Көркем шығарманың атауы әманда авторлық концепциямен, суреткерлік идеямен һәм образдар табиғатымен жымдасып келуі өте сирек құбылыс. Туындының эстетикалық әсерін, бар ой-салмағын сығымдап, бір ғана атауына сыйғызып, символдық мәнге айналдыруға, әрине тек шын таланттың ғана қауқары жетпек. «Ана – Жер-Ана», «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Боранды бекеттің» образды мағынаға ие болуының астары осында жатса керек. Бұл қалам-қабілет – сөз өнерінде қырғыз әдебиеті поэтикасының құдіретін танытқан Шыңғыс Айтматовтікі. Адамзаттың зілмауыр проблемаларын там-тұмдап шығармасына төккен суреткер әлем мен адам алдына өмірлік құндылықтарды көрсете алды. Бір шығармасымен екіншісі ұқсамайтын Айтматов шығармашылығының тағдырлы кейіпкерлері Жәмиладан басталып, Танабай, Едігеден асып, Авдий Калистратов, Бостан Үркіншиев болып жалғасты. Қанша «жазылып болды, оқылып бітті» дегенімізбен, Айтматов шығармасына қайта оралып жатамыз. Бүгін де сол дәстүрден жаңылмай, әдебиеттанушы-ғалымдармен Айтматов суреткерлігі хақында ой қозғамаққа бекіндік.
– Бейнелеп айтқанда, Айтматов шығармаларын оқып болған соң, Ай үстінде біреу отырғандай сезіммен аспанға көз саласыз, сол айдан ессіздік пен құсаның, ұмытылған қасиеттердің белгісіндей Найман ананың ақ орамалын көргендей боласың. Айтматов қаламының осы сиқыры, адам жанын тебірентетін жұмбақ қуаты барлық шығармаларына бірдей берілді ме?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Айтматов – космикалық кеңдіктердің, яки интеллектуалдық биіктік пен адамдық тереңдіктердің адамы. Таңғалатын бір дүние, Айтматовтың кеңдігі мен тереңдігі өмірден өткен соң бұрынғыдан да анығырақ байқалуда. Оның жазушылық, гуманистік қадірі асқақтап барады.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– Қай қаламгердің де интуициясы, интеллектісі шығармаларынан әркелкі деңгейде белгі береді. Көп құпия жүйелі еңбекке, көңіл күй шабытына, т.б. кешенді әсерлерге байланысты. Ендеше, құлшынған қаламның қызуы мен қуаты қай шығарманың да көркемдік әлеміне әсер етпей қалуы мүмкін емес.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Айтматов шығармалары – әдеби көркемдігі, терең психологизмі, интеллектуалдық потенциалы тұрғысынан әлемдік әдебиеттің Федор Достоевский, Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй, Михаил Шолохов, Габриэль Гарсиа Маркес секілді алыптарының ең таңдаулы деген туындыларынан ешбір кем соқпайтын адамзаттық құндылықтар. Ал осындай биікке көтерілген оның туындыларының оқырмандарды еріксіз баурап алатын сиқыры неде деген сұраққа келер болсақ, меніңше, ең алдымен оның көкірегін жарып шыққан туындыларында суреттелетін өмірлік ситуациялардың барынша шыншылдығында, олардың сыршыл лиризмінде, адамзатқа ортақ гуманитарлық проблемаларды жұрттан бұрын аңғара білетін, сезе білетін зеректігінде.
Жалпы, гуманитарлық проблемалар дегеннен шығады, егер адамзат, оны басқарып отырған қазіргі ат төбеліндей азғантай элита негізінен ең алдымен біз өмір сүріп отырған заманның ең көкейкесті рухани мәселелерін шешіп алмай, тек қоғамның технологиялық дамуын күйіттеп кете беретін болса, бұл түптің түбінде бәрімізді тығырыққа апарып тіремей қоймайды, тіпті мұндай біржақты дамудың ақыры бізді планетарлық деңгейдегі апатқа әкелуі мүмкін. Демек, тұмсығына атомдық бомбалар орналастырылған, жүздеген, тіпті мыңдаған километр қашықтыққа жарыққа тән жылдамдықпен әп-сәтте жетіп барып, діттеген нысаналарының күлін көкке бір-ақ ұшыратын жойқын баллистикалық ракеталарды ойлап тапқан зор техникалық сана иелерінің бір күні жер атты планетамыздың ойпан-тойпанын шығармасына ешкім кепілдік бере алмаса керек. Сондықтан да, асылы, енді алдағы уақыттарда, күннен-күнге әлемдік деңгейдегі осындай қауіп-қатерлер ушығып тұрған мына заманда – сайлаушылардың мемлекеттер мен халықаралық қауіпсіздік ұйымдарының тізгінін гуманитарийлерге бергені дұрыс болар еді.
Қазіргі мынау біз өмір сүріп отырған кезеңде адамзатты алдан күтіп тұрған осындай дағдарыстарды күні бұрын сезіп, оларды көркемдік әрі философиялық тұрғыдан барынша жетемізге жеткізіп бейнелеп бере алатын Айтматов секілді алып суреткерлердің болмауы немесе болса да тапшы болуы біздің өркениетіміздің дұрыс жолмен дамуына үлкен кедергі болып тұрғаны сөзсіз. Естеріңізде болар, XX ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген Айтматов шығармаларында бейнеленген табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан пайда болған экологиялық апаттар мен мәңгүрттік деп аталатын саяси-әлеуметтік феноменнің сол кездегі Кеңес Одағының оқырмандарына ашық күндегі найзағайдай әсер етіп, жаппай тоғышарлануға бет алған социалистік реализм үрдісінде тәрбие алған кеңестік, коммунистік сана иелерін үлкен рухани катарсиске түсіргені. Сондықтан да Шыңғыстың «Боранды бекет», «Жаңғырық» (жаңғырық деген сөз – омоним, оның бірінші мағынасы орысша эхо болса, екінші мағынасы ағаш жаратын немесе өлімге кесілген қылмыскерлердің басын шабатын дөңбек, кеспелтек бөрене ағаш дегенді білдіреді) романдары кезінде Кеңес қоғамында бұрын-соңды болмаған резонанс тудырған болатын.
– Жалғыздық концепциясы Айтматов шығармаларында культтік образдар тудырды. Айтматов «жалғыздығының» мәні неде?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Айтматов өзі жайлы, адамдық, тұлға ретіндегі тағдыры жайлы өз шығармаларында аздап айтып кетті. Бірақ солардың арасындағы айдай ашық анығы Шықаңның тұлғалық, адамдық қасиетіне жақыны космос монахы, яғни Филофей болды. Мен Филофейді Айтматовтың метафора ретіндегі портреті деп түсінемін. Осы жайлы Шыңғыс аға «Кассандра таңбасы» романында әбден қызықты жазды.
Жалғыздық – біздің заманның ең кең таралған интеллектуалды драмасы. Оның себебін бір сөзбен түсіндіру қиын. Ең негізгі себебі – бір кездерде миллиондаған адамның жүрегіне үміт отын жаққан әлеуметттік және саяси иллюзиялардың іске аспағаны, өткен заманның соңында біржола қирағанға ұқсайды. Басқаша айтқанда, рухани дағдарыс, оның ішінде діндер қақтығысы әрқайсысымызды моральдық тұрғыдан тығырыққа тіреді. Өз жанымызды мазалаған сұрақтарға жауап таппадық. Мәселен, Хемингуэйдің өміріне қараңыз. Селинджер, Юкио Мишима, Маркес... Орыс ақыны Юрий Кузнецовтың: «Я в поколенье друга не нашел...» деген жолдары дәл Айтматов хақында айтылғандай.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– Жалғыздық «мәселесі» – жер планетасы халықтарының фольклорында да, жалпы әлем әдебиетінде де әзелден бері әртүрлі ыңғайда сипатталып, сараланып келе жатқан таныс гәп. Дегенмен, ғылыми ой мен көркемдік ойдың өзара ықпалдаса дамуына сәйкес XIX ғасырдан бастап, көркем туындылардың мазмұндық ерекшелігіне алуан ракурста, қилы мақсатта зор әсер еткені мәлім. Ер Тарғынның мертіккен сәті немесе Төлегеннің аспанда ұшқан алты қазға мұң шағуы секілді оқиғалық-психологиялық сәт-эпизод үлгісінде қалмай, мазмұнның ажырамас, табиғи эстетикалық, өзекжарды сыры мен шындығына айналды.
Адам мен болмыстың, адам мен қоғамның, адам мен мемлекеттің, адам мен адамның объективті және субъективті қарым-қатынастарынан туындайтын қайшылықтар мен үйлесімдер қисапсыз. Сол тараптан жеке тағдыр мен соған тікелей немесе жанама әсер ететін ықпалдарды сол дәуірге тән кезеңдік немесе жалпыуақыттық контексте байыптау қажеттілігін тудырған – заманның күрделі, сан салалы құбылыстары. Күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен келешек тағдырына – шамамен жобаланған, бұған дейінгі салыстырмалы түрде дағдылы, үйреншікті сезілген дүниеге енді ойда жоқта жарқ еткен жасындай тосын сәуле түсірген, айтып болмас, аңғарып бітпес ауыр зардабын тигізген идеялық ұмтылыстар қақтығысы әсіресе XX ғасырда жан шыдатпай асқынды, тактикасы табылғанымен, стратегиялар қарсылығы шиеленісе түсті. Бір ғасырда ғана тұтанған екі дүниежүзілік соғыс тарихтың тығырығынан, аласапыранынан шығудың жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Енді бұрынғы көзтаныс жалғыздық философияда да, әдебиет пен өнерде де айрықша көркемдік категорияға айналып, түрлі «измдердің» таралуына түрткі болды. Өмірдің бір қарағанда, қарапайым сияқты, ал түптеп келгенде, тамырлары әбден матасқан да шатасқан, алдау мен адастыруға қолайлайтын мүмкіндіктерін барлау-байыптау әдебиеттің проблемалық өзектілігіне алабөтен әсер етті. Ендеше, заманының ең көкейкесті, ең күрделі мәселелеріне қашанда зер салып, үнемі оңтайлы шешімін, лайықты жауабын іздеген ойшыл суреткердің шығармаларында жалғыздықтың алуан сипаттағы мазмұндық-эстетикалық бірлік ретінде бірегей концепциялық сипат алуы заңды болатын.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Негізінен жалғыздық дегеніміз бар адамның басында бар жағдай ғой. Сондықтан да атамыз Қазақ: «Құдай – жалғыз, мен – жалғыз» немесе «Атадан он болсаң да, әр басқа – бір жалғыздық» дейді. Меніңше, жалғыздықтан қашудан да, үрейленудің де қажеті жоқ секілді. Мүмкін ол – адамның саналы индивид ретінде дамуының ең басты шарты болуы. Тәңіріміз бізді өз тағдырымызды өзіміз жасауымыз үшін, тырбанып тіршілік етуіміз үшін, ақырында өзінің алдына барарда біздің кім екенімізді танып білу үшін осылай жаратқан шығар. Меніңше, Ш.Айтматов – осыны терең түсінген суреткер.
– Адамды жануардан бөліп қарамайтын автор теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет, балықшы шал, Гүлсары мен Қаранар сынды тағдырлы һәм жалғыз жануарларды кейіпкер қылуында қандай әдеби астар бар? Және бұл көркем шығармада қаншалықты ұтымды тәсіл?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Айтматов о бастан жануарларды адамдардан бөліп қараған жоқ. Меніңше, дүниеге көзқарасы жағынан Шыңғыс Айтматовты жаңа дәуірдің Франциск Ассизскийі сияқты тұлға деп есептеймін. Әлбетте, Шыңғыс Франциск сияқты ұлы болмады. Бірақ ат пен түйені, аспандағы қыран бүркітті, түздегі қасқырларды жақыным, тағдырласым деп сезінді. Олардың образын суреттеді. Бейнелегенде де таза һәм пәк махаббатты жанымен көрсете алды. Айтматовтың талассыз гуманизмі, міне, осында.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
–Тағдыр мен болмыстың сан сырлы, сан қырлы сабақтастығы мен қайшылықтарын символдық мәні бар айрықша «кейіпкерлер» арқылы пайымдау мен бейнелеудің мүмкіндіктері мол. Адам тағдырын, танымдағы жаңғыруларын, қоғамдық болмыстың дәуірлік келбетін көркемдік байыптаудың өзіндік үлгісі ретінде пайдалану – қаламгердің көркемдік ойлауының «куәсі» әрі мақсатты ұмтылысының нәтижесі. Кеңестік дәуірде ашық айтуға ерік берілмейтін ақиқатты айшықтауда, айтуда мегзеу, астарлауға ұштасатын кейіпкерлердің өзіндік болжалды нысанасы мен астарлы мазмұнмен байыған салмағы болғаны аян.
