Ізгілік нұрының шапағаты жәрдемге мұқтаж жандарды қолтығынан періштедей демеп көтерсе, қоғамның келбеті де сәуірдің ақ таңындай ажарланып қалар еді.
Ауылдың жел жақ өтінде тұратын жалғызбасты зейнеткер Валентина Демидкоға қыс бірқыдыру қиындықтарды ала келеді. Соның ішінде ең қиыны – ауланы қардан тазарту. Түнеукүні түнімен майлы боран ұйытқыды да тұрды. Құлқынсәріден аулаға шықса, қар басып қалыпты. Кішкентай күрегімен түртініп көрген. Қайда?! Су қар көксоқталанып, жабысып жатыр. Тіпті бір күрек түгіл, бір шөкімін көтере алар емес. Түске дейін бейнеттенген. Түс ауа мектеп оқушылары келді. Зейнеткер ақ түйенің қарны жарылғандай қуанып қалды. Таң атқалы тау-тау болып үйілген қасат қардың азабы тұла бойын суық темірмен қарып алғандай тоңдырып тұр еді, қоғамшыл, қайырымды балалардың көмек қолын созған ізгілік нұры қарт жүрегін жадыратып жібергені. Жалғыз өзі ғана емес, осында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Скарюкинаның да жағдайы мәлім. Қарға адым жер ұзап шыға алмайтын ол қарияны да жаңағы балалар қамқорлықтарына алған. Қысы-жазы үй маңайын тазалап, азық-түлігін әкеліп беріп, қолғабыстарын тигізуде. Өздері де әңгімешіл, әр нәрсені білгісі келеді. Әсіресе Нина апайдың Ұлы Отан соғысы кезіндегі қияпат оқиғалар жайлы айтқан естеліктерін құлақ қойып тыңдайды. Бірде ерлік істерге сүйсінсе, енді бірде майдан даласындағы бір-бірін құтқарып, өз бастарын қатерге тігіп, жолдастары үшін жандарын пида еткен абзал азаматтардың тағдырына мұңаяды. Қалай болған күнде де, қарт көкірегінде қатталып жиналған адамгершілік, кісілік туралы ескірмес естелік жас жүректерге ықпал ететіндігі даусыз.
Макин орта мектебінде «Еңбектік десант» атты қозғалыс осыдан он жыл бұрын құрылған. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар өзара ақылдаса келе, волонтерлер клубын құру идеясы пайда болып еді. Жандарында өмір сүріп жатқан кейбір жабырқау жандардың көңіліне медет болуға барлығы құлшыныс білдірді. Қазір мектеп жанынан құрылған «Мейірімді жүрек» еріктілер клубының құрамында жоғары сыныптарда оқитын он бестен астам оқушы бар. Бір-бірінің жақсы ісін үлгі еткен жас толқын арасынан аталмыш клубқа мүше болуға талпынып жүргендер де аз емес.
– Біз өзіміздің осы бір болар-болмас көмегіміз арқылы жалғызілікті жандардың демеуі болғымыз келеді, – дейді клубтың көшбасшысы, 10-сынып оқушысы Абылай Қасымов, – замандастарымыздың арасында адамгершілік пен азаматтықты, мейірімділік пен адалдықты дәріптегіміз келеді.
Жастардың көшбасшысының айтуына қарағанда, жыл бойына жоспар жасалады екен. Ол жоспарларында өздерінің қолдарынан келетін нақты істер сараланады. Сол іс-қимылдары арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, мүгедектер мен қарт адамдарға көмектесіп, кейде бой көрсетіп қалатын ауыл ішіндегі құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалыспақ. Ардагерлермен кездесіп, көп балалы отбасылармен тақырыптық жүздесулер өткізу де межеленген.
Айтпақшы, балалардың осындай бір ізгі ниетіне ата-аналары да қолдау білдіріпті. Балалардың қауқары жетпей жатқан іске ата-аналары да қолғабыс көрсетіп қояды. Жанашырлық – жалғыз қолға күрек ұстап қар күреу ғана емес, рухани жан дүниені де сәулелендіру. Бұл бағытта да өнерлі балалардың табиғи таланттары жүдеу көңілді жадыратарлық. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Біржан сал аудандық «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арнап қызғылықты концерт қояды. Ауыл тұрғындары да мұндай қызықтан шет қалмайды.
– Біз үшін, – дейді Абылай Қасымов, – ешбір атақтың қажеті жоқ. Үлкендердің ақ батасын алсақ болғаны.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы