Елорда әкімі Алтай Көлгінов ауа райының күрт нашарлауына байланысты Полиция Департаментінің өкілдері, Төтенше Жағдайлар Департаменті басшылығы, аудан әкімдері, коммуналдық қызметтер мен құрылыс компанияларының және пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерімен кеңес өткізді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Полиция Департаменті, Төтенше Жағдайлар Департаменті мен коммуналдық қызметкерлерге күшейтілген жұмыс режиміне көшуді тапсырдым. Яғни жұмыс тәулік бойы атқарылатын болады. 101,102,103 шұғыл қоңыраулар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қоңыраулардың көбі Ikomek109 қызметіне келіп түсуде. Әрбір өтініш назарға алынып, жұмыс жасалып жатыр, - делінген жазбада.Қала әкімінің айтуынша, алдымен медициналық орталықтарға, мектептерге, балабақшаларға, әлеуметтік нысандарға апарар жолдар мен көлік жолдары, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы тазартылады. Содан соң, кварталіші аумақтары тазартылатын болады.- Аудан әкімдеріне өз аумақтарын аралап, қарды тазалау және шығару бойынша жұмысты қолға алу тапсырылды. Сондай-ақ пәтер иелері кооперативтері мен мердігерлік ұйымдардың жұмысын қолға алу тапсырылды. Қалада барлығы 6 полигон бар. Оның екеуі қарға толы. Қаланы қардан уақытылы тазалау үшін қосымша арнайы техниканы жұмысқа тартамыз. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі. Барлық жұмыс сіздер үшін атқарылып жатыр, - деп жазды Алтай Көлгінов.