Мұндай тәсілді қолданғанда, басқаша айтқанда, астарлау мен тұспалдауда «қолға ұстарлықтай» нақтылық мардымсыз сезілгенімен, емеурін, ишара арқылы небір қиян, қиырды қиялмен шарлауға ұшыратын қисын жеткілікті. Әлбетте, дерексіздік, бұлыңғырлық жөн-жосықсыз жосыған, сау басты сарсаңға салатын бұлдыр-буалдыр елестер әлеміне ұласып кетсе, әрине сөз басқа. Көркемдік логикасы сыңарезулеп, бет алдына лағып кетпейтін, тиянағы мызғымайтын, эстетикалық аңсары маздаған, нағыз көркемдік бірлікке айналса, шындықты байыта түседі. Әдеби астар дегеніңіз осы шындықпен тікелей сабақтас. Ал ұтымдылығы шеберлікке байланысты. Мысал келтіру, талдау – арнайы, жеке зерттеудің жүгі.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Әйгілі қырғыз жазушысы өзінің шығармаларында жануарларды әдейі адамдандырады (очеловечивает). Ондағы мақсаты, біріншіден, олардың өмірін, тіршілігін солардың иелері – адамдармен байланыстыру болса, екіншіден, олардың ауыр тіршілігін оқырмандарға түсініктірек ете түсу.
Ислам дінін зерттеген ғұламалар адамды «халифа (орынбасар)» деп атайды. Құранды осы түсінік басынан аяғына дейін көкей өтеді дейді олар. Демек, адам жаратушының жердегі орынбасары болса, оған артылатын сенім де, жүктелетін міндет те өте зор болып шықпай ма? Ендеше, Тәңірісі басқа жаратындыларынан ерекшелеп, саналы индивид етіп жаратқан жарғақ құлақты, жалпақ басты пендеңіз мына жер атты планетадағы күллі тіршілік иелерінің – таулар мен тастардың, бұлақтар мен өзендердің, теңіздер мен мұхиттардың, олардың баурайлары мен жағалауларын мекен ететін өсімдіктер мен жануарлар әлемінің, яғни бүткіл флора мен фаунаның сау-саламаттығына жауапты деген сөз. Сондықтан да Ш.Айтматов адамдардың жер бетіндегі осы бір ұлы миссиясын жан-жақты аша түсу үшін өзінің шығармаларына адамдармен қатар Алатау мен Ыстықкөлді де, Қаранар мен Гүлсарыны да, Тасшайнар мен Ақбөріні де бір-бір кейіпкер етіп ала отырып, әлемдегі Алла тағала жаратқан ұлы бірлесік пен үйлесім салтанат құрған табиғи қалпында суреттейді. Сонда ғана барып болмыстың шындығы бүтінделе түседі.
– Момын қарт пен Әбутәліп ұстазды, яки Боранды Едіге мен малшы Танабайды немесе Алтынай, Жәмила, Бегімайларды не байланыстырады? Ортақ характерлік мінез бар ма?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Әбутәліп пен Танабайды, Алтынай мен Едігені жақындатып тұрған бір дүние бар. Махаббат. Бұл кейіпкерлердің бәрінің сезгені де, көргені де махаббат. Айтматов философиясындағы махаббат концептісі – бөлек һәм ерек ұғым. Оның махаббат концептісіне гедонизм, қасірет пен трагедия, тіпті өмірдің қызық шақтары да кіреді. Трагизм – Айтматовтың өмірлік көзқарасының негізі, тіпті іргетасы десек болады.
Өмірінің соңында берген бір сұхбатында қаламгер: «Любовь – богиня будущего. Без любви не может быть будущего у человека. Любовь – основа жизни. Не будет любви – не будет связанных с нею страстей. И жизнь человека станет опустошенной. И потом, не будет любви – не будет детей, фактора, связующего нас с будущим. Все, что дано природой, звездами, Космосом, – любовь в себя включает. Любовь – это симфония, точнее, мировая симфония», – деген еді.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– «Байланыстыратын», үндестіретін – рухани тазалыққа ұмтылу, өз кезінің күрделі қайшылықтарының телегейінде қарманып жүріп, өз бақытын табуға, әділет іздеуге құлшыну. Әлем әдебиетінде кейіпкерлерді «туыстастыратын» мінездер көп-ақ. Философияда да, психологияда да, әдебиетте де бұған мысалдар аз емес.
