«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері әскерлерді оқытудың кезекті кезеңі – бөлімшелерді, есептоптарды және экипаждарды дайындауды бастады. Бұл туралы Батыс өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Бөлімшелерді дайындау бойынша сабақтар 13 қаңтар мен 7 шілде аралығында бөлімше командирлерінің басшылығымен өтеді. Осы кезеңде әскери қызметшілер мамандық бойынша жеке даярлық барысында алған кәсіби дағдыларды әр түрлі ұрыс түрлерінде және жауынгерлік жағдайларға жақындатқан жағдайларда жетілдіреді.
«Оқыту барысында негізгі күш-жігер әскери қызметшілерді бөлімшелер құрамындағы іс-қимылдарға дайындауға және жеке құрамның далалық машықтарын жетілдіруге, сондай-ақ ұрыста штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы шебер және тиімді қолдануға бағытталған» деп атап өтті «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Жеңіс Маралов.
Жауынгерлік дайындықтың осы кезеңінде әскери қызметшілермен барлық сабақтар бөлімше құрамында үйлесімді іс-қимылдарды автоматтандыруға бағытталған. Сабақтар «Бөлімшенің шабуылы мен қорағанысы», «Бөлімшенің маршы мен жорықтық күзеті» және «Бөлімшенің барлауы» сияқты тақырыптар бойынша өтеді. Соңғы кезеңде бөлімшелердің жауынгерлік атыстарын өткізу басталады.