Бүгінде «Импорттың бәрі керемет, бәрі сапалы» дейтін ұғым-түсінік санадан ысырыла бастағандай. Сондықтан өз елімізде өндірілетін, соның ішінде, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің табиғи, құнары мол өнімдеріне деген ықыласымыз оянып келеді.
Иә, калорияға бай, отандық таза өнімнің қадірін біліп, оның мән-маңызын түсіну, соған қарай бет бұру Қазақстанда жасалған өнімдерге деген сұраныстың артуының басты алғышарты болмақ. Алайда, сұранысқа сай жауап беру, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін қолдағы бар ресурсты тиімді пайдалану қажет-ақ.
Халық мейлінше көбірек тұтынатын азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі сырттан жеткізілетіні, отандық өндірушілердің импортқа өз деңгейінде бәсекелесе алмай отырғаны қынжылтпай қоймайды. Өйткені еліміздің ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор, сырттан тасымалданатын өнімдерді отандық өңдеу зауыттарының да өндіре алатын қауқары бар бола тұра шетелдік өндірушілерге барынша тәуелділіктен арыла алар емеспіз. Елімізде соңғы жылдары мал шаруашылығының сапалық көрсеткіштері жақсара түсті. Мал саны да жаман емес секілді: қазір Қазақстанда 20 миллионға жуық қой-ешкі, 8 миллион 200 мың сиыр, 3 миллионға тарта жылқы бар. Десек те, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды жоққа шығаратын кейбір келеңсіз жағдаяттарға жол берілуі халықты ойландырып отыр. Соның бірі – малды сыртқа мың-мыңдап тірідей сату мәселесі.
Елімізде 2019 жылы малды тірідей шетелге сату бойынша көңілсіз жағдай орын алды. Бұған көрші мемлекеттерде, әсіресе Өзбекстанда мал шаруашылығына молынан қаржылай қолдау көрсетілуі олардың бізден ірі қара мал мен уақ малдарды жаппай сатып алуына жол ашты. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен асыл тұқымды мал басы көбейгенін, төрт түлігіміздің сапалық көрсеткіші жоғарылағанын білетін сырт елдегілер ағылып келіп, бағаны ішкі нарықтан көтеріңкілеу етіп белгілеп, мақсат-міндеттерін кедергісіз орындады.
Аталған мәселені Парламент қабырғасында қозғаған сенатор Әли Бектаевтың айтуынша, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында 333 мыңнан астам мал тірідей шетке сатылған (!). Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан тыс жерге 88 мыңға жуық мал жөнелтіліпті. Аз ғана уақыттың ішіндегі айырмашылықты есептесек, 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 3,8 есе көп сатылғанын көреміз. Сыртқа кеткен ірі қараның саны 2 есе, ал уақ малдың саны 7 есеге артқан. Оның 80%-ын Өзбекстан азаматтары сатып алған. Бұл жерде тағы бір күйіндіретіні, шетке сатылған малдың 50%-ға жуығы репродуктивті аналық бас болып отырғаны. Демек, біздің еліміздің қаржысымен сапасы жақсарған, шаруаларымыздың маңдай терімен өсірілген малды шетелдіктер ет және ет өнімдерін шығару үшін ғана емес, өздерінің түліктерін асыл тұқымды ету, көбейту мақсатында да «сорып» жатыр. Ұтқан кім, ұтылған кім?.. Бұл жерде екі арадағы делдалдардың да «екі жеп биге шығып» жүргені анық.
Сондай-ақ сенатор бұл жағдайдың мал саны бойынша әлі де 1991 жылдағы көрсеткішке жете қоймаған еліміздегі мал басының өсуіне кері әсерін тигізетінін айтады. Әрине кім болсын өз малын қаншаға, кімге, қайда сататынын өзі шешеді, өз еркі. Бірақ қалай десек те мемлекеттік мүдде тасада қалмау керек. Сондықтан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мәселені шешу үшін елімізде шаруаның малын шетелдіктер ұсынған бағадан артықтау пұлға өткізуге жағдай жасау маңызды. Оның жолы – өзімізде малды сойып, етін қайта өңдейтін, терең өңдейтін өндірісті барынша өрістету. Сонда шетелге тірі мал сатып, оның өңделген, түрленген өнімін өзіміз қымбатқа қайта сатып алмас едік, бұдан бөлек отандық өңдеу зауыттарының ел ішіндегі дайын ресурсын тиімді пайдаланған болар едік. Осы орайда, өңделген өнімдер сатуға мүдделілік танытпай, тек шикізат сатумен шектелу бұлжымас әдетімізге айналып кетпесе екен дейміз.
Қорыта айтқанда, 2019 жылы орын алған сыртқа тірідей көптеп мал сату ісі 2020 жылы да қайталанбаса, сол үшін Үкімет елдің осы тілегіне орай нақты шаралар қабылдаса дейміз. Әйтпесе...