– Айтматовты кеңестік жүйенің соңғы жазушысы деп айта аламыз ба?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Айтматовтың өмірлік және шығармашылық жолындағы басты дүние – ол нағыз кеңес жазушысы бола алды. «Кеңес адамы» дегенді қалай түсінеміз? Мұндағы бар гәп ұшы-қиырсыз ұлы держава Кеңес одағы мен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының бір дәуірге тап келуінде. Адамзаттың бір тұтастықта, ажырамас бірлікте болуын қалаған Айтматов үшін Кеңес империясы адамдық, гуманистік тәжірибе болды. Рас, оның Кеңес Одағымен қарым-қатынасы – амбивалентті қатынас болды. Содан кейін ризашылық та, наразылық та, сүю де, жатырқау да, керек болса, жек көру де болды. Империяның ірі сыншыларының бірі болса да, Шыңғыс аға шынына келгенде одақтың бір заматта құлап кетуін қалаған жоқ. Дәл осы үшін Айтматовты «империяның соңғы жазушысы» десек қателеспейміз. «Таулар құлағанда» романын қайсыбір деңгейде осы ұлы империяның күйреуін жоқтаған реквием және өткен дәуірмен қоштасу зары деп санаймын. Романның бас қаһарманы Арсен Саманчин да қаза тауып, күйреген бүтін бір дәуірдің соңынан бірге кетті.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– «Империя», «кеңестің соңғы жазушысы» деген пайым-байламдарға байланысты бірін бірі қолдайтын да, бір-бірін жоққа шығаратын да жауаптар аз айтылмаса керек. Дегенмен, «соңғы» дегенге келісе қою қиын. Егер басқалар көз жеткізіп, дәлелдей алса, бұл пікірімнен бас тарта аламын. Қалай дегенмен, қай пікір де айқындалған, мысалы мен дәлелі жеткілікті шындыққа сүйенеді ғой. Оны да қатып қалған қағида деп қабылдауға болмас. Әрқилы себептер ықпалынан туған өтпелі, уақытша «лебіз» бе, ақи-тақи айқындап, көңіл ұйыған тұжырымы ма, соны да ескергенде, тартынып қаласыз. Шыңғыс Айтматовты «неге соңғысы» десек, жауап табылар-ау, алайда кім қай тұрғыдан, қандай мақсатпен, қай деңгейден пікір айтқанын ескергенде, эмоциялар мен толғаныстар шарпылыстарының біразға «шабатынын» да шамалауға болар. Дегенмен, басқасын айтпағанда, мызғымас критерий ретінде ең алдымен жүгінеріміз қайсысы: сол дәуірде өмір сүргені ме, әлде сол кезең талабына бейімделгені ме, т.т. Тегінде, «соңғы» деп тұжыру – асығыстық. «Соңғыдан» кейін тағы да жаңа «соңғы» келмесіне ешкім кепілдік бере алмаса керек. Кезеңдік, самал эмоция, жел эмоция тастай тапжылмайтын тұжырым емес.
Тағы да бұрылып қарасаңыз, «Кеңестің соңғы қаламгерлері» кешегі кеңестік республикалардың барлығында әлі де бар екені рас. Олай болса...
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Айтматов Кеңес Одағы деп аталатын империяның идеологиясына емес, адамзаттың шынайы имандылыққа негізделген ұлы мұраттарына қызмет етті, сондықтан да оны кеңестік империяның соңғы жазушысына балау шындыққа қиянат болар еді.
– Жазушының соңғы романы «Таулар құлағанда» уақытында өз бағасын ала алмады. Ақырғы тыныстың оқырман мен әдебиетшілер арасында талқыланбауына не себеп болды?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Иә, бұл постмодернистік роман оқырмандардың да, сыншылардың да лайықты бағасын ала алмады. Негізгі себеп – ғаламдық дағдарыс болды. Роман оқырман кітаптан алыстап қалған тұста жарыққа шықты. Екінші жағынан, роман Айтматовтың көркемдік-эстетикалық жағынан, стильдік жағынан, концептуалдық жағынан көркемдік деңгейге жетпей қалған бірден-бір шығармасы болды. Бірақ ұлы империяның жоғын жоқтаған, ғаламдық дағдарыстың гуманитарлық кесапаттарын алғашқы болып бағалаған шығарма осы «Таулар құлағанда» романы екенін мойындау керек.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– «Таулар құлағанда» романы кезінде қолыма түсе қоймады да, оқи алмай қалдым. Ал кеңінен талқыланбауына себеп көп шығар. Кезінде Кеңес Одағы жер жүзіндегі ең оқырманы көп ел еді, кейін әдебиетке деген таза, шынайы ынта-ықыласты бейбастақ, берекесіз бұқаралық ақпараттар тасқыны, дүмбілез, ортақол ғана туындыларды әлем әдебиетінің үздік туындысы деп, көпе-көрнеу өтірік мақтап насихаттап, қалың оқырманды адастыру мен тұрмыстың ауыртпалығы басып кеткен болар.
