Облыста 6841 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Оның 1586-ы ірі акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 5255-і шаруа қожалығы. Осылардың барлығы егін егумен айналысады. Мал ұстайтындары тек 120 ғана.
Егер барлық құрылымдарды егін егумен бірге, мал шаруашылығын өрістетуге жұмылдырса, ет пен сүт мол болып, ауылдың еңсесі көтеріліп қалмай ма? Екі қолға бір күрек таба алмай отырған қаншама адамға жұмыс болар еді. Тұрақты табыс тауып отырса, өкпе-наз да айтылмайды. Бұл әрі-беріден соң Алаштың алтын бесігі – ауылды сақтап қалатын игілікті шаруаға айналары сөзсіз. Тек бір әттеген-айы, жердің игілігін көріп отырғандар малымызды бағып, ел де біздің оңынан тұрған ісіміздің игілігін көрсін дейтін ниет болмай тұр. Сондықтан шаруасы шалқыған ауыл шаруашылығы құрылымдарын егін егумен бірге, мал бақтыруға ынталандыру да қажет.
Ал мал бағуға мүмкіндік мол. Ақмола облысында түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар жайылымдық жер тусырап бос жатыр. Мал азығын дайындайтын шабындық жер де бар. Мәселен, облыстың жер аумағы 14,6 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері 10 миллион 782 мың гектарға немесе барлық жердің 74 пайызына тең. Мұның 5,7 миллион гектары егістік, 4,5 миллион гектары жайылымдық жерлер.
Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Осы істің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 миллион 110 мың гектар жердің пайдаланылмай, бос жатқаны анықталып отыр. Осы жерде төрт түліктің қаншасын бағуға болар еді?
– Ауылдың еңсесін көтеретін жалғыз жол, мейлінше ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарын мал бағуға міндеттеу, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Қасым Ахметов, – кешегі кеңес заманында ауыл шаруашылығының екі саласы қатар дамыды. Сол арқылы жұмыс қайнап жататын. Бос отырған ешкім болмады. Қазір егін шаруашылығымен айналысатындар ауылға көктемде бір, күзде бір келеді. Қалған уақытта ешкіммен шаруасы жоқ. Әрине қолынан келген азаматтардың жұмыс істеп, табыс тапқанына ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен, егін алқаптары бөлінген кезде бұл шаруашылықтарға тиісінше жайылымдық, шабындық жер де бөлінеді.
Жер иесі болып саналғанымен, мал бақпаған соң жергілікті тұрғындарға көк тиын пайдасы жоқ. Егер мал ұстаса, ауылда екі қолын қусырып отырған адамдар біреуі малшы, біреуі сауыншы болып тұрақты табыс табар еді. Жұмыс бар жерден кім көшсін.
Өкініштісі, ауыл шаруашылығы құрылымдары бейнеті көп мал шаруашылығымен айналысуға құлықсыз. Соның кесірінен қаншама жер кәдеге аспай жатыр? Осы арада бұған дейін ешкімнің 613 мың гектар егістік алқаппен, 490,2 мың гектар жайылымдық жермен жұмысы болмағанын айта кетуге тиістіміз.
– Шынтуайтында, шағын шаруа қожалықтары егін егуге ынталы, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев, – бұл жерде қолбайлау болып отырған мәселе – олардың қолында қаржының жоқтығы. Мәселен, тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру үшін мал сатып алумен қатар, қорасы, сауын аппараттары тәрізді көптеген қажеттілік бар. Бұл қомақты қаражатты қажет етеді. Шаруа қожалықтарының банктерден несие алуы үшін қоятын кепілдіктері болмай отыр. Міне, осындай тығырыққа тірелудің салдарынан мал шаруашылығын дамытуда ішінара қолбайлау бар.
Басшының айтып отырғаны – шағын шаруа қожалықтары төңірегіндегі уәж. Ал жыл сайын мыңдаған гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын егіп, тәп-тәуір табыс тауып отырған ірі шаруа қожалықтарының мүмкіндіктері бар. Бірақ мал баққаннан егін еккен әлдеқайда жеңілірек.
