Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты 2014 жылдан бері жіңішке ішекті зерттеудің ерекше әдісін жүргізіп келеді. Институттың Эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесі жіңішке ішекті зерттеудің ерекше әдісі болып табылатын бейнекапсулалық эндоскопия жасайды. Бұл – асқазан-ішек жолдары ағзаларын, жіңішке ішектің үш бөлігін: ұлтабар, ашішек және мықынішекке гастро және колоноскопия жасап, зерттеудің дәстүрлі әдісінде қол жеткізбейтін ішек маңайын көруге мүмкіндік беретін ең заманауи әдіс.
Осы әдіс өз атауын көлемі жағынан дәрілік препараттың капсуласына ұқсас бейнекамерасы бар микрокапсуладан алады. Қондырғының диаметрі шамамен 11-13 мм, ұзындығы 24-26 мм. Бейнекапсуланы көбіне жіңішке ішекті зерттеген кезде қолданады.
Зерттеудің ерекшелігі сонда, инвазивті емес тәсілмен жіңішке ішекті барлық жағынан қарауға мүмкіндік береді. Оның адам ағзасына ешқандай зиянды және жағымсыз әсері болмайды. Седативті заттарды қолдану талап етілмейді және процедура ауыртпай жасалады. Сонымен қатар капсула бір реттік болып табылады, бұл пациенттің инфекция жұқтыруына жол бермейді. Зерттеуді амбулаторлық жағдайда да, стационарда да жасауға болады.
Зерттеу жасалатын күні пациент (дәрігермен келісілген барлық қажетті процедуралар мен зерттеулерді өткеннен кейін) кәдімгі таблетканы жұтқандай бейнекапсуланы жұтады.
Табиғи жиырылуының нәтижесінде капсула асқазан-ішек жолдарының барлық бөліктерін өтеді де, өздігінен ағзадан шығып кетеді. Ол асқорыту жолдары арқылы өткенде пациенттің беліндегі қабылдау қондырғысы сымсыз арнамен суретке түсіреді де, осыдан кейін арнайы диагностикалық бағдарламаның көмегімен бейнекөрініске айналады және алгоритмдердің көмегімен талдау жасалады. 12 сағаттан кейін қондырғы клиникаға қайтарылады, ал дәрігер алынған мәліметтерге талдау жүргізеді.
Зерттеудің осынау әдісі ішектен қан кеткенде (ұзақ уақыт болатын теміртапшылықты анемия, жасырын қанға жасалатын нәжістің оң анализі), Крон немесе осы ауруға күдік пайда болғанда, жіңішке ішектегі сорылудың мүмкіншілігі болмауы салдарынан (целиакия) қалыпты метаболикалық процестердің бұзылуымен негізделген мальабсорбция синдромына күдік туындағанда, жіңішке ішек ісігі кезінде, ішек полиптерінде, іштегі түсініксіз аурулар және түсініксіз этиологияда салмақ жылдам азайғанда ұсынылады.
«Пациенттердің көпшілігі бейнекапсулалық эндоскопия гастроскопия мен колоноскопияны алмастыра алады ма деп сұрайды. Осыған байланысты, бейнекапсула асқазан-ішек жолдарының барлық бөлімдерінен өтеді, ол анатомиялық құрылымының ерекшелігінен тек жіңішке ішекті мейлінше мұқият зерттейді деп айта кеткім келеді», дейді Эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Хабижанова.
Алма Серікқызының айтуынша, асқазан және жуанішек жартылай қаралады. Әрине маман қандай да бір патологиялық өзгерістерді көре алады, бірақ оны дәлелдеу және бағалау үшін гастроскопия/колоноскопия тағайындалады.
Дүние жүзінде капсулалық эндоскопия жіңішке ішек ауруларын диагностикалаудағы «алтын стандарт» саналады.
АЛМАТЫ