– Айтматов қаламына, Айтматов жазуына ғана тән белгілер қандай?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Меніңше, осы орайда Айтматовтың жаңа кезеңі басталды деп ойлаймын. Бүгінгі экологиялық мәселелерді ең бірінші болып көтерген Шықаң ғой. «Құдайдың құдіретімен жаралған Жер планетасын сақтай аламыз ба?» деп проблеманы төтесінен қойған қазақ пен қырғыздың ортақ перзенті Айтматов қой. Мен оны Пушкин жазған мәндегі Пайғамбар («Пророк») жазушы деп санаймын. Айтматовсыз адамзат – бір дүниесі кем адамзат.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– Бұл сұрақтың жауабы Шықаңның көзі тірі кезінде де, кейін де талай айтылған, жазылған, сондықтан қайталамайын. Немесе арнайы мақала жазу, зерттеу жүргізу қажет.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Айтматов қаламына тән белгілер, ең алдымен, шынайылық, сыршыл лиризм, планетарлық деңгейдегі ойлау жүйесі. Ол шындықты сұлулықпен ұштастыра білген суреткер. Егер Ш.Айтматовтың кейіпкерлерінің ішкі әлемі сұлу болып келсе, оның себебін осы жазушының жан сұлулығынан іздегейсіз. Әлемге әйгілі Флобер өзінің Бавари ханым деп аталатын сүйікті кейіпкері өлгенде: «Бұл – мен ғой!.,» деп, бекерден-бекер ағыл-тегіл болып жылаған жоқ, өйткені ол осы бір сүйкімді, әрі бақытсыз әйелге өзінің жан дүниесінің бір бөлшегін беріп еді ғой қаншама айлар бойы осы туындыны жазып отырып. Ендеше аяулы Жәмила мен Даниярды да, «Боранды бекеттегі» Едіге мен «Ақ кемедегі» баланы, «Жаңғырықтағы» Бостонды да Шыңғыстың өзі деп ұққанымыз ләзім.
– Ол өзін ХХ ғасыр адамы деп есептеді. Айтматов жатсынған жаңа ғасырда көркем әдебиет қайта өркендеп, айтматовшылдар тууы мүмкін бе?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Әлбетте, мүмкін.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– Бәрі де мүмкін, «мүмкін» болмауы да ғажап емес.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Егер «әдебиет – ұлттың, халықтың жаны болса», адамзат тірі тұрғанда көркем әдебиет өлмейді. Адам баласының бойындағылардың ішіндегісінің ең аяулысы – оның сезімі. Қазіргі замандық роботтар ақылды алмастырғанмен, адамның сезімдерін алмастыра алмайды, демек, келер заманның өз Әуезовтері мен Айтматовтары туары заңдылық деп ұғуымызға болады.
– Оның шығармалары ғаламның 165 тіліне аударылып, жалпы 67 миллионнан астам данамен 130 елде жарық көрді. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, олар 1998 жылы 830 рет басылған. Әлемде Шекспир мен Толстойдан кейінгі ең көп оқылатын үшінші жазушы Айтматов шығармашылығы айналасында ашылмаған сыр, айтылмаған сөз, талданбаған шығарма бар ма?
