Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Тәжікстан, Қырғыз еліндегі өкілі, Алматыдағы ЮНЕСКО бюросының директоры Криста Пиккатты қабылдады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында екі тарап мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастық жайын сөз етті. Ақтоты Райымқұлова биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында өткізілетін іс-шаралармен таныстырды.
«Биыл Қазақстан мәдениеті, руханияты үшін ерекше жыл болғалы тұр. Кеше ғана қазақ әдебиетінің темірқазығы Абай Құнанбайұлы мерейтойының ресми ашылу салтанаты өтті. Жалпы бұл бағытта 500-ден астам іс-шара өтеді, деп жоспарланған. Сонымен қоса, шет мемлекеттердегі Елшіліктер жанынан Абай орталығын ашу бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ, осы жылы «екінші ұстаз» атанған ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 және Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтетін боламыз. Алдағы уақытта біз БҰҰ штаб-пәтерінде ұлы ақынның мерейтойына арналған іс-шара ұйымдастыру, халықаралық бірнеше жобаларымыз бар» деді министр.
Ал Криста Пикат ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ресми ашылу салатанатында болғанын атап өтіп, мәдениет, аударма және туризм саласындағы ұсыныстарын жеткізді.