Сенатта парламенттік тыңдауларға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтуде. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева бүгін Сауда және интеграция министрлігінің, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы», «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы», «QаzTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы», «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамдарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» серіктестігінің өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрінің орынбасары Азамат Асқарұлы өз сөзінде өткен жылдың 11 айында еліміздің тауар экспорты 4,7%-ға төмендеп, ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 7,1% - ға өскенін, сонымен қатар өңделген тауарлардың экспорты 4,1%-ға төмендегенін атап өтті. Ол сондай-ақ экспорт көрсеткіштерінің төмендеуі азық-түлік тауарларына әлемдік экспорт бағасының төмендеуіне байланысты екенін айтты. «Импортты алмастыру мәселесі басты мәселе болып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тамақ және жиһаз өнеркәсібі сияқты бірінші кезекте қажет болатын тауарлармен қамтамасыз ету үшін импортты алмастыруға қаржы бөлінді» деп атап өтті министрдің орынбасары.
Сенат Төрағасы өз кезегінде фермер одақтары мұндай статистикамен келіспейтінін атап өтті. «Біздің өнімдеріміздің өз сөремізге жетуі өте қиын. Ірі сауда орталықтары өнім өндірушілерді пайдасыз жағдайға душар етеді. Делдалдар 200-300% үстеме баға жасап отыр. Отандық нарыққа өнім шығару тиімсіз болуға айналды. Сауда үстемесін, әсіресе, бөлшек сауда бағасын реттеу саясаты болуы тиіс. Ең болмағанда, өзіміз ең төменгі күнкөріс деңгейі деп есептейтін бірінші кезекте қажет болатын тауарларға қатысты болуы керек» деді Д.Назарбаева.
Дариға Назарбаева азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбын жалғастыра отырып, тамақ өнімдері бағасының өсуіне назар аударды. «Халық бірінші кезекте қажет болатын азық-түліктердің, картоп, қарақұмық бағасының өсуіне алаңдап отыр. Қаншама жұмыстар атқарылды, субсидия берілді, қаржы салынды, түрлі бағдарламалар мен жол карталары бар, әйтсе де жағдай жақсармай келеді. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бағаның өсуі жойып отыр» деді Сенат Төрағасы.
Сенат Төрағасының айтуынша, экспорт саясатын реттеуде тәжірибеден өткен бірқатар тетіктері бар. Мәселен, импорттаушы елдерге қатысты дәлме-дәл қарсы шара қолдануға және әкелінетін өнімнің сапасын бақылау шараларын күшейтуге болады. Бұл ретте, екінші жағынан экспортты дамыту және арзандату үшін агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің логистикасын оңайлату, оған жеке компаниялардың қарқынды қосылу мүмкіндігі жөнінде бағдарлама әзірлеу керек.
Сенатор Әли Бектаев статистикалық деректердегі өнімнің әр түрлі атаулары мен түрлі мемлекеттік органдарда бөлекше алынған тармақтарды түсіну мәселесін көтерді. «Өз кезегінде мұндай мәліметтер мемлекеттік органдарды жаңылыстыруға алып келеді», деп атап өтті сенатор және бұл жүйені тәртіпке келтіруге шақырды.
Шара барысында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Қарауылов баяндама жасады. Ол астық қабылдау мекемелеріндегі астықтың сан мен сапалық тұрғыда сақталу проблемасына тоқтала келіп, олардың иелеріне қатысты ұрлық-қарлық пен мемлекеттік бақылаудың жоқтығын айтты. Қ.Қарауылов мәселені шешу ретінде астық қабылдау және астық қабылдау мекемелеріндегі астықты тиеп жөнелтуді есепке алу процестерін автоматтандыруда электрондық астық қолхаттарын дамытуды; Проблемалық кредиттер қорында кепілде тұрған астық қабылдау кәсіпорындарын Азық-түлік корпорациясына беруді; астықтың нарыққа қатысушыларда болуы мен сапасын және оның есебіне сәйкестігін мезгіл-мезгіл тексеруді ұсынды.
Шараға қатысушылар ауыл шаруашылығының өндірісі тақырыбын жалғастыра отырып, шаруашылық жүргізетін субъектілер үшін несие ресурстарының қолжетімсіздігі туралы айтып берді. Сала өкілдерінің бағалауы бойынша екінші деңгейдегі банктер ауыл шаруашылығы секторын өтімділігі төмен әрі кепіл базасының жоқтығымен сипатталатын тәуекелі жоғары санатқа жатқызады, бұл берілетін кепілдіктердің мөлшерін азайтады.
«Атамекен» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, өнімді экспорттау кезінде қосымша құн салығын қайтару – кәсіпкерлердің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. «Қазақстанның ұн өндірушілері салық органдарында үнемі қосымша құн салығын қайтару проблемасына тап болады. Осыған байланысты экспорттаушылардың жеңілдетілген тетіктермен экспорттау кезіндегі қосымша құн салығын қайтару рәсімін қайта қарау қажеттігі туындайды» деді Э.Жұмағазиев.
Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басшысы сондай-ақ астық пен ұнды басқа елдер арқылы транзиттеу кезіндегі жоғары тарифтерді атап өтті. Э.Жұмағазиев қазақстандық астық пен ұнды экспорттаушылардың темір жол көлігімен тасымалдау кезінде транзиттік елдерде қолайлы тарифтік жағдайлар қамтамасыз етілсе жағдай жақсарар еді, деп санайды.
Дариға Назарбаева кездесу соңында шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі негізгі институттар функцияларының қайталануына қатысушылардың назарын аударды. «Осы ұйымдар қызметінің тиімділігін бағалауға кім талдау жасайды? Экспортқа мүдделі адамдар үшін бүгінгі күні неге «бірыңғай терезе» жасалмайды? Өз ұнымен немесе картобымен келгенде «бір терезе» арқылы тиісті барлық қажет ақпаратты, консультациялық қолдау мен субсидияларды алуға және жұмыс істеуге кетуге болмас па еді» деді Д.Назарбаева.
Шараның қорытындысы бойынша Парламент жоғарғы палатасының басшысы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған проблемалық мәселелерді зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.