«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Минигуловқа шабуыл жасалды, деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ол «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Тоғызбай Тәжібековпен арада болған кикілжің барысында пышақтан арқа тұсынан жарақат алған.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Тоғызбай Тәжібеков кикілжің кезінде Амангелді Минигуловтың арқасына пышақ салған және корпорацияның арашаламақ болған маманы Сабыржан Тембаевты кеуде тұсынан жарақаттаған», делінген хабарламада.
Полиция департаментіндегілер атап өткендей, содан кейін ол өзінің кеудесінің сол жақ тұсынан пышақ салған. Соның салдарынан Тоғызбай Тәжібеков оқиға болған жерде қаза тапқан. Төтенше оқиға бас директор Амангелді Минигуловтың қызметтік бөлмесінде болған.
Жапа шеккендердің екеуі де Жезқазғандағы медицина орталығына жеткізілген. Медицина қызметкерлері Амангелді Минигуловқа жасалған отаның сәтті өткенін растады.
Аталған оқиға бойынша тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде.