Жасыл алқап ішінде қызыл тастарға оймышталған бұл суреттерде садақ кезеген мергеннің қимыл-қозғалысынан аса сақтықты бағамдар едіңіз.Шыңжаңның би өнері саласына ерен еңбек сіңірген, әр ұлт өкілдері ұрпақтарынан қаншама талантты шәкірттер тәрбиелеген кәсіби биші «Қазақ би өнерінің негіздері» кітабының авторы Сәлима Оразқызы өз кітабында жақсы айтады. «Шыңжаңның басқа жерлерінде де мұндай жартас суреттері көп кезігеді. Мысалы: Нылқы, Қорғас ауданы, Ақкүңгей, Қара Еміл, Ақжар, Жартоғай жар суреттері, Бұраталаның Арасан ауданының үлкен Күмістай елді мекенінде өрнектеледі...» – деп Алтынтаудағы әңгімесін байыта түседі...
Қаратөбе суреттері, Тарбағатай, Мори, Құбылдағы таңбалы тастардағы суреттер. Қорла, Маралбасы, Чарқылық, Қотан қатарлы жерлерде де жартас суреттері бар. Алтай тауындағы таңбалы тас суреттері алуан түрлі адамдар образы көрініс тапқан және сонымен бірге екі кісілік би мен бір арқар суреті тасқа оймышталған елесі бар. Бұл алғашқы қоғамдағы адамдардың баяғыда пайда болған аң аулау биі болуы мүмкін-ау. Алтынтаудағы жартасқа садақ тартып тұрған адамның суреті ойылған. Бұл таудағы суретті білетіндер бұдан 6000-8000 жыл бұрын деп топшылайды. Бұдан 20-40 мың жыл бұрынғы суреттерді көбінесе Еуропада, Африкада және Азияның барлық жерлерінде кездестіресіз. Сол Ақбауырдағы үңгіртастың кіре берісте ішке аттаған жеріндегі қына жазулары сөзіміздің бір дәйегі болып шығады. Онда да жол бойы бара жатқанда Қоржынбай тауында орналасқан. Бұл Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына қарасты Сағыр, Бестерек ауылының маңайы болып келеді. Сол Қоржынбайдың қапталында Қызылтас (Сорокин) тауы бар. Мұның бәрі Қалба тауларының сілемдері. Қалба тауының өз ерекшеліктері бар. Мұнда бір-біріне текшеленіп кете беретін қалба тастарды көресіз. Соның бірі – Ақбауыр үңгіртасы. Бұл табиғи-тарихи ескерткіш – тас ғасырынан металл дәуіріне аяқ басқан кезең алмасудың куәсі іспетті.
Ақбауырға кіре берістегі қызыл жосамен боялған көне петроглифтер сақталған. Тастарға бедерленген 80-ге жуық суреттің ішінде адамдар, таутекелер, арбалар мен нүкте, шеңбер, сызықсынды белгілер бар. Кез келген белгіні құраса, теріс төңкерілген адам әлде жан-жануар кескіні шығады. Үңгіртастың төбесі ойық. Ойық шетінде адам қолымен жасалғанын аңғаруға болатын іздер сақталған. Бұл – тас үңгірде жатып, аспан әлемін зерттеу мақсатында жасалған қарауыл шоқы болуы мүмкін деген болжам тағы бар. Сондай-ақ адам қолымен құрылған шаруашылық танымының көрінісі болуы да мүмкін-ау дейді...
Қалбаны «Алтын Қалба» деп те атайды. Ежелгі заманда да, қазіргі кезеңде де бұл өңірде алтын кені көп кездеседі. Бұл Ақбауырдағы оймен өзектес келетіні белгілі биші Сәлима Оразқызының таудың арғы бетіндегі сөз саптаулары былай үндесіп жатыр: «Алтын таудағы жартасқа садақ тартып тұрған адамның суреті оймышталған. Одан көрінетін таңба Қызылтастағы құралайды көзге атар мергеннің қаракетін кейіптеп тұрғандай. Көптеген зерттеушілер Алтын таудағы жартас суреттерін мұнан 6 мың, 8 мың жыл бұрын ойылған жартас суреттері деп мөлшерлеп отыр» деп түйіндейді. Шіркін, Қызылтас дегеніңіз де асыл тастың мағына-мәнін беріп жатқан болуы да мүмкін-ау деп бір қоясыз. Байырғы бәдізшілерді Қызылтас өз қасиеттерімен еліктірмеді дейсіз бе?!
АЛМАТЫ