Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті әлеуметтік зұлымдықпен күнделікті күресудің жаңа әдісін ұсынды.
Жаңа әдіс Көкшетау қаласы әкімінің кеңсесінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс компьютерлерінде «Пара берме, пара алма» деген хабарлама арқылы жүзеге аспақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Пара алма, пара берме» ескертуі мемлекеттік аппараттың әр қызметкерінің жұмыс үстеліне орнатылады. Экрандағы 20 секундтық ескертпе сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың және мемлекеттік қызметкерлер арасында аталмыш індетке қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді әдістерінің бірі болады деп күтілуде. Ескерту тек Көкшетау қалалық әкімдігінің қызметкерлерінің компьютерінде ғана емес, қала әкімі Амангелді Смайыловтың да қызметтік құралына орнатылды.
–Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам жұмыс күнін компьютері арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу туралы ескертуден бастағаны өте орынды. Сол ескерту арқылы жемқорлыққа жоламай, қызметін адал атқаратын болады. Қалалық әкімдікте қабылданған тәжірибені алдағы уақытта облыстың барлық мемлекеттік органдарына енгізу жоспарлануда, дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаментінің басқарма жетекшісі Бақытжан Әмірханов.