Осмонакун ИБРАИМОВ:
– Ұлы сыншы В.Белинский Пушкинді бағалап отырып, былай айтқан: «Пушкин – представитель современного человечества. Он есть жизнь, жизнь практическая, беспокойная, вечно движущаяся». Шыңғыс Айтматов ешқашан жаны жай таппай, бір тыным алмай, кейде түн ұйқысынан безіп ел тұрмысын, адамзаттық проблемаларды ойлады. Бәлкім, осы үшін Айтматовты «адамзаттың Айтматовы» деп айтамыз. Осы үшін Шыңғыс Айтматов өлмес һәм өшпес жазушыға айналды, әрқашан мәңгі жасай беретін ойшыл, жаңа суреткер.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– Шынайы көркем шығарма қашанда көпқырлы. Қаламгердің көңіл көзі шалған өмір, болмыс кеңістігі шартты түрде өткен мен бүгінді, болашақты да қамтиды. Демек, ыждаһат пен ынтаның, қиял мен зейіннің әлеуеті һәм нысанасына қарай «ашылмаған сыр, айтылмаған сөз» табылатыны талассыз.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Біз шығармаларын талдап, таразылап отырған бұл қырғыз жазушысының бір бойында суреткерлік пен сыншылдық сәтімен тоғысқан. Барша талантты жазушылардың табиғатында суреткерлік болғанымен, терең, жан-жақты интеллектіден туатын сұңғыла сыншылдық көп ұшыраса бермейді. Ал сыншылдық негізінен философтарға көбірек тән сапа. Сондықтан тумысынан әрі саңлақ суреткер әрі терең ойшыл болып жаратылған сирек дарын иесі Ш.Айтматовтың шығармаларының әлі біз байқап, танып үлгермеген қырлары мен сырлары, әрине, жеткілікті. Аса көрнекті фразцуз жазушысы Луи Арагонның оның «Жәмила» повесі хақында білдірген: «Бұл махаббат жайлы жазылған жер бетіндегі ең әдемі хикая» деген пікірі тегіннен тегін айтылмаса керек.
Сөзге сөз қосылса...
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
Менің Айтматовым
Қардағы гүл, соғыс жылдарындағы махаббат, озбырлыққа қарсы тұру деген сияқты сезімдер әдебиеттің әліппесі іспетті тақырыптар. Оған оқшау оқиға, сирек сюжет аса қажет болмауы да мүмкін. Ондай туындылар бізге лиро-эпостық жырлардың жалғасы сияқты әсер етеді. Бәрі орын-орнына қойылған, қалай басталып, қалай аяқталатынын шамалайсың.
Алайда әлем әдебиетінде жарып шығу үшін анық сюжет, қанық ой, өтімді идея керек. Оның үшеуі де Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінде бар. Жазушы алғашқы повестерін соцреализм үлгісінде жазса, соңғы аталған повесть қатал реализм бағытында туған.
Біз социализм идеялары махаббатқа да араласқан заманда өмір сүрдік. Бірақ социализм идеялары жер шарын түгел жаулап алған жоқ қой. Сондықтан кеңес дәуірінде туған әдебиеттің аңызы сол кеңістікте өмір сүргендер үшін ғана әсерлі болғаны шындық.
Маған «Жәмилаға» ұқсайтын шығармалар қазақ әдебиетінде неге көп деген ой келеді. Себебі Қазан төңкерісінен басталған әйел теңдігі тақырыбы соғыс жылдарындағы жетім-жесірлікке инерциямен қалай келіп қалғанын өзіміз де байқамаған секілдіміз. Ал социалистік жүйенің ықпалындағы елдерде болмаса, әлем әдебиетінде ондай тақырыпқа мұқтаждық болмаған сияқты.
«Жәмила» повесінде соғыс жылдарында колхоздың ат арбасын айдаған жас бала жолай үйіне қарай бұрылады. Осы кезде есік алдында Оразымбет деген бас көтерер азаматтың апасына дігірлеп дауыс көтеріп тұрған үстінен түседі. Сөйтсе, жеңгесі Жәмиланы ат арба айдауға шақырып келген келісі екен.
Сезімге құрылған сюжет, көңіл қимайтын аяулы бейнелер, оларға қиянат істегісі келетін дөкірлік, бәрі де етене көріністер. Өзінің басынан өткен ащылы-тұщылы өмірді өзіне қайта әңгімелеп бергенде көңілі босап сала беретін оқырман да бөтен емес.
Міне, осы шығарма біздің кішігірім аңызымызға айналды. Бірақ әлемдік классика болып қалған-қалмағанына уақыт төреші. Себебі бұдан да ащы жазылған, адам табиғатына бұдан да терең бойлаған, әлеуметтік қайшылықтарды бұдан да өткір суреттеген шығармалар алға түсті. Ал кезінде ел жаппай оқыған «Жәмила» повесінен таңдайымызда кермек дәм ғана қалды.
