• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қаңтар, 2020

Маңғыстау облысында 305 бөбекжай мен 154 мектеп жұмыс істеп тұр

215 рет
көрсетілді

- Қазіргі уақытта біздің өңірімізде мемлекеттік және жеке меншіктегісін қоса алғанда 3-6 жас аралығындағы 36 мың 500 баланы қамтитын 305 бөбекжай бар. Оның ішіндегі 30 мектепке дейінгі білім беру нысаны өткен жылы ашылды. Нәтижесінде маңғыстаулық бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жүз пайызға жеткенін көріп отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес енді тұрғындарды балабақшамен қамту 1-6 жастан басталатыны белгілі,  - деді қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

Орта білімге қатысты келтірілген ресми мәліметтерге келсек, қазіргі уақытта өңір бойынша жеке, кешкі, орта және жалпы білім беру, арнайы оқыту нысандарын қоса алғанда бас-аяғы 154 мектеп бар. Оларда 150 мың оқушы оқиды. 2019 жылы екі мектепке 320 орындық қосымша оқу ғимараты жалғанып, қолданысқа берілген.

Өзектілігін әлі де жоймай тұрған мәселе - үш ауысымдылық. Осы санаттағы білім беру нысандарының саны 2018 жылы алты мектеп болған болса, 2019 жылы тоғызға жетті. «Нақтылау жұмыстары аяқталған соң бұл көрсеткіш биыл да өсуі мүмкін деген болжам бар. Бұған жыл санап атамекеніне оралған қандастарымыздың саны мен табиғи бала туудың артуы себеп» дейді мамандар.

- Осы жылға жоспар бойынша үш мектептің құрылысын аяқтаймыз. Олар Түпқараған ауданының Ақшұқыр елді мекенінде, Мұнайлы ауданындағы Батыр селосында және Ақтаудың 34-ші шағын ауданында бой көтеруде. Сондай-ақ алдағы бес жылда салынуы тиіс 18 мектеп пен 5 орта білім беру мекемесіне қосымша оқу орталығының жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Бұл жобалар мемлекет тарапынан қаржыландырумен жүзеге асады, - деді Асқар Әбиұлы.

Білім басқармасы басшысының сөзінше, 2020 жылы тағы алты жеке мектеп салу жоспарда тұр. Бұл жобалар құжатында Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында жүзеге асуы деп көрсетілді. Бұдан басқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде облыс орталығында екі бірдей орта білім нысаны мен тоғыз балабақша құрылысын бастау күн тәртібіне қойылған.