• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қаңтар, 2020

Постер-патриоттық жасасын!

768 рет
көрсетілді

Бала кезімізде біздің шап-шағын ауыл­дың әр жерінде «күнкөсем» тұратын. Кон­тор­дың, қазіргіше әкімдік кеңсесінің – ауылдың ең көрікті жерінің алдында Ильич­тің басына телпек киіп, оң қолымен жар­қын болашақты нұсқап тұрған бейнесі болды.

Контордан таяқ тастам жердегі клубтың қақ алдында ақ мәрмәрдан соғылған кеуде мүсіні тағы бар. Ауылдағы орта мектептің маңдайшасында «Оқы, оқы және оқы» деп жазылып тұрғанын айтпасақ та біліп отырсыздар. Біздің ғана емес, барлық ауылдарда кемінде бір Ленин менмұндалап тұратын.

«Күнкөсем» келмеске кетті. Алдымен суреттері жоғалды, ұрандары өшті, кейін ескерткіштері құлатылды. Алайда, кеңестік кезеңнен қалған ұраншылдық, постер-патриоттық қазір ерекше қарқын алғандай. Көшені айтпағанда, әлеуметтік желіде әлде­кім­дердің қасқайған суретін іліп, қасына «қа­натты сөзін» жазып қою сәнге айналды. Бұрын жалғыз Лениннің, не болмаса бірінші хат­шылардың бейнесі жарнамаланса, қазір облыс, қала әкімдері постердің персонажы болып шыға келді. Жоғары лауазымды тұлғалар жұмысты жапырып істеп, соған сай жарнамасы да жер жарып жатса, қуанар едік. Жоқ, жұмыс кейінгі кезекте қалып, пиардың аты озып кеткен жайы бар. Себебі әкімдердің де, басқалардың да рейтингі әлеуметтік желіде, БАҚ-тарда қанша рет есімі аталғанына қарап жасалады. Яғни, постерде патриоттың, іскер азаматтың образын жасап алудың маңызы зор.

«Қиярды да пиармен жейтін» заманда әркімнің атқарған жұмысын, аттап басқан қадамын жарнамалауы қалыпты құбылыс, әрине. Шындығында паблик рилейшнз, яғни PR технологиялар терең зерттеліп, тиімді қолданылса, қандай да бір адамға немесе мемекеге, біздің жағдайда мемлекеттік органдарға абырой әкеліп, тасын өрге домалататыны талай дәлелденген. PR-ды өнер деңгейіне жеткізген мамандар жоғары баға­ла­нады, пиар технологияның үздік үлгілері топ­тас­тырылған кітаптар қолдан қолға тимейді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда атқарылған жұмыстан бұрын жалаң жарнама жасау, онда да бәленшенің постерін тарату, патриоттық образын қалыптастыру белең алып кетті. Сәйкесінше PR туралы айтылғанда жұрттың есіне «арзан пиаршылар» түсетін болды.

Айталық, қандай да бір қалада қар күрел­мей, халық омбылап, көліктер кептеліп қалса, ол проблеманы шешудің ең оңай жолы – әкімнің суретін жариялау. Әкім қар кү­рейтін техниканың немесе коммуналдық қыз­меткерлердің қасына барып фотоға түседі. Сосын суреттің жанына қалаға қанша қар жауғаны, қаншасы шығарылғаны туралы аз-кем дерек жазылады, сонымен тәмам. Құдай бетін аулақ қылсын деп айтайық, бірақ дәл осы тәсіл бір жерді су алса да, өрт шалса кәдеге жарай береді. Басқа лауазымға ауысқан әкімнің артында салынбаған жолдар, бұзылған көпірлер, жабылған зауыттар, аяқталмаған құрылыстар, тартылмаған су құ­быр­лары, тозған ауылдар қалғаны проблема емес. Бастысы, постердегі жарқын образы қалу­ы керек.

Сенбілікке шыққан әкімдердің немесе минис­трлердің артынан бірнеше нөкері бірге шапқылап жүргені де қалыпты құ­бы­лыс. Фотограф пен мәтін теруші һәм SMM-маманнан жасақталған үштік әкім­нің әлеуметтік желідегі жағымды образын жасаумен айналысады. Бұрын мектеп оқулықтарында Лениннің сенбіліктегі сурет­те­рі кездесуші еді. Біздің шенеуніктердің сен­білікте түскен фотоларына қарап отырып Ле­ниннің идеясы өлмейді деген рас па деп қа­ласыз.

Постер-патриоттығымыз кейде күлкілі, кейде өкінішті оқиғаларға соқтырып жататыны бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын даңқты жер­лесіміз Денис Тен қарақшылардың қолы­нан қаза тапты. Көп ұзамай Денис тұрған үйде естелік тақта ашылды. Салтанатты шара үшін әрине Денистің суреті бар баннер жасалды. Баннерге «Рухани жаңғыру» деген жазу жазылып, түрлі-түсті қыранның бейнесі салынды. Осы айналдырған 5-6 сөз бен 2-3 суреті бар баннерді жасаған компания 2 бірдей өрескел қате жіберіпті. Біріншіден, негізгі жазу тек орыс тілінде жазылып, қазақ тілі кө­лең­ке­де қалды. Екіншіден, орысшасының өзін оңдырмай, «Олимпийских игр» деген тіркесте қате жіберіпті. Әрине Алматы әкімдігінің бас­шылары қатысқан шарада бұл назардан тыс қалмайтыны түсінікті. Артынша баннер жасаған компания халықтан кешірім сұрады, бірақ тек екінші қате үшін.

Қарап отырсақ, дамыған елдерде саясат­кер­дің сөзі мен ісі үйлеспесе, оның саясаттағы ғұ­мыры да онша ұзаққа созылмауы әбден мүмкін. Ал Қазақстанда керісінше пиары келіскен, постердегі образы сәтті шыққандардың қызметі де өрлеп кетуі қалыпты құбылыс. Олай болса, постер-патриоттық жасасын деп ұрандаған жөн сияқты. Жұмыс сосын жасала жатар...