мызды айттық?!

Кеңес өкіметі 70 жыл сайран салып, келмеске кеткелі қашан?! Оның түбіне біз жеткен жоқпыз, тұйыққа тіреліп, барар жер, басар тауы қалмай, бір-ақ күнде серейіп, өзі құлап түсті! Мен бір нәрсеге аң-таң болдым, сол Кеңес өкіметі құлағанда көшеге бұл қалай болды деп, бірде-бір коммунист шықпады?! Қайта, оның құлағанына өздері мәз болып, қуанып, қазынасын пышақ үстінен бөліп алып, миллио­нер-олигарх болып шыға келді. Парадокс!

Бір қоғамдық-экономикалық фор­мацияның орнына оған мүлде керағар екінші формация келді. «Өліарада өмір сүрме, өкпең өшеді» дейді қытайлар. Біз сол өліарада өмір сүріп жатырмыз. Бұрын империяға бодан болған, мемлекет құрушы ұлт жоғын түгендей алмай жатыр, сол империяның қызығын көрген ұлыстар оған жақтырқап, жақтырмай қарап отыр?! Міне, бүгінгі даудың тамыры осында жатыр.

«Ленин көшесін неге ауысты­рады?!», дейді олар. Ленинді тәрк қылған біз емес – Ресей ғой. Ленин­град – Санкт-Петербург болғалы қашан?! Бұлар сол кезде қайда қалған?! Ресейде сол Лениннен не қалды?! Ресей Ленин орыс халқын иттің етінен де жек көрген екен деп, небір тарихи құжаттарды жалғанның жарығына шығарып жатыр ғой?! Өзге ел түгілі, өз халқын жек көрген Ленинді тарих қойнауына жіберіп, Ленин көшесін Абай көшесі деп атау туралы елдің ұсы­нысы тарихи, әділ ұсыныс. Қазақстанда көшесінде Абайдың аты аталмайтын жалғыз қала Қарағанды көрінеді...

Кривогуз деген кім? Оны осы кө­ше­де тұратындардың өздері біле ме екен?! Бұл көше советтік-социалистік-то­та­литарлық қоғамнан көресісін көріп, егемен еліне 100 жылдан кейін әзер ора­лып, сол көшеде бізге қасқая қарап тұрған Қасым ақынның атымен аталуға лайық.

Ел мен жерді алаңға шыға­рып, дауға айнал­дыруға болмайды! Атырау-Арқа-Алатау-Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр ай­мақты қызыл қанын төгіп, найзаның ұшы, аруақтың пысымен қорғап қалған – қазақ, мемлекет құрушы титулды ұлт! Ел де соныкі, жер де соныкі! Империя кел­­мес­ке кетті! Енді қайтып келмейді ол!

Біз де Абай мен Шоқан сынды Пушкин мен Толстойдың, Достоев­ский мен Потаниннің Ресейін сүйеміз! Сүйгенде де егіліп, еміреніп сүйеміз!

Собакевич пен Чичиков, Манилов­тар мен Ленин-Сталиндердің Ресейі емес, әрине... Ұлы Ресейді! Про­гресшіл Ресейді! Өркениет өріне бара жатқан Ресейді!

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері