• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қаңтар, 2020

Қабан, Тәңкі және Быдық

1352 рет
көрсетілді

Қалааралық трассадан бұры­лып, шөлейт өңірдің шексіз-шет­сіз бұралаң жолына түскенде, шопыр жігіт жеңіл тыныстап: «Көке, сізге бір қызық әңгіме айтайын ба?» деп, қасындағы жолаушыға қарап иек қақты.

Жолаушы ақырын ғана бас изеді. Осыдан соң екі ара­дағы үнсіздікті сейілткеніне қуан­ғандай: «Шіркі-і-н, мұнда тұ­рып жатқан елдің тіршілігі өте қы­зық қой, – деп жымиды шопыр жігіт. – Мынау дала сияқты дар­хан, ақкөңіл адамдарды тек осы жақтан ғана көресіз. Бұ... бұлардың бір-біріне айтатын әзілдері де қызық.

Әсіресе аузының дуасы бар жеңгелеріміздің қайын ағалары мен қайындарына қойған лақап аттарын естісеңіз бар ғой, ішек-сілеңіз қатады.

Мысалы, біздің ауылда Шә­ріп деген бір атамыз болған. Темір­ден түйін түйетін нағыз шебер, ұста кісі еді. Міне, сол атамызды баяғыда бір жеңгесі Қабан деп атай салған екен. Содан әлгі ат желім­дей жабысып, тастай қатқан да қалған ғой.

Тағы бір атамызды жеңгелері әзіл­деп Тәңкі деп атапты. «Неге өйтеді?» десек, «Е-е, ол ата­ла­рың­ның көпшілік жиналған жерде тәңкі сияқты киіп-жарып, айналадағы жұртты тыңдамай, өз бетінше сөйлей беретін әдеті бар еді», деп күледі.

Міне, енді, өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз, Тәңкі деген­дері – кәдімгі танктің өзі ғой!..

Өткенде ауылда сол Тәңкі атамызды еске алып, құран оқыту үшін құдайы тамақ жасап жатқан кісілерден: «Осы біздің Тәңкі ата­мыздың шын аты кім еді?» деп сұ­расам, ешқайсысы есіне түсіре алмайды.

Ал енді, ана-а-а-ау түкпірдегі Бақырша деген ауылда жеңгелері Жалаңаяқ атандырып жіберген бір көкеміз болды. Ұзын бойлы, көп сөзі жоқ, тұйық кісі еді. Өз басым, оның жалаңаяқ жүргенін ешқашан көрген емеспін. Бірақ, әлгі лақап атын ести қалса, жалт қарайтын...

Жол бойы шопыр жігітті тың­дап келе жатқан жолаушы жы­­миып, тағы да бір рет басын шұл­ғып қой­ды. Оның көз алдына өз басы­нан өткен бір қызық оқиға елестеді.

Баяғыда-а, бала күнінде бақ­ша суару үшін тау жақтап су бұрып, арық жағалап жүретін Әбешбай дейтін көкесін бұның апасы Быдық қайным деп атаушы еді.

Ол өзі, бұлардың үйіне жиі келіп, атасымен бірге отырып, қымыз ішетін. Және басы қалтаң-қалтаң етіп, қасындағы адамға сөз бермей, көпіріп сөйлей беруші еді. Әне, содан ғой, апасының оны Быдық атандырып жүргені. Бірде  атасы үйге кештеу оралды да: «Әй, әлгі Быдық қайның бүгін келген жоқ па?» деп сұрады.

Апасы оның әлдебір қызық қылығын есіне алғандай: «Е-е, жүрді ғой осы маңда, біздің үйдің күбісіне жалтақ-жалтақ қарап, – деп күлді. – Дәу қазанның астына тезек қалап жатыр ем, «әй, қайным, кел, қымыз іш», деп шақыруға да мұршам болмады».

«Қап, әттеген-ай, – деді атасы басын шайқап.  – Ұят болған екен».

Сонсоң екеуі өз ара біраз күң­кілдесіп отырды да, бір кезде бұған қарап: «Әлі ұзап кете қоймаған шығар. Сен барып, шақырып келе ғой», деді.

Бұл әрине, жүгіре жөнелді. Быдық көкесі, расында да, бұ­лар­дың үйінен ұзамай, арық жа­ғасында тауға қарап ойланып отыр екен. Жанына жүгіріп бар­ған бойда: «Быдық көке, – деді бұл дау­сын қаттырақ шығарып. – Сіз­ді атам меп апам қымыз ішсін деп шақырып жатыр!»

Өзімен-өзі ойға батып отыр­ған ол ұйқыдан шошып оян­ғандай селк ете түсті де, арт жа­ғына бұрыла қарап, «А-а», деп қалбалақтап қалды. Сол кезде арықтың жағасындағы топырақ сусып кетіп, бір аяғы суға шалп ете түскені. «Қап-әй, ә!»

Бұның оған жаны ашып кетіп әрі өзін айыпты сезінгендей: «Кө­ке, жүріңіз, үйге барған соң, етігі­ңізді күнге жайып, кептіріп ала­сыз ғой!» деп, даусы дірілдеп, пид­­жа­гінің жеңінен тартқылай бастады.

«Ә-ә, – деді оның жүзі жылып, бұған мейірлене қарап. – Міне, сөйдесеңші! Быдық деп... апаң айтса бір жөн!..»

...Жолаушы өз-өзінен езу тарт­ты. Шопыр жігіт оған қарап: «Қа­зіргі жеңгелер де, келіндер де ондай аттарды тауып қоя ал­май­ды-ау, ә?!» деп, әуелгі әңгі­ме­сін жалғап, басын шайқап келе жат­ты.

«Ал олардың қайнағалары мен қайнылары ше? – деп ойлады жолаушы. – Ондай әзілді көтере алар ма екен?!.»