Мұны Шыңғыс Айтматов өзі де іштей байқап, бағамдаған сияқты. «Жәмила» мен «Алғашқы мұғалімнің» деңгейінде сүйікті жазушы ғана болып қалатынын түсінген тәрізді. Бұл арада «Әйтпесе адамзаттың Айтматовы» бола ма?» деген сұрақ өзінен өзі туып тұр.
Шыңғыс Айтматовтың заманында әлем әдебиетінің бір ширегі ғана Лениндік сыйлықпен өлшенді. Ал тұтас әлем әдебиетінің өлшемі Нобель сыйлығы болды. Осы Нобель сыйлығын алғандардың шығармаларына берілген анықтамаларды бір сүзіп шыққанның өзінде көз алдыңызға айқын картина келеді.
Мәселен, «сирек кездесетін жан мен тән тазалығына толы болғаны үшін» дегендей бағаны «Жәмилаға» да беруге болар еді. Бірақ кеңес заманында жеке бастың қайшылығы болғанмен, қоғам қайшылығы деген болған жоқ. Жазушыларға адам табиғатын ашқанмен, қоғам табиғатын ашуға шектеу қойылды. Сондықтан да бұл шығарма жеке махаббат линиясы шеңберінде ғана көрініс тапты.
«Жәмила» повесі сөз жоқ, жазушының «дүр еткен талантын» айқын байқатты. Бірақ біз одан да гөрі «Ақ кеме» повесіне көбірек көңіл аударуымыз керек сияқты. Мұндағы әкесінің кім екенін айтуға болмайтын баланың тағдыры әлдебір астарға меңземей ме?
Шыңғыс Айтматовтың өзі де әкесі туралы айтуға болмайтын бала болып өсті емес пе? Жазушының кішкене күнінде халық жауы болып ұсталып, атылып кеткен. Біз бойлай алмаған иірімнің тереңінде сол қасіретті жылдардың табы жатқан жоқ па? Міне, бала басындағы ащы тағдырдың ағысы қайда тартады!
Біз кеңес заманында лирикалық дүниелерге бейімделген оқырманбыз.
Айтматов ашық тақырыптарға бара бастағанда кейбіреуміздің тосырқай қабылдағанымыз содан болса керек. Бейне Айтматов жаңа кеңістікке шығып кетіп, біз өзіміз ескі оқырман деңгейінде қалып қойған тәріздіміз.
Ал Айтматовтың кейінгі романдарын «Шындықты табу жолындағы табандылығы үшін», «Көркем шығармаларының биік идеализмі үшін», тіпті немесе «Орталық Азия әдебиетіне жаңа дәуір әкелгені үшін» деп бағалауға болатын сияқты. Мұның алғашқы екеуі Нобель сыйлығын алған шығармаларға берілген қысқа жол анықтамалар.
Айтматов шығармашылығының екі кезеңін «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» бөліп тұр. «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» әлемдік деңгейде бестселлер болуға әбден лайық шығарма. Онда бестселлер болуға лайықты шарттардың бәрі бар. Ең бастысы, повесть қай жастағы оқырман үшін де өте қызықты оқылады.
Ұрпақ жалғастығы туралы үлкен притчада құдайлық, хадистік, мысалдық сарын бар. Жазушы қаламынан ұлы аңшы, ұлы теңіз, ұлы тұман деген асқақ атаулар бекер туып отырған жоқ. Ол онсыз да үлкен мұраттар жолында жандарын құрбан еткен теңіз аңшыларының романтикалық өмірін биік сана деңгейіне алып шығып отыр.
Шыңғыс Айтматовтың кейінгі романдары осы деңгейден түскен жоқ. Бір ғана мәңгүрт идеясы әлем әдебиетіне үлкен жаңалық болып қосылды. Әлем әдебиетшілерінің адамзат санасындағы жаңа құбылыстарға берген түйінді бағасы ретінде қабылданды.
Бірақ оған осы шығармалары үшін берілуі мүмкін деген Нобель сыйлығы берілген жоқ. Оның да мың түрлі астары барын ішіміз сезеді. Айтматов қай жүйенің жазушысы деген сұрақ әлі де алдан шыға берері сөзсіз. Алайда біз «Адамзаттың Айтматовы» деген өз бағамыздан айнымақ емеспіз.
Әңгімені жүргізген
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»