Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадр резервін жасақтау туралы бастамасын алғаш естігенде осы жобаға қатысып, бағымды сынап көремін деп талаптандым. Қазір бұл сынақтың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, еліміздің білімді, білікті, жігерлі 300 жас азаматының қатарынан табылғаныма қуаныштымын. Кадр резервіне үмітті болған 13 мыңнан аса жастың бәрі жалындап тұр. Олардың арасынан ең мықтылары суырылып шықты. Сондықтан барынша ашық және әділ өткен іріктеудің нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласының жұмысы айтарлықтай ілгерілейтініне сенемін.
Президенттік жастар кадр резерві бастамасы елімізді жаңғыртуға бағытталған идеяларымызды жүзеге асыруға берілген мүмкіндік деп білемін. Болашақта мен еліміздің елді мекендерін дамыту бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Өңірлердің өркендеуіне барлық білігім мен тәжірибемді, күш-жігерімді саламын. Қазіргі урбанизацияның белсенді жүріп жатқан, халықтың 60%-ы қалаларда өмір сүріп жатқан шақта менің атқарар жұмысым пайдалы болады деп ойлаймын.
Мектепте оқып жүргенде елордаға қыдырып келетінмін. Сол кезде жаңа қала құрылысының қарқынына қайран қалып, мен де бас қаланың «бір кірпішін» қалауды армандадым. 2006 жылы мектепті бітіргеннен кейін «Болашақ» бағдарламасының арқасында мұхит асып, АҚШ-тағы Аризона университетінде қаланы жобалау және тұрғын үй құрылысы мамандығы бойынша білім алдым. 2010 жылы елге оралып, еңбек жолымды «Астана бас жоспары» институтынан бастадым. Осы тұста бала арманыма жол ашылды. Көптеген айтулы жобаға қатысып, соның ішінде Салтанат қақпасы, Индустриалды аймақ, Ботаникалық бақ сияқты нысандардың құрылысына атсалыстым.
2013 жылы Назарбаев Университеті құрылысының екінші кезеңінде жұмыс істедім. Ал 2016 жылы елордадағы көк тіреген Тalan Towers ғимаратының құрылыс алаңын басқардым. Онда еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігіне жауапты болып, клинингке, мұнаралы крандарға, нысанға кіріп-шығу, медициналық бекеттерге жетекшілік жасадым. Төтенше оқиғаларға жол бермей, жобаны сәтті аяқтап шықтым. 2017 жылы нысан пайдалануға берілгеннен кейін 20-қабатта орналасқан «Каскад» бизнес орталығына басшылық еттім. Мен ұйымдастырған орталықтағы орындарды жалға беру көрсеткіші екі жылда 20%-ға көтерілді.
Қалалардың өсу үрдісі – қарқынды. Мұнымен қоса туындайтын ықтимал мәселелер де көбейеді. Бұл – қалаларда тиісті жайлылығының болмауы, жол және әлеуметтік инфрақұрылымдарға түсетін салмақтың шамадан тыс артуы сияқты мәселелер.
Біздің елімізде ірі қалалар да белсенді дамып жатыр. Нұр-Сұлтан, жаңа облыс орталығы Түркістан, Алматы – G4 city жобасы, Шымкент және Ақтау қалалары өркендеуде. Жаңа құрылыс қаланың бас жоспары негізінде жүргізіледі. Онда жолдардың реті, аумақтардың бөлінуі, құрылыс нысандарының биіктігі – бәрі егжей-тегжейлі жоспарланады. Алайда, бұл тәсілде салынып қойған аудандардың тығыздығы ескерілмейді. Сондықтан құрылыс жобаларын мақұлдау рәсімдеріне тұрғындарды да тарту керек. Бұл әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен де үйлеседі.
Мәселелердің маңыздысы – қаланың тұрғындарға барынша қолайлы болуын толық қарастыру. Келбеті көз тартатын ғажап ғимараттар мен аудандар қаланы әспеттеуі мүмкін. Бірақ кейде әдемі орамдардың іші ығы-жығы боп жатады, аулалар көліктердің ретсіз тұрағына айналады.
Мен Қазақстанның қалаларының әлемдік аренада үлгілі болатындай әлеуеті барына сенімдімін. Бұл үшін тың көзқарас, жаңа тәсілдер керек. Әрбір тұрғын өзі тұратын мекеннің мәселелеріне бейжай қарамауы қажет. Тұрғындардың талап-тілегі ескерілетін болса, олар осындай ірі жобалауға, бюджеттерді жоспарлауға белсене қатыса бастайды.
Ұлыбек ҚИМАНОВ,
Talan Towers Lynks Property Management басқару компаниясының қызметкері