Ақтөбеде республика өңірлері арасында тұңғыш рет трансформация жобасы қолға алынып отыр. Бұл нендей ұғымды білдіреді? Яғни мұның өзі бұған дейін қолданылып келген басқару тәсілдері мен жолдарына тың өзгерістер енгізу қажеттілігін көрсетеді. Осыған орай алдағы уақытта Ақтөбе аймағында білім беру, медицина экология, жол және тұрғын-үй құрылысы, сондай-ақ инвестиция тарту секілді бүгінгі күннің «қаны сорғалап» тұрған салаларының қызметін ұйымдастыру ісі трансфармацияға, яғни белгілі бір өзгерістерге ұшырамақ.
Бұған бастамашы бола білгендер «CSI» стратегиялық орталығы мен «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы». Әуелі бұл шіркінді бастау қиын дегендей, аталған қос бастамашыл құрылым трансфармация тәсілін енгізу үшін ең алдымен стратегиялық сессия өткізуді ұйғарыпты. Бұл тіркес те тұңғыш рет айтылып отырғандықтан бұған да анықтама бере кеткеннің артықшылығы бола қоймас. «CSI» компаниясының серіктесі Олжас Құдайбергеновтың айтуынша стратегиялық сессия ұғымы бір мақсатқа жұмылған жандардың өзара үндестігі мен сенімі, әрі бір-бірімен тығыз байланысы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» жолындағы бірлескен іс-қимылы. Айталық бүгінде не көп, әкімшілік-басқару ғимараттарында өткізілетін әр түрлі жиындар мен жиналыстар көп. Мұнда күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелер айтылғанымен, өмір мен тұрмыстың көптеген проблемалары және оны шешудің жолдары қағаберістеу қалып қоя беретіні де жасырын емес. Белгілі бір тақырыптық мәселеге арналған жиын үстінде ана проблема айтылмады, мына проблема аяқсыз қалды деудің де қисыны жоқ. Сараптамашылардың мәлімдеуінше жоғарыда айтылғандай өзара сенім мен ауызбіршілік жағдайында, мінбер үстінде емес, керісінше бірер жұтым ауыз су мен шай үстінде проблемалар тізбегі көбірек көрініс береді екен. Міне, стратегиялық сессияның басты бір ерекшелігі осында көрінеді.
Ел өңірлері арасында Ақтөбеде алғаш рет өткізілген стратегиялық сессия кезінде ресми жиналыстарда айтыла бермейтін проблемалар айтылды да, анықталды да. Бұған қосарымыз алғашқы тәжірибе болашақта ортақ мәселелер мен тапсырмаларды бірлесіп шешуге мүмкіндік бере білгендігі. Стратегиялық сессия барысында байқалған оң ахуал мен атмосфера осындай түйін жасауға алғышарт қалайды. Осы орайда республика көлемінде тұңғыш рет өткізілген жылы шырайлы басқосуға қатысушылар – мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпкерлер мен дәрігерлер және ұстаздар мен қоғам белсенділері екенін де айта кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Олардың жалпы саны жүзден асып жығылады.
Осылайша жаңашылдық пен жасампаздықты ту еткендер тоғыз топқа топтасып, өңірдің оңды тұстары ешқайда кетпейді, ешқайда қашпайды деп есептеп, керісінше облыстың осал әрі олқы соғып жүрген тұстарына көбірек ой жүгіртті. Әрі оны қызу талқыға салып, оң тұрғыда шешудің жолдарын табуға тырысты. Айырықша сессияға қатысушылардың арасында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де болып, көтерілген проблемаларға қатысты өз ой-пікірін газет тілшісіне былайша жеткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз, өңірімізде трансформацияны қолдауға әзір, әрі өрелі өзгерістерге ниеттес, тілектес азаматтардың мол екендігі ортақ мақсаттар мен жетістіктерге қол жеткізуге берік негіз қалай алады. Менің ойымша бүгінгі көтерілген мәселелер көктен түсе қалған шетін жәйттер емес. Бәрі де орындауға әбден болатын қарапайым проблемалар. Бәріміздің мақсатымыз – біреу. Бұл облыс тұрғындарының сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету.
Өмір болған соң оның толғағы жеткен мәселелері мен проблемалары болмай тұрмайды. Мәселе соны шешудің баламалы жолдарын іздестіруде емес пе? Бұл ретте әр саланың өз көшбасшысын таба білудің де орны ерекше. Трансформация жобасының басты бір тармағы осы мәселеден бастау алады деді «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» Басқарма төрағасы Ермек Имантаев.
Оның айтуыншы облыста трансформация жобасы аяқталған соң «Ақтөбе НUB» өңірлік орталығы құрылмақ. Оның басты міндеті Ақтөбе облысын бүгінгі заманауи биік талаптарға биімдеу болмақ. Өңір басшысының тапсырмасына орай соған сәйкес талдаулар, маркетингтік зерттеулер мен сараптамалар жүргізу көзделген. Аталған жауапты іс жоғарыда аталған құрылымдарға тапсырылған. Осы арада «Ақтөбе ӘКК»-нің серіктесі «CSI» стратегиялық бастамалар орталығы тәжірибесі бай, кәсіби деңгейі жоғары, білікті мамандары мен сарапшылары мол, елдің тыныс-тіршілігін зерделей білетін ірі ұлттық консалтингтік компания екені белгілі. Олар өңірдің басты ерекшеліктері мен экономикасын терең әрі жан-жақты зерттеуге мүдделілік пен қызығушылық танытып отырғаны өзге әңгіменің сыбағасы.
Міне, осылайша Ақтөбе аймағында өңірді басқарудың жаңаша әрі өміршең тәсілдеріне арқа сүйейтін трансфармация жобасының қадасы қағылды. Бұл бағыт аймақтың ажарлана түсуіне септігін тигізе ала ма бұған уақыттың өзі төреші бола алады демекпіз.
АҚТӨБЕ