Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров, сондай-ақ сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов депутаттардың аймақтарға сапары аясында Қарағанды облысында болды.
Парламент жоғарғы палатасының депутаттары «АрселорМитталТеміртау» АҚ-тың негізгі объектілерінде, атап айтқанда, №3 домна пешінде және №1 жалпақ темір цехында болған кезде кәсіпорын қызметімен және жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысты.
Кәсіпорын басшылығымен және кәсіподақ ұйымының өкілдерімен мазмұнды әңгіме өрістеді. Жүздесу кезінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс қуаттылығын жаңғырту, еңбекшілердің мүдделерін ілгерілетудегі кәсіби одақтардың рөлін нығайту мәселелері талқыланды.
Сенат депутаттары халықтың әл-ауқаты қоршаған ортаға тығыз байланысты екеніне және зиянды шығарындыларды азайту жөніндегі қазіргі заманғы технологияларды енгізу бойынша Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген шараларды қабылдау қажеттігіне кәсіпорын басшылығының назарын аударды.
Тұтастай алғанда, кәсіпорынды орнықты даму траекториясына шығару, өндіріс өлшемдері мен бәсекеге қабілеттілігін жақсарту, Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру жөніндегі тиісті шараларды қабылдау мәселелері сенаторлар сапарының нәтижесі бойынша «АрселорМитталТеміртау» АҚ жұмысының негізгі басымдығы ретінде айқындалды.
Депутаттар сондай-ақ Қарағанды медициналық университетінің клиникалық базасы – №1 көпсалалы ауруханасында болып, стационар жағдайында медициналық қызметтер көрсетудің мультидисциплинарлық жүйесімен танысты, тұтастай алғанда өңірдегі клиникалық мамандық кадрларымен қамтамасыз ету деңгейіне, денсаулық сақтаудағы көпсалалы мекемелердің техникалық жабдықталуына назар аударды.
Аурухана қызметкерлерімен және университеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында мемлекет қабылдап жатқан мамандандырылған медициналық көмекті алуға қолжетімділік жөніндегі шаралар, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шаралар талқыланды.
Кездесу барысында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөніндегі заңнамадағы жаңалықтарды талқылауға ерекше мән берілді. Өткен жылғы қыркүйектен бастап Қарағанды облысының медициналық ұйымдарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қанатқақты байқау жасалды. Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің нәтижелері депутаттарға көрсетілді.
Жұмыс сапары еліміздің Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында одан әрі жалғасты. Оқу орнының басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу, оған сәйкес «Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жол картасын» қабылдау жөнінде пікір алмасылды.
Кездесуге қатысушылар полицияны мемлекеттің қарулы құралынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған, қызмет көрсететін органға айналдыру жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттің аясында басымдыққа ие мәселелерді талқылады.
Депутаттар өз сөздерінде қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша маңызды заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізу; жеке адам құқықтарын қорғауды күшейту; қылмыстық процесс пен жазаларды орындау жүйесін одан әрі ізгілендіру және жазалауды азайту туралы айтты.
Қарағанды облысы