«Даму» қоры – микро, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет қолдауын ұсынатын негізгі ұлттық институт. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қордың басшылық құрамы баспасөз конференциясын өткізді.
Қор негізінен 4 қаржылық құрал ұсынады. Бұл – жеңілдікпен несиелендіру; сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау; несиеге кепіл болу; онлайн оқыту және клиентті қаржы институттарына дейін жетелеу.
Осы аталған қаржы құралдарын пайдалана отырып, қор 85 мың жобаға 5,3 трлн теңге бөлген.
Басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаеваның айтуынша, өткен жылы қор қазақстандықтардың бизнеспен айналысуына жағдай жасауға баса назар аударған. Қазір әлемдік экономиканың дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің көбейіп, тұрақты жұмыс орындарын ашудың маңызы зор. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының көтерілуіне серпін береді. Экономиканы әртараптандыру, табиғи ресурстарға тәуелділікті төмендету үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек.
2019 жылы ел Үкіметі «қарапайым заттар экономикасына» басымдық беретін жобаларды қолдау бағдарламасын іске қосты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бекітілді. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсететін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жетілдірілді. Қор – осы бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі қаржы операторларының бірі.
Аталған ұйым Ұлттық қор есебінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын, «Еңбек» бағдарламасын, АДБ және ЕҚДБ қаражаты есебінен шағын және орта бизнестегі әйелдерді қолдау бағдарламаларын, әкімдіктермен бірлескен шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың басқа да бағдарламаларын өз қаражаты немесе сырттан тартылған қаражат есебінен жүзеге асырып келеді. Жалпы алғанда, ЕДБ, МҚҰ арқылы жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы бойынша 61 мың борышкерге жалпы сомасы 2,2 трлн теңге несие берілген. 2019 жылы 18,7 мың жоба 228 млрд теңгеге қаржыландырылған.
2019 жылы барлық бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланған жобалар саны 2 641-ге жетіп, несие сомасы 269,8 млрд теңге болып, өсім 80 пайызға артты. Несие сомасы 36%-ға артқан. Жалпы алғанда, өткен жылы субсидияланған 15,5 мың жоба 2,8 трлн теңгеге қолдау алған.
2019 жылы кепілдік беретін барлық бағдарламалар бойынша қолдау алған жобалар саны 2 673-ге жетті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 38%-ға артық. Несие сомасы 102,7 млрд теңгені, ал кепілдік сомасы 40,4 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде кепілдендіру құралы арқылы 8,6 мың жоба 302 млрд теңгеге қолдау алған.
«Даму» қоры 2019 жылы 23,5 мың кәсіпкерге қолдау көрсеткен, ал қор бағдарламалары бойынша қаржыландырылған несие сомасы 600 млрд теңгедан асты. Порталда кәсіпкерлердің өз жобаларының мемлекеттен көмек алуға сәйкес келетінін немесе келмейтінін тексеруге; субсидия немесе кепілдік алуға, жеңіл несие алуға өтінімді online режімде беруге мүмкіндігі бар.
Мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Атап айтқанда, 2019 жыл ішінде алдын ала мәліметтер бойынша қор қолдау берген клиенттер 5 550 млрд теңгенің өнімін шығарып, 450 млрд теңгеден астам салық түсірген.