– Біздің жақта қыс ұзақ. Әсіресе қара мал алты ай бойы қолға қарайды. Қаншама мал азығын дайындау қажет, – дейді атбасарлық Алтай Қонысбаев,–бәлкім мал ұстауға енжарлық таныту осындай қиындықтардан туындап отырған шығар. Осы мәселеге мейлінше мән берілсе, ауыл шаруашылығы өнімдері бәсекелестік заңына орай қымбаттамас еді. Өйткені алушыдан сатушы көп болады ғой. Байыптап қарасаңыз, жердің бос жатқаны кімге пайдалы. Өзіміздің бар мүмкіндігімізді пайдалана алмай отырмыз ғой.
Осы тақырыпты зерделесеңіз, екіұшты ойға қаларыңыз анық. Мәселен, қияндағы шоқ жұлдыздай шағын ауылдардың жерлері бос жатса, ірі елді мекендердің маңайында қолдарындағы бірер малды бағуға тоқымдай жер таба алмай отырғандар аз емес.
– Ел еңбек етуден қол үзіп қалған. Ұмтылғанмен, жайылымдық, шабындық жердің жоқтығынан бір қолын екі ете алмай отыр, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов, – егін де егіп, мал да бағып көрдік. Қазір ел ішінде отырсақ та, белін буып мал бағамын деп ұмтылып отырған адам таба алмайсың. Малшы түгіл механизатор да жоқ. Қатарынан үш жыл бойы науқандық жұмыс кезінде механизаторларды көршілес облыстан ат-түйедей қалап әкеліп отырмыз. Әрине екі саланың тізгінін тең ұстаған жақсы. Мәселен, егін нашар шықса, малдан түскен табыс жыртығымызды жамар еді. Бірақ соған мүмкіндік жоқ. Мал бағатын, мал азығын дайындайтын жердің бәрі алпауыттардың қолында. Олар шөбін шаппақ түгілі бір қарыс жеріне табаныңды тигізбейді.
Ақмола облысы – Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі бірегей облыс. Азық-түліктің жұмыртқа, ұн тәрізді түрлері мол болғанымен, ет және сүт өнімдерімен қамтуда олқылық бар. Мәселен, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету көлемі былтырғы 11 айдың ішінде 34 пайызды ғана қамтыған. Рас, талпыныс бар. 107,5 мың тонна сүт өнімдері астананың сауда нүктелеріне жеткізілген. Әйтсе де аздық етеді. Табиғи сүттің есесіне астананың сауда сөрелерінде құрғақ сүттен жасалған өнімдер сыңсып тұр. Жоғарыдағы біз айтқан ойды дамытсақ, жергілікті табиғи өнім шеттен келетін сүт өнімдерімен қатар құрғақ сүттен жасалған тағамдарды ығыстырып, бәсекелестіктің бәсін арттыра түсер еді.
Дастарқанның берекесін келтіретін ет пен сүт қана емес, көкөніс те қажет. Целиноград ауданындағы «Грин стар», Аршалы ауданындағы «Еңбек-1», Шортанды ауданындағы «Табиғат ТР» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бір мыңнан астам суармалы жерлерді игеріп, қызылша, қырыққабат, сәбіз, картоп өсіріп жатқанымен, азық-түлік белдеуінің көкөніске сұранысын 30 пайызға ғана өтей алып отырмыз. Осы орайда тағы да тусырап бос жатқан жер туралы қадап айтуға тура келеді. Көкөніс өсіруге қолайлы сулы, нулы жер Ақмола облысында аз емес. Бірақ соның басым бөлігі не өздері екпейтін, не өзгеге еккізбейтін жер иеленушілерінің қолында.
Сөзімізді түйіндей келе, мәселенің мәнісін індетіп, ұсынысымызды да айталық. Ең алдымен егін егетін ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал бағу да арнайы заң арқылы міндеттелсе.
Ақмола облысы