• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 20 Қаңтар, 2020

Сенат Бюросының отырысы өтті

224 рет
көрсетілді

Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Назарбаева өз сөзінде Парламент жоғарғы Палатасының жұмыс жоспары туралы айтты – депутаттардың қатысуымен бір жыл ішінде 80-ге жуық маңызды шаралар өтеді. Оның ішінде Сенатта алғаш рет аймақтар күндері өтетін болады.

Сенат басшысы сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі мемлекеттік жаңа бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізу міндетін ерекше атап өтті. «Олардың толық әрі тиімді жүзеге асуы сенаторлардың назарында болуы керек деп санаймын. Халықты алаңдататын өзекті мәселелер бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар беріп, заңдарға  түзетулер енгізуіміз керек», - деді Д.Назарбаева.

Сенат Бюросында депутаттардың қаңтар айының басындағы аймақтарға сапарларының қорытындылары туралы ақпарат тыңдалды.

Палата төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров сенаторлардың жұмыс сапарларын қорытындылай келіп, парламентшілер еліміздің ең шалғай ауылдарында 460-тан астам кездесу өткізгенін айтты. Еліміздің аймақтарындағы тұрғындар Парламент қабылдаған заңдар туралы егжей-тегжейлі хабардар болды.

Кездесу барысында әлеуметтік қамсыздандыру және міндетті медициналық сақтандыру мәселелеріне баса назар аударылды. Олардың қатарында отбасындағы балалар санына қарай көп балалы отбасыларға сараланған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізу; атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы жүйесін өзгерту және аз қамтылған отбасылардағы балаларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті кепілді әлеуметтік пакетпен толықтыру бар.

Жұртшылық тарапынан қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту, бюджет және салық заңнамасы, оңалту және банкроттық рәсімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері көтерілген болатын.

Сенаторлар сапарлар қорытындысы бойынша салық демалысын енгізуге орай ауылдардағы бюджеттің төртінші деңгейіне қатысты бірқатар мәселелер туындағанын атап өтті.

Сенат басшысы Д.Назарбаева талқылау барысында үш жылдық салық демалысын ескере отырып, түсетін табыстарды өтеу тетігін пысықтауды ұсынды: «Жергілікті өзін-өзі басқаруда кеміп қалған қаражат орнын толтыру үшін осы үш жылға өтпелі тәртіп ұсыну қажет. Әрі қарай да, әрине, өзін-өзі басқаруға үйрету, жергілікті кадрларды дайындау, жергілікті халықпен жұмыс істеу үшін қаражат қарастыру қажет».

Дариға Назарбаева сондай-ақ сенаторларға жергілікті жерлердегі істің жай-күйі туралы ақпаратты жинап қана қоймай және депутаттық сауалдармен шектелмей, қолда бар депутаттық өкілеттіктерді пайдалану және өңірлердегі азаматтардың проблемаларын шешуге тікелей атсалысу қажеттігіне Бюро мүшелерінің назарын аударды.

Бюро отырысында Палатаның 23 қаңтарға белгіленген жалпы отырысының күн тәртібі бекітілді. Сенат депутаттары сенаторлардың аймақтарға сапарларының қорытындылары туралы ақпаратты тыңдайды және «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайтын болады.

Бюрода Мәжілісте мақұлданған заң жобасы комитетке берілді.  Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